
Ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек және ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.
– Бұл нысанның ашылуы – ауыл тұрғындарының сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау жүйесін дамыту қажеттігін ерекше атап, шалғай елді мекен тұрғындарының сапалы медициналық қызметке қол жеткізуін қамтамасыз етуге үлкен мән беріп келеді. Ашылып отырған жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт – осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесі. Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуда медициналық инфрақұрылымның маңызы зор. Себебі, уақтылы көрсетілген медициналық көмек – тұрғындардың денсаулығы мен ұзақ өмір сүруінің кепілі. Бұл мекемеде алғашқы медициналық-санитарлық көмек, шұғыл жедел көмек, жүкті әйелдерге медициналық бақылау, балаларға екпе егу сынды қызметтер көрсетілетін болады. Қазіргі заманға сай жабдықталған жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп, олардың денсаулығын нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін. Ауылдық медицина – кез келген өңірдің әлеуметтік дамуының басты көрсеткіші. Сондықтан, алдағы уақытта да медициналық қызметтердің сапасын жақсарту, ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайту бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады. Осы игілікті істің жүзеге асуына атсалысқан барлық азаматтарға, құрылыс жұмыстарына жауапты мамандарға, медицина саласының қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Жаңа медициналық мекеменің жұмысы жемісті болып, ауыл тұрғындарына қалтқысыз қызмет етеді деп сенемін, – деді Мейірхан Азатұлы ауыл тұрғындарына лебізін жеткізіп.
Ауыл ақсақалы Советхан Әділбеков сөз сөйлеп, тұрғындарға ізгі тілегін білдіріп, жаңа нысанның халыққа қызмет етуіне сәттілік тіледі. Ашылу рәсімі салтанатты түрде лента қиюмен жалғасып, ауыл тұрғындары заманауи медициналық мекеменің ішін аралап көрді.
Жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт 15 адамға дейін келушілерді қабылдауға қауқарлы. Ғимараттың жалпы ауданы – 261,8 шаршы метр. Мұнда тамбур, вестибюль, стерилизациялық бөлме, акушерлік кабинет, қаралу бөлмесі, процедуралық және екпе егу кабинеттері, физиотерапия және басқа да медициналық қызмет көрсету бөлмелері қарастырылған. Сонымен қатар, мекеме қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Ауыл тұрғындары атынан сөз алғандар жаңа медициналық нысанның іске қосылуына себепкер болған барлық азаматтарға алғысын білдіріп, ел игілігі үшін қызмет ететін нысанның жұмысына сәттілік тіледі. Жергілікті билік өкілдері алдағы уақытта да ауылдық елді мекендерде әлеуметтік маңызы бар нысандарды жаңарту және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
Осылайша, ауылдықтардың көптен күткен арманы орындалып, денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылым тағы бір маңызды нысанмен толықты. Бұл мекеме ауыл халқының сапалы әрі уақтылы медициналық көмек алуына мүмкіндік береді.
Қазыбек КАМАЛ,
журналист.
Меркі ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді