«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әлемдегі ең танымал кітапханалар

Әлемдегі ең танымал кітапханалар
Ашық дереккөз
Технократтық дәуір белең алғанымен, кітап оқу әлі де әлем халқының сүйікті ісінің бірі болып қала береді. Мұндайда Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Кітапхана – білім мен ғылымның, мәдениеттің орталығы, қасиетті ордасы десек артық айтқандық емес. Бүгінде кітапханалар тек кітап оқу орны ғана емес, жанға тыныштық сыйлайтын демалыс аймағына да айналып келеді. Осы ретте барша кітапсүйер қауымға танымал әлемдегі үздік кітапханаларға назар салып көрдік.

КОНГРЕСС КІТАПХАНАСЫ

Конгресс кітапханасы – Америка Құрама Штаттарының ұлттық кітапханасы және Құрама Штаттардың Конгресінің негізгі зерттеу филиалы саналады. Кітапхана Вашингтон қаласында үш бірдей ғимаратта орналасқан. Конгресс кітапханасы саны жөнінен де, алып жатқан аумағы жағынан да әлемдегі ең үлкен кітапхана. Мұндағы қызметкерлердің санының өзі 3 мың адамнан асады. Кітапханада 437 түрлі тілде жазылған 32 миллионнан аса кітап пен құнды ақпараттар, 61 миллиондай қолжазба, Солтүстік Америкада сирек кездесетін кітаптар жинағы, 1 миллионнан астам мемлекеттік баспа, үш ғасырдан бері жиналып келе жатқан 1 миллионға жуық әлемдік газет, заңдық құжаттардың әлемдегі ең үлкен жинағы, фильмдер, 4,8 миллион карта, ноталар, 13,7 миллионнан астам сурет бар.

БРИТАНДЫҚ КІТАПХАНА

Аталмыш кітапхана Ұлыбританияның ұлттық кітапханасы саналады. Әлемнің ең үлкен кітапханалары қатарындағы кітапхана Лондонда орналасқан. Онда әлемнің ең танымал тілдеріндегі 150 миллионнан астам құнды ақпарат, кітаптар, газеттер, видеоақпараттар, әуенді жазбалар, карталар мен суреттер жинақталған. Оған қоса 25 миллионға жуық сирек кездесетін қолжазба мен кітаптардың жинақтары бар. Аталған қолжазбалар біздің заманымызға дейінгі 300 жылдардан хабар береді. Көлемі жөнінен әлемде АҚШ-тағы кітапханадан кейінгі екінші орында тұр. Мұнда Google қолданушыларына ақпараттарды қарап, керекті мәліметтерді көшіруге мүмкіндік берілген.

АЛЕКСАНДРИЯ КІТАПХАНАСЫ

Атағы жер жарған бұл кітапхана – антикалық кезеңнен бері өмір сүріп келеді. Біздің заманымыздан бұрынғы ІІІ ғасырдың бас кезінде Александрияда көрнекті ғалымдардың қатысуымен Птоломей әулетінің алғашқы екі патшасы негізін қалаған. Алғашқы кездері Мысырда кітапханалар ғибадатханаларда салынған және оларды абыздар қарауылдайтын болған. Өз заманында Александрия кітапханасы ең алып кітапхана саналып, онда 750 мың қолжазба орамы жинақталған. Қазір бұл – Мысырдың ең басты кітапханасы әрі мәдени орталығы ретінде танымал. Кітапхана ғимараты Жерорта теңізі жағалауындағы Александрия қаласында орналасқан.

РЕСЕЙ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ КІТАПХАНАСЫ

Ресей Ғылым Академиясының кітапханасы I Петрдің бұйрығымен 1714 жылы тұрғызылған. Кітапхананы ұйымдастырудағы басты мақсат – еуропалық білімге құштар, барлық сауатты адамдарды кітаптармен қамтамасыз ету болды. Кітапхана қоры – көптілді және әмбебап. Бастапқы кезде кітапханада 2 мыңға жуық кітап болса, 1783 жылы ІІ Екатеринаның бұйрығынан кейін кітапханаға Ресейде жарық көрген барлық баспалар әкеліне бастады. Бүгінде Ресей Ғылым Академиясының кітапханасы – бүкілресейлік мемлекеттік әмбебап кітапхана ретінде жұртшылыққа белгілі әрі әлемнің ең үлкен ғылыми кітапханаларының қатарынан орын алады.

СТОКГОЛЬМ КІТАПХАНАСЫ

Стокгольм кітапханасы швед сәулетшісі Гуннар Асплундтың басшылығымен тұрғызылған. Құрылыс жұмыстары 1924 жылы басталып, төрт жылдың ішінде, яғни 1928 жылы аяқталып, пайдалануға берілген. Ескере кететін жайт, бұл кез келген кітап оқуға құштар адамды қабылдайтын тұңғыш шведтік кітапхана саналады. Мұнда 200- ден астам қазақ тіліндегі кітаптар сақталған.

КОПЕНГАГЕНДЕГІ КОРОЛЬДІК КІТАПХАНА

Копенгагендегі Корольдік кітапхана – Данияның ұлттық кітапханасы. Бұл кітапхананың қоймасында тарихи әрі құнды басылымдардың үлкен мөлшердегі қоры сақталған. Корольдік кітапханада XVII ғасырдан бері Данияда басылып келе жатқан кітаптардың түгел нұсқалары бар. Сонымен қатар, мұнда 1482 жылы Данияда басылған тұңғыш кітап та сақталған. 1968 және 1978 жылдар арасында кітапханаға ең ірі ұрлықтардың бірі жасалды. Ұрылар үлкен сомаға бағаланған 3200 тарихи кітапты, оның ішінде Мартин Лютердің қолжазбаларын, Иммануил Канттың, Томас Мордың және Джон Милтонның алғашқы басылымдарын ұрлап кеткен. Жоғалған кітаптар 1975 жылы ғана табылған.

АЗИЯНЫҢ ЕҢ ҮЛКЕН КІТАПХАНАСЫ

Көршілес Қытайдың ұлттық кітапханасы – Азияның және әлемнің ең ірі кітапханаларының бірі саналады. Ғылыми, ұлттық басылымдарды сақтау қоймасына айналған кітапхананың жалпы аумағы 170 мың шаршы метрді құрайды. Ғимарат әлемдік кітапханалар арасында бесінші орын алады. 2003 жылдың соңына қарай кітапхана 24 миллион 110 мың томның бай коллекциясын жинақтады. Коллекцияда 270 мың том сирек кітаптар, 1 миллион 600 мың том ежелгі кітаптар бар. Мұнда тек Қытай кітаптары ғана емес, сонымен қатар шетел тіліндегі материалдардың ең үлкен топтамасы да шоғырланған. 1909 жылы іргесі қаланған кітап үйінің қоры 32 миллион кітапты құраса, жылына келушілер саны 5,2 миллионға жеткен.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар