
МҰҚАҒАЛИ ҒАСЫРЫ
Ақындық дейтін ақсүйек өнерді Құдайдан ғана дариды деп ұғынған жанның таным түкпірінде сан сауалдың шоғырланатыны түсінікті. Мұқағали жырларында да «Ақынмын ба, жоқпын ба?» сауалды сарын байқалғанымен, ол сол кезеңде поэзия ұғымына аса дәлдікпен анықтама берген ақын ретінде дәуірлер жадында сақталды. Тиісінше, ол тек әдеби ортаға ғана түсінікті ойлар мен ұғымдар формасына еніп кетпей, қарапайым халыққа Өлең мен Өмірдің біртұтас болмысқа ие пішін екендігін анық сезіндірді. Сондықтан болар, ақын жырларын осынау технократтық дәуірде де бесіктегі баладан, еңкейген қарияға дейін жатқа біледі.
Қазақ поэзиясының жылдан жылға дамып, өсу барысында қоғамдағы болып жатқан әлеуметтік оқиғалардың барлығы да өз әсерін тигізіп отырды. Әсіресе, балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген, сұрапыл жылдардың сарқыншағын татып көрген бір топ қаламгерлер шоғыры өткен ғасырдың екінші жартысындағы модернистік әдебиеттің жарқын өкілдеріне айналды. Бұл үдеріс Мұқағали поэзиясында да айқын көрініс тапты. Оның «Өмірдастан» поэмасындағы Дариға тағдыры бала бейнеден нағыз ақынды қалыптастыруға себеп болды. Бұл туралы ақынның өзі аталған шығарма соңында:
«Муза деп атап, ақындар ғибрат қылатын,
Сол екен менің періште жырым, мұратым.
Дүниенің мынау қабағын бағып тұратын,
Дариға-жүрек, өмірге берді бір ақын…», – дейді.
Таза махаббаты мен нәзік сезімі әнге қосылып әуелей жөнелгенде Аспантаудың төңірегінде тыныштық орнататын Дариғаның тақсыретке ұласқан тағдыры кейіннен көпке танымал «Қайран жеңгем» шығармасының жазылуына себепкер болған еді.
Мұқағали өзге де поэмалары арқылы заман шындығын дәл суреттеп, көз алдыңа өткен ғасырдың суретін айнытпай алып келеді. Әсіресе, ақынды қара өлеңнің құдіретін сезінген нағыз лирик ретінде танытқан «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы еді.
«Таста тұнған жаңбырдың тамшысындай,
Қалай біткен мына көл тау басына?!
Жалғыздықтан жамандық бар ма, сірә», – деп бастау алатын лиро-эпикалық шығармада адам бойындағы рухани кейіптің табиғатпен шендестірілуі арқылы автор талғамының мұзарт биікте екендігін бірден танытады.
Ақиықтың лирикаға толы жырлары халық арасында кең танылуына оның өзіне дейінгі ақындар циклін бұзбай сақтап, дамыта білуінде десек, қателеспейміз. Өзі айтқандай, ол «Абайдың тіл күшінен қуат алып, Абай үлгісімен жыр жазды». Абай болып қуанып, Абай болып түңілді. Осылайша, жыр- өлеңнің тілге жеңіл, жүрекке жылы тиюіне баса мән берді. Бұл кейіннен мұзбалақ ақын жырларының қалың оқырман арасында кең танылып, ұлт ақынына айналып, талай әнге арқау болуына себепкер де болды.
«Барлық ақын баласы бір ананың» деп ақынның өзі жырлағандай, әдетте әдебиет әлемінде тағдырлар жиі қайталанады. Сондықтан болар, өнер өлкесінде таланттар таланттарды тез таниды. Бұл жағынан Мұқағали Абайдан кейін Мағжан мен Қасым жырларын жанына жақын тұтты. Мағжанды ақын жыр пайғамбарына баласа, Қасымды қара өлеңнің жанартауы деп атады. Ақындық дейтін әралуан түсінікке сыятын көпжақты құбылыс болғанымен, түптің түбінде әр кезең поэзиясына тән бір ортақ құндылықтар бар. Ол сөз иесінің ар-ұждан тазалығы мен жырға адалдығы. Әдетте қым-қиғаш өмір қиылыстары мен дәуірдің ию да қию бозамық тартқан сәттерінде осы құнды қасиетті сақтап қалу аса қиынға соғады. Ал, қанға біткен қасиетті қиын шақта да қаламға берген сертпен қабыстыра берген жан дәл осы алмағайып уақытта қайталанбас туындылар тудырады. Мұқағали мен Фариза арасындағы рухани байланыстың да орнауына осындай жансусарлық сезім, тазалық пен адалдыққа табынушылық әсер еткен еді. Оның «Фаризаға» өлеңінің қай тармағы болсын бүгінгі өлеңсүйер қауымның жадында жаңғырып тұр.
Мұқағали шығармаларының қайнар көзі де халықтың тұрмыс-тіршілігі, өмірнамасы еді. Ол халық қазынасынан қуат алып, «Қазақтың күпі киген қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» деп бар дауысымен мойындап, мақтан тұтты да. Шығармаларында өз үнін, жүрек тебіренісін жан-жақты қозғап, өзіндік қолтаңбасын ғасырға аманаттаған ақын мұрасы қашанда зау биікте, өз алдына бөлек мұзарт болып тұрары анық.
Жырсүйер адамның жүрегіне ұя салған, жырдың дәнін сеуіп, оны мәпелеген ақында арман бар ма? Міне, періште көңіл, жаны таза, адал да дархан жүректі жанның тұла бойы тұнып тұрған өлең демеске амалың жоқ. Ұлы жаратушым Мұқағали ағаны жыр-бесікте тербетіп, әлдилеп, үлкен өмірге жырдан тұмар тағып, белін буып, «ақ жол» тілеп, ақ батамен аттандырып шығарып салған секілді. Солай болғаны-ау шамасы. Өйткені, ақ батамен ағарып, жыр жолында шаршамай-шалдықпай, шапқан сайын өрге қарай заулап, қырандай самғап, өлең деген өлкенің өр тұлғасына айналып, шыңдағы шынардай шоқтығы биіктеп кеткен ерекше дарын иесін исі қазақ баласы танып білді. Біліп қана қойған жоқ, жыр жампозын ақын ғана емес, елінің еңіреп туған ері, елі мен жерінің бас иесі, қорғаны мен қалқаны, найзағайдай жарқылдап өткен алдаспаны ретінде қабыл алды.
Тұлпар ақынның туған күнін туған елі еш ұмытқан емес. Ал, көзі тірісінде тойлай алдық па? Алайда, туған күнін тойлау бақыты бұйырмады. «Сен майдасың ба, ірісің бе? Адамды қадірлеңдер тірісінде», деген еді Қадыр Мырза Әли.
Ақын айтуға хақысы бар еді. Қазағына қасқайып сөйлеп, тіл қатуға толық жөні бар болатын. Бұл дүниеде не істеп, не қойғанын, не жазғанын толық білді. Көп ақындар секілді кітап шығарып, елге көрінейін деген жоқ. Алла берген дарынын құр босқа шығындамай, ел мен жерінің тағдырын ойлап, ұлтының асқақ мұраттарын көксеумен күн кешті. Жүректі елжіретер, көңілді толқытар жауһар жырларын сәбидей іңгәләтіп, жарық дүниеге әкелді. Саф алтындай жарқыраған жыр-перзентіне елең еткен жан табылмады.
Мұқағали – мұңды ақын. Оның мұңы – табиғи мұң, тағдырдың өзі басына салған мұң. Себебі ол көп кедергіге кезікті, ауыртпалықты бастан өткерді. Партия қатарынан шығарылды, жұртқа жеткен жұмыс оған жетпеді. Қызыл империяның заманында таяқ жемеуі, отқа түспеуі, аяққа тұзақ салмауы мүмкін емес еді. Өйткені ол – ұлт ақыны болатын. Ұлты үшін от пен суға түсуге даяр мінезді қайсар қаламгер еді.
«Жанарында мұң тұнып тұрған жанды жақсы көремін. Танымасам да жақын тартамын және іштей сенемін. Мұңы бар адам – шын адам, жақсы адам», деген сөзді Мұқағалидың қаламдас інісі Нарша Қашағанұлы айтқан болатын. Наршаның өзі де сол мұңнан алыс емес еді. Демек, ол да шын адам, жақсы адам. Мұқағалидың «Бөліп-жарған қайсыбір қуаныштан, ойландырған оңаша мұңым артық», деген өлең жолдары еске түседі.
Ақын жалғыздық құрсауына іліккенде сыр бөлісер, мұң бөлісер адам іздейді. Кісілігін жоғалтпаған жаннан шипа сұрап шарқ ұрады. Бірақ, ол адамы табылмады. Пендешілікке берілгендерден не үміт күтесің, олардан қайыр болу мүмкін бе? Адамдардан мейірім, ықылас күткен ақын мұңға батып, ойға беріледі.
Мұң басқанда,
Не жетсін сырды ашқанға,
Келейінші бір барып сырлас жанға.
Көзім алды – көк тұман, жанарда – жас,
Көлеңкелеп көңілді кір басқан ба?
Келейінші бір барып сырлас жанға...
Абай атамыз: «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда», деп жырлады. Мағжан Жұмабаев: «Бұл өмір абақты ғой саналыға», деп толғанды. Ойсыз, қамсыз, уайымсыз адамға күнде қызық, күнде той. Ойлы адамның бақытты күндері болмайтын шығар. Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, келеңсіздікпен жалғыз айқасатын ақынның өмірі абақты емей немене? Сұрағы көп дүниеге тап болған ақынның шырылдаудан басқа амалы жоқ. Сансыз сұрақтар күндіз-түні маза бермейді. Еңсесін басқан ойдан арылудың амалын іздеп, қаламға жармасады.
Ақын болып несіне жаратылдым,
Арасында қап қоймай қара түннің.
Қасиетін сезем деп ана тілдің,
Қауырсыны қалмады қанатымның.
Қу тірлікке құл болып, аяң басып,
Құлашымды жая алмай баратырмын.
Бұл дүниеге ақ жанын айқара төсеп, ақтарыла сөйлеген адал ақын болғандығына шүбә жоқ. Қызыл сөзге құмар болып, өлең жазған жоқ. Не жазса да көңіл тұңғиығында жатқан жан сырын жарқыратып жая білген ерекшелігін айтқан абзал. «Әрбір жыры ақынның – соңғы жыры, соңғы жырды жазуға жүрек керек» дегеннің өзінде де жыр табиғатына асқан тазалық пен жоғары жауапкершіліктің нышандарын аңғару қиын емес.
Айтыңдар,
Қайсысың бар ардақтаған?!
Таразыға тең қойып салмақтаған.
Басылған маңдайыма қарғыс таңба,
Қарауға жан батпаған.
Жапалақ емеспін мен жалбақтаған,
Қыранмын, екі көзі қан қаптаған!!!
Осылай айтпаса Мұқағали Мұқағали бола ма? Тек арыстан жүректі арқалы ақынның ғана қаламынан осындай шабытты жырлар туса керек. Өзін екі көзі қанталаған қыранға теңеп, өз бағасын өзі беріп тұрған ақынды өз заманының жампоз ақыны демеске амалың жоқ. Әр сөзімен дауыл тұрғызатын дауылпаз ақын десек те жарасады.
Ақиқат өлген жерде ақын да өледі. Ақын мен ақиқаттың жаны бір. Ақын –Тәңірдің құлы. Ақынға керегі сый емес. Оған Тәңірге деген, адамға деген сенім керек. Сенім жоғалған жерде ақынның күні қараң, болашағы бұлыңғыр күй кешері белгілі.
Барлық ақын баласы бір ананың,
Ақын келсе өмірге қуанамын.
Тәңір деген жоқ қой, жоқ!
Бар болса егер,
Ақындарға тиме деп сұранамын.
Мұқағали сөз өнері туралы былай толғаныпты. Соған құлақ түрейік. «Ол – ақын. Өзіңіздің ақыныңыз. Ол да адам, көктен түспеген. Ол да өзіңіз сияқты, еткен еңбегінің өтеуін қалайды, рахым-рахатын татқысы келеді. Ал, ақын үшін саналы қауымның бағасынан, оның заңды талғамынан, тарауынан артық қаламақы жоқ. Сіз ақынға әділетті бағаңызды беріп, оны түсінуге тиістісіз, ақынды алақанға салып аяламай-ақ қойыңыз. Ақын деген – Сіздің өзіңізсіз. Сіздің көңіліңіздің қуанышы мен көзіңіздің жасы. Ол сіз болып күліп, сіз болып жылағысы келеді. Сізден пана іздейді, мұңын сізге шағады. Сіз қабылдарсыз, қабылдамассыз, ұнатарсыз, ұнатпассыз, алайда оның сізсіз күні қараң. Өзіңіз болғандықтан да, өзіңізді өзіңіз іздеп тауып, түсінгеніңізге қарай билік құруға хақыңыз бар», депті қазақ жырының хас жүйрігі.
Ол өмірден өз еншісін, сыбағасын алып, өзі айтқандай еңбегінің өтеуін қалағаны шындық. Шығармашылық жолда төккен тері мен шабытты шағының жемісін көргісі келген сәттерін жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан да өмірден бұйырмаған сыйын алуға асық болып, бір шаттанып марқайып, көңіл тойына жеткісі келгені күмәнсіз.
Дүниенің ағын да, қарасын да,
Мыңқ етпейсің, қабылдап аласың да.
Қарасымен шамаң жоқ таласуға,
Ей, өмірім, зымырап барасың ба?
Жер мен көктің желпініп арасында,
Желігесің, түсесің қара суға.
Құйын қуған қаңбақтай аласұра,
Ей, өмірім, зымырап барасың ба?
Мен отырмын теңіздің жағасында,
Бересім де жоқ оған, аласым да.
Мені тастап, толқындар, ағасың ба?
Толқынданып, өмірім, барасың ба?
Шаң шығарып ізінен құйындаған,
Барасың ба, өмірім, қиындаған?
Сыйын маған,
Ей, өмір, сыйын маған,
Сыйыңды алам мен сенің бұйырмаған!
Ақиық ақын өмірдегі лайықты сыйын алды. Көзі тірісінде емес, дүниеден қайтқаннан кейін «Аманат» жыр жинағы үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. 2001 жылы ақынның 70 жылдығы тойланды. Сыйлық та сол жылы берілді. Оның рухы халқының құшағына оранды. Бұл кезде қаламгердің атағы бұрынғыдан да кең тарады. Қазақстан Жазушылар одағының ұйғарымы бойынша «Ғасыр ақыны» атағы берілді. 90 жылдық мерейтойында туып өскен жері Нарынқолда аспанмен таласқан еңселі ескерткіші бой көтерді.
Мұқағали поэзиясында ұлтжандылық, отансүйгіштік сезім басым болғанымен, ешуақытта дарақылық, тәкаппарлық, менмендік болған емес. Өмірде де, өлеңінде де қарапайым қалпынан айныған жоқ. Әсіре патриотизм жетегінде кетпей, парасат биігінен көрініп, қасиетті өлеңіне кір жуытпай саф алтындай қадірледі. Ақын жүрегі ел жүрегімен бірге соқты. «Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтсе», де елдің қамын ойлап, елінің бақытты болуын армандап өтті.
Не сыйлайды, не береді келер күн?!
Не де болса, тірі тұрсам, көрермін.
Желідегі құлынымын мен елдің,
Көгендегі қозысымын мен елдің.
Не сыйласын, несін берсін ел маған?!
Тұрсақ екен елім де аман, мен де аман.
Таулар – менің таусылмайтын бақытым,
Ал, ырысым – ұлан-ғайыр кең далам.
Не істемекпін алтын, гауһар, жақұтты?
Оларды іздеп өткізбеймін уақытты.
Мен бақытсыз бола қойман сірә да!
Туған елім болса екен бақытты!
Жыр тарланы жыл өткен сайын аспандап, барынша асқақтап дүйім жұртының жүрегінен мәңгілік орын тапты. «Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев, Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім!» дегені бүгінде ақиқатқа айналды. Ақынның жыр-ғұмыры халқымен бірге келесі ғасырларға жалғасып барады. Оның рухы қазақ поэзиясын тым биікке көтеріп, алдаспандай жарқыратып, қалың еліне сәулесін түсіріп келеді.
Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді