
Сұлушаш ҚҰРМАНБЕКОВА,
Жамбыл облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері: «Тәрбие беру – ақыл емес, өнеге көрсету»
– Сұлушаш Сәтбекқызы, сіз бірқатар қызмет жолдарынан өттіңіз. Облысымыздың білім басқармасын ұзақ жыл басқарғанда көңілге нені түйдіңіз? Қандай қуанышыңыз бен әттеген-айыңыз болды?
– Көріп, көкейге түйгенім көп. Жауапкершілігі мен талабы – аса жоғары, сұрауы – ар-ожданыңда. Олай дейтінім, білім басқармасының басшысы сол мекемедегі қызметкерлердің жұмысын үйлестіріп-ұйымдастыратын менеджер ғана емес, ол бүгінгі жас ұрпақтың ертеңіне жауапты адам. Білім берудің негізгі екі сатысының іргесі мықты қаланса, маман даярлау ісінде де сапа болады.
Білім саласы дегеніңіз – адам өмірінің тұтас бір циклі. Бүлдіршіннің айналаны тану процесі балабақшадан басталып, мектепте білімге ден қойып, өнер үйреніп, сәті келгенде мамандық таңдап, қанат қағып, түлеп ұшқанға дейінгі білім мен тәрбие беру үдерісін қамтиды. Қаншама жас жеткіншектің тұлға болып қалыптасу кезеңі көз алдыңнан өтеді. Бұл – бір жас ұрпақтың өз жолын тапқанға дейінгі өмір белесі.
Ата-аналар да бір қалыпты емес, уақытпен бірге ауысып отырады. Міне, осы жаңа ұрпақтың ата-анасының мектепке, ұстаздарға деген көзқарасы мен пікірі қандай болады? Өзі білім алған жүйеге сеніммен қараса, онда уақытпен санаспай еткен еңбегіңнің еш кетпегені. Онда кадр таңдаудағы, білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасына қатысты қабылдаған шешімдеріміздің дұрыс болғаны. Білім басқармасында жетекші маманнан басқарма басшысы сатыларынан өтіп, 19 жыл қызмет атқарған кезімде осыны естен шығарған жоқпын. Әлі күнге дейін сол кездерде мектептерде, басқа да білім беру ұйымдарында қызмет істеген мұғалімдер, шәкірттерім хабарласып, рақмет айтып жатады. Бұл ұстанымдарға адал болғанымның жемісі болар.
Білім – жемісін ұзақ күтетін сала. Ауыл шаруашылығындағыдай, биыл түсім жақсы болады деп болжам жасай алмайсың. Жаңа инновацияны енгізген соң, өндіріс көлемінің артуын күтетін кәсіпорын емес. Көрсеткіштерді көтеріп көрсетіп, кемшіліктерді жасырып қалсаң, ол нәрсе көп ұзамай-ақ су бетіне қалқып шыға келеді. Сондықтан, «өңірдің рейтингісіне әсер етеді, апатты немесе үш ауысымды мектептер санын азайта берсек қайтеді» деген мәселелер алдымнан шыққанда табандап тұрып, әр жобаны қорғап қалдым. Білім мекемелерінің материалдық-техникалық жағдайына терең талдау жасап, құрылысты және күрделі жөндеуді қажет ететін білім нысандарына жобалық-сметалық құжаттар мен мемлекеттік сараптама қорытындысын уақтылы әзірлетіп, облыстық, республикалық бюджеттен бұрын-соңды болмаған қаржылардың бөлінуіне ықпал еттік. Нәтижесінде 87 білім нысаны салынды. Оның қаншасы мектеп, балабақша, колледж екенін де атын атап, түсін түстеп айта аламын.
Мықты педагогтер мен үздік мектептердің тәжірибесін тарату, оларды ынталандыру үшін лайықты марапаттап отыру дәстүрін қалыптастырудың арқасында озат оқушыларымыздың саны артты. Нәтижесінде қаланың ғана емес, ауыл баласы да республикалық, халықаралық білім бәсекелерінде топ жара бастады. 2012 жылы республикалық пән олимпиадаларының қорытындысы бойынша облысымыз командалық бірінші орыннан көрініп, бұл жетістікті қатарынан бірнеше жыл ұстап тұрды. 2013 жылдан бері республикалық ғылыми жарыстың қорытындысы бойынша командалық бірінші орынды иеленіп, осы орынды жыл сайын иеленіп отырдық. Жеті жылда жамбылдық оқушылар дүниежүзілік, халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 827 медаль жеңіп алды. Жаратылыстану-математика пәндері бойынша дүниежүзілік олимпиадаларда 28 медальді иелену үлкен жетістік еді. Әлем олимпиадаларында еліміздің командасының басым бөлігін біздің жас дарындар құрады. Мұндай жетістіктер жамбылдық мұғалімдердің еншісінде де болды. Қуанышым – жастардың жеңістері мен қазіргі қол жеткізген табыстары. Әттеген-ай дейтін кездер – осы талантты шәкірттеріміз кездескен кейбір сәтсіз жолдардың болуы.
Білім саласы жемісін күттіріп барып бере бастайтынын айтып өттім ғой. Жамбыл облысы осындай жақсы нәтижені көпке дейін ұстап тұрды.
– Өңірдің тілдерді дамыту саласы, ономастика мәселелері де жеңіл емес. Аталған саланы басқарған кезіңіз қандай ауқымды жұмысымен есте қалды?
– Бұл сырт көзге жұмыс ауқымы шағын көрінгенімен, салааралық байланыстырушы рөлі бар құрылым болатын. Көп ұлтты өңірдегі этностарға тілдерді оқыту курстарын ұйымдастыру, ономастика мәселесінде қоғамдық оң пікір қалыптастыру, сол шақтағы латын әліпбиіне көшуге дайындық жұмыстары, тағысын-тағы. Осы міндеттерді атқаруда басқа салалармен тығыз байланыста, кей сәттерде олардың функцияларының бір бөлшегін өз жауапкершілігімізге ала отырып, еңбек еттік.
Ол үшін әрине, шығармашылық ізденіс қажет. Мамандар сол үдеден шыға алды. Латын әліпбиіне көшуге дайындық жұмыстарын жүргіздік. Тілдерді оқыту курстарының сапасына терең зерделеу жасадық. Елді мекендер мен көшелерге атау беру, оны ономастикалық комиссияда қарау да өзекті мәселелер еді. Тілдерді дамыту саласының жұмысын жоғары деңгейде көрсете алдық деген ойдамын.
– Облыс әкімінің орынбасары, «Өрлеу» біліктілікті арттыру институтына жетекшілік еткен жылдарыңыз да үлкен жауапкершілік. Нені жасай алдыңыз?
– «Өрлеу» БАҰО»АҚ-ның Жамбыл облысы бойынша кәсіби даму институтында педагогтердің біліктіліктерін арттыру курстары мен жалпы білім мекемелері басшыларына арналған оқу семинарларын ұйымдастыруда бірқатар жаңашылдықтарды енгіздік.
Институтта ұйымдастырылатын семинарлар мен бірқатар іс-шаралардың форматын өзгерттік. Жаңа жобаларды жүзеге асырдық. Облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған кезеңде өзім жетекшілік ететін басқармалардың жұмыстарының мазмұнына, мемлекеттік бағдарламаларда көзделген көрсеткіштерге қол жеткізу жолдарына бағыт беріп, ақпараттардың сауатты жазылуына, жоғары тұрған ұйымдардың хаттамалық тапсырмаларының орындалуына баса назар аудардым.
– Сіз үшін қызметтің маңызы неде? Өмірдегі ұстанымыңыз қандай?
– Психологтардың жиі айтатын «өзгеріс өзіңнен басталады» деген сөзі бар. Өзің өзгергенмен, тұтас қоғамды өзгертуің екіталай. Мәселе қай кезде де туралық пен адалдықтан айнымауда. Мен үшін қызметтің маңызы аты мен мәртебесінде емес. Не істей аламын, нені өзгерте аламын? Осы сұрақ үнемі санамда тұрды. Қай салада да бірнәрсені үйренуге, үйренгенімді үйретуге тырыстым.
Жүріп өткен еңбек жолым елдің көз алдында. Бағасын беретін де сол көпшілік. Мінберде тұрған кезіңде, қайтадан түсер сәтіңді ұмытпа. Көпшіліктің қатарында тұрғанда сол жұрттың ықыласы мен сыйластығы қалай боларын ойла.
– Қоғамда сізді қандай мәселе толғандырады?
– Қоғамда алаңдатарлық мәселе көп қой. Құндылықтардың құнын төмендетіп алдық. Талантты, талапшыл жастар көп. Оларды тап басып тани алмай жатамыз. Тәрбие беруде ақыл айтудан бұрын, қандай өнеге көрсете аласың, сол маңызды. Біз өзімізден кейінгілерге қандай тәлім бере алдық, өнеге тұтар ісіміз бар ма? Жақсылық жасап, жақсылыққа үндей алдық па? Көрсеткен үлгің қандай? Сол нәтиже береді. Бала көргенін қайталайтынын ұмытпауға тиіспіз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.
Ұқсас жаңалықтар
«Сайлаудың ашықтығы мен әділетті өтуі маңызды»
- 15 наурыз, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді