«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Білім сапасын бақылау маңызды

Білім сапасын бақылау маңызды
Ашық дереккөз
Бүгінде республика бойынша жекеменшік мектеп көп. Бәрі де түрлі деңгейде жұмыс істеп тұр. Дерек бойынша елімізде 725, ал Жамбыл облысында 55 жекеменшік мектеп бар. Соның ішінде Таразда 23 мектеп жұмыс істейді. Енді осы жеке мектептердің білімі мен оқу ақысы, қолжетімділігі қандай? Бұл өзі бизнес көзі ме әлде білім негізі ме деген де сауалдар бар.

Қаламыздағы бірқатар мектептерді аралап көрдік. Әрине, ел бойынша жекеменшік мектептердің оқу ақысы шоғырланған жеріне байланысты. Біздің аймақта бастауыш сыныптардың оқу ақысы 35 мыңнан басталып, жоғары сыныптардікі 100 мыңнан асып жығылады. Ал, басқа өңірлерде 50 мыңнан әрмен қарай миллионға дейін бағалары кете береді. Ең қымбаты Астана мен Алматы қалалары екен. Ақылы білім ошағы аталған екі шаһарда көп. Және ірі мегаполистерде барлық пәнді тек ағылшын тілінде үйрететін мектептер бар. Аллаға шүкір, зейінді балаларға арналған кейбір ақылы мектептердің оқушылары жыл сайын гранттар алып, жетістікке жетіп келеді. Ондай мектептер Таразда да бар. Бірақ көңіл көншітпейтін, аты бар, заты жоқ, білімі төмен жеке мектептер тіптен көп.

Жекеменшік мектеп ашу дәл қазіргі күні сәнде, яғни трендте десек те болады. Бұл жаппай белең алуда. Жалпы, мұндай мектептердің болуы бюджетке артылған жүктемені азайтады. Мемлекеттік мектептердегі орын т апшылығын төмендетеді. Ал, кәсіпкер үшін бұл табысты бизнес. Жеке мектептердің көптігі сонша тіпті санынан, сапасынан шатасасыз. Білім саласына қарап олардың кейбірінің ойлағаны оңай олжа екенін байқауға болады.

Таразда ата-аналар мақтайтын жекеменшік мектептің тізімінде «Призма» бастауыш лицейі тұр. Д.Жұбанышев көшесінде орналасқан бұл мектеп тек бастауыш сыныптарға арналған. Ата-ана Гүлбайра Датқабекқызының ұлы осы мектепте екініші сыныпта оқиды. Оқу ақысына 50 мың теңге төлейді екен.

«Маған ұнайтын себебі – әр балаға жеке көңіл бөлінеді. Сыныпта 16-17 оқушы болады. Директор мен мұғалімдер мектептегі бүкіл оқушының аты мен қай сыныптан екенін, ата-анасы кім екенін біледі. Бұл мектепте педагогикалық консилюм болады. Жыл соңында жақсы оқитын оқушыға грант тағайындалады. Робототехника мен ағылшын тіліне баса мән берілген. Сабақ таңғы 08:30 дан 15:00 ге дейін жүреді. Әрмен қарай бала қалаған үйірмесіне қатысады. Өзім кешкі сағат 18:00-де алып қайтамын. Маған да қолайлы. Арнайы оқушыларды таситын көлігі бар. Мерекелік іс-шаралар мен тәрбие жұмысы осы мектепте тамаша өткізіледі», – дейді Гүлбайра Телбаева. Біз мектептің құрылтайшысы Қуат Мәсірбекпен де сөйлестік.

– Жекеменшік мектеп бизнестің көзі емес пе дейсіз бе? Бұл тұрғыда әркім әртүрлі пікір айтуы мүмкін. Меніңше, бұл ең қайырлы, зияны жоқ, қайта қоғамға пайда әкелетін бизнестің түрі. Мәселен, жеке мектепте оқып жатқан әр баланың болашағы бізге жүктеліп берілді. Ендеше, сол балалардың әрқайсысы өмірден өз жолын тауып, жақсы бір маман иесі болып, еліміздің көркейіп, жандануына үлесін қосып жатса, біздің өз миссиямызды орындағанымыз деп есептеймін. Өзгелер үшін жауап бере алмаймын. Дегенмен, өз мектебімде ең мықты ұстаздар жұмыс істейді. Балаларға үш мезгіл құнарлы ас беріледі. Әр балаға төлейтін оқу төлемақысы ай сайын 60 мың теңге. Орташа математикалық есеппен алып қарасаңыз, әр баладан түсетін ай сайынғы төлемақы мұғалімнің еңбекақысын төлеуден аспайды. Мемлекетке төлейтін салығымыз бар. Мекемені жалға алып отырғандықтан, оны да төлейміз. Сондықтан мемлекеттен «Жан басына шаққандағы қаржыландыру» бойынша ақша беріледі. Бұл ашық бағдарлама. Ай сайын Оқу-ағарту министрлігіне балаға білім бергеніміз туралы жұмыс актісін өткіземіз, соған сай мемлекеттен бала басына қаржы бөлінеді. Мектеп ашу ісі оңай емес, қолынан келсе елдің бәрі ашпай ма? – дейді құрылтайшы.

Өкінішке қарай, Оқу-ағарту министрімен өткізілген бір жиында балалардың аты-жөнін өтірік тіркеп, жеке мектеп аштық деп мемлекеттен ақша алып отырғандар анықталыпты. Осындайлар біраз жеке мектептің атына кір келтірді. Әйтпесе, шындығында кәсіп ашып, оны жүргізу оңай шаруа емес.

Ел мақтаған жекеленген мектептердің бірі – «А status». Бұл мектептің құрылтайшысы – Сәуле Рысбаева. 2016 жылы ашылған балабақша әрі мектеп гимназия кешені сегіз жылдан бері үлкен нәтижеге жеткен. Бастысы – бұл оқу орнында экологияға баса назар аударылады. Мұнда 1-сынып пен 6-сынып аралығындағы оқушылар оқиды. Басымдық ағылшын және математика пәніне беріледі.

– Негізі өзіміз қарапайым мектепте ғана оқыдық қой. Ауыл мектебінен де талай мықтылар шыққан. Өздеріңізге белгілі Жақсылық Үшкемпіров те, Елдос Сметов те жай мектепте оқыған. Былай қарап тұрсаңыз мемлекеттік мектепке ештеңе жетпейді. Тек оқушы саны көп демесеңіз. Ең жақсы мектеп – жақын мектеп. Жеке мектептерге жиырма жылдың жүзі болды, сұраныс көп. Демографиямыз жақсаруда. Оның үстіне ата-аналар балаларының білімі жоғары болуын, шетелдік гранттарды алуды көздейді. Оның үстіне жаңа заманда баланың қауіпсіздігі бірінші орында. Бізде оқушылар сабақтан соң түрлі үйірмелермен қамтылып, үйге үй тапсырмасын апармайды. Ата-ана баласын кешкісін бір-ақ алып кетеді. Көпшілік ата- аналар жұмыста. Қолдары қалт еткенде уақытты өздеріне арнағысы келеді. Кешкі уақытта үй тапсырмасын орындап отырғысы келмейді. Заманның талабына орай, біз де жекеленген мектеп ашып, тәп-тәуір жұмыс істеп келеміз, – дейді Сәуле Мақшанқызы.

Таразда 2024 жылдың қараша айында 250 оқушы жекеменшік мектепте оқимын деп оқу жылының ортасында далада қалған болатын. Себебі, оларды лицензиясы жоқ «140 Innoverse School Taraz» жекеменшік мектебі жыл басынан бері оқытып келген. Сөйтіп жеке мектеп оқушылар мен ата-аналарға ескертпестен жабылды. Алдын ала үш айдың оқу ақысын алып алғандығы тағы бар. Бірде бір оқушының арнайы базада жоқтығы үлкен дау тудырған еді. Айта берсек мұндай мысалдар жетіп артылады.

Бірақ, соған қарамастан өңірімізде басыбайлы жекеменшік мектептер көптеп ашылуда. 2025 жылдың 1 сәуірінен бастап Қ.Тұрысов көшесінің бойынан қаламызда «Jas Tamir elit school» оқушыларға есігін айқара ашпақ. Сәулеті жарасқан мектеп кіріп барғаннан-ақ жайнап тұр. 1-11 сыныптағы 850 балаға арналған білім ошағында бассейн, спортзал, коворкинг орталығымен жабдықталған. 25 түрлі үйірмесі бар. Құрылтайшысы – Анар Шыныбекова. Біз мектептің директоры Әлішер Әзімбаймен сөйлестік.

– Мектептің ерекшелігі – математика мен ағылшын тілін жетілдіре әрі сингапурлық әдіспен оқытады. Әзірге 300 бала мектепке тіркелді. Шәкірттер мен ұстаздарды жинаудамыз. Оқу ақысы бірінші және төртінші сыныптарға 57 мың, 5-11-сыныптарға 60 мың теңге. Сабақ таңертеңгі 08:30-дан бастап кешкі 17:00-ге дейін болады. Яғни, түскі уақыттан бастап балалар қосымша сабақтар оқып, үйірмелермен қамтылады. Мектеп тек бір ауысымда ғана оқиды, – деді ол.

Мектеп жекеменшік болғанымен, бала жекеменшік болмайды. Осыны естен шығармаған жөн. Қалада аты дардай болғанымен білім нәтижесін жақсы көрсете алмайтын жекеленген мектептер бар. Тіпті, оларды білім басқармасының тексеруге кейде құзыры жүрмейді. Себебі, олар жекеменшік мектеп. Алайда, олар мемлекеттен қаржы алып отыр емес пе? Ата-ана Ақмарал Үмбетова екі жыл бұрын ұлын №24 мектеп-гимназиясынан алып, үйінің қасынан жекеленген «Арай Элит» мектебі ашылғандықтан сонда берген. Кейін оқушыны ауыстырғанына өкінген.

– Шыны керек, басында өте сәулетті ғимарат боп ашылды. Ішінде білім таяз деп ойламадық. Жақсы оқитын ұлым білгенін ұмытып қалды. Қайта алсын деп мемлекеттік мектепке бардым. Бірақ, бала саны толық болғандықтан менің баламды алмады. Өзімнің кінәм, жарқыраған сыртына қарап, білімі де сондай екен деп ойладым. Жарнамасына сендім. Шыны керек, мұғалімдері де жиі ауысады. Тіпті дипломы жоқ адамдарды да мұғалім қылып алғандарын естідік. Сосын зейнетке әлдеқашан шығып кеткен ұстаздар да толып жүр. Оқу, білім, сабақ дегеннен мән кетті. Мен түсінем, мұны да бір кәсіпкер ақшадан ақша құрау үшін ашып отыр ғой. Дегенмен, баланың болашағына салғырт қарауға болмайды ғой. Өтірік айтпаймын, тамағы керемет. Ол жағына бес деген баға беремін. Бірақ, білім сапасы төмен. Ай сайын мұғалім ауысады. Бір мұғалім екі ауысымда да сабақ береді. Баламның білімі таязданғанға шағымданбасқа амалым болмады, – дейді.

Шындығында, қаламызда аты бар, заты жоқ жекелеген мектептер көп. Қайсыбірін айтайық. Тексерудің мәнісі туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Әбілдақызымен сөйлестік. Жай-жапсарын сұрадық.

– Рас, «бес саусақ бірдей емес». Ішінде озық үлгілі мектептер де бар. Арасында ілініп- салынып жүрген оқу орындары да бар. Шынын айтқанда, қалалық білім бөлімінің де, облыстық білім басқармасының да жеке мектептерді тексеруге құқы жоқ. Себебі, ол аты айтып тұрғандай жеке тұлғаның мектебі. Кәсіпкерлік тұрғыдан да оларға бостандық берілген. Жылына бір рет қана Оқу-ағарту министрлігіне олар білім алушылардың білім жетістіктеріне мониторинг тапсырады. Оның өзінде барлығы емес, – деп жауап берді.

Жеке мектептердің кейбірінде оқушылар мектеп формасын да кимейді екен. Бір қызығы, қай жылдың оқу кітабымен оқиды, оны да өздері шешеді екен. Бір сөзбен айтқанда еркіндік бар.

Бір ғана Қордай ауданының өзінде балабақшасы мен мектебі аралас 21 жекеменшік білім беру мекемесі бар екен. Жамбыл ауданында төртеу. Меркі мен Шуда үшеу. Қалған 23 мектеп Тараз қаласында орналасқан. Балалардың бойына тек сапалы білім нәрін құйса, әрине қуанамыз. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла» деген қағидасын естен шығармаса қанеки?! Сосын олардың мектеп олимпиадаларына қанша оқушы қосып отырғандарын, түрлі байқауларда топ жарып жатқандығын кім тексереді екен?

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар