
Қазақтың нағыз жеті қырлы, бір сырлы, қайсар жігіті Ғалымжанмен әңгімелесу адамды жігерлендіреді екен. Ол әрбір сөзінде «Жарық дүниеде ізденгенге мүмкіндік мол» дегенді қайталай берді.
– Негізі көз жанарымның әлсіздігі бойынша диагнозбен дүниеге келгенмін. Бала кезімде асыр салып ойнап жүріп, оң көзіме зақым келтіріп алып, 5 жасымда мүлдем көрмейтін болып қалды. Дегенмен, сол көзім 40 пайыз көретін. Әлсіз де болса бір көзімнің көруімен ер жеттім. Мектепті тәмамдап, кәсіби білім алдым. Алайда, 2018 жылы осы көзіме ота жасатып, содан кейін мүлдем жарық сәулені көруден де ажырап қалдым. Шүкір, аса қатты күйзеліске түкенім жоқ. Іштей өзімді жігерлендіріп, мектепте бірге оқыған достарым хабарласып, көзі көрмейтіндерге арналған спорт түрлерімен таныстырды. Әсіресе, бұрыннан спортпен шұғылданып жүрген досым Есжан Саттар мені көзі көрмейтіндерге арналған футбол 5х5-ке алып келді. Сол жерде Бернар Сертеков деген ағамен таныстым. Спортта бірге жүріп, қазір отбасылық достарға айналдық. Осы жігіттердің шақыртуымен спортқа алғашқы қадамымды бастадым. Қазіргі бас бапкерім Ерлан Арғынбаев мені футболдың осы түріне түбегейлі тартты, қызықтырды, жаттықтырды. Бүгінде осы футболдан Қазақстанның ұлттық құрамасының мүшесімін. Осы күндері парадзюдоға қызығушылығым оянып, қосымша онымен де жаттығып, өзімді сынап көріп жүрмін. Ал, футбол 5х5-ті көпшілік біле беремуі мүмкін, біздің елде енді дамып келе жатыр. Өзіміздің ішкі чемпионаттарымыз, кубоктарымыз бар. Біраз шетелдерге жарыстарға барып келдік. Жақында Мәскеуде өткен жарыста бақ сынадық. Қазіргі уақытта шетелдік спортшылармен байланысып, өзімізді дамыту жолындамыз. Футболдың бұл түрі Қазақстанға 2018 жылы пайда болды, оны бізге Чингиз Богдаевич деген кісі алып келді. Ал, мен 2020 жылдан бастап ойнап келемін. Футболдың бұл түрі бойынша Қазақстанның ұлттық құрамасы 2022 жылы құрылды, құрамада 10 адам ойнайды. Спорттың осы түрі өзімізді барынша шыңдауға ықпал етеді. Олай дейтінім – біз шаршы алаңда ойын арқылы бағдарлау сезімін, оның ішінде есту қабілетін арттырып, дамытамыз. Бұл бізге қоғамға бейімделуге, еркін болуға үлкен көмегін тигізеді. Сондай- ақ, рухмызды биіктетіп, жеңіске деген ерік-жігерімізді нығайтады. Біздің Таразда да футбол 5х5 ойнайтын алаң бар, оның ауданы 20/40, сол 40 метрлік ұзындығында борттар болады. Ол біздің айналамызды аңғаруға көмектеседі, сол арқылы алаңда қалай жүретін бағытымызды білеміз. Әр команданың өз қақпасында гид болады, ол – біздің көзіміз. Яғни, гид қарсылас команда қақпасының артында тұрып, бізге «оңға, солға жүр, алдыңда біреу тұр» немесе «ешкім жоқ» деп белгі береді. Допты ұстап жүрген адам сөйлемейді де, допсыз ойыншылар сөйлеп, бір-бірімізге белгі беріп жүреміз. Соны есту арқылы қашуға, қарсыласты ойын әдісімен алдап кетуге тырысамыз. Футбол 5х5-тің айырмашылығы осында. Спорт адам қиындыққа сынбай, бойға қажыр-қайрат жинауға, күрескерлікке бейімдейді, – деген Ғалымжан Рейнатұлының сөзінен жеңімпаздық қасиетке ұмтылған талапты байқадық.
Оның сөзінен де, іс-әрекетінен де жалықпас еңбекқорлық, үздіксіз ізденіс аңғарылады. Ол дүниедегі қиындықтар адамды ширатып, жаңа қырының ашылуына жетекші болады деп біледі.
– Әрбір ер азамат – елінің қорғаны әрі отбасының асыраушысы. Сондықтан ер азаматқа мейлі қандай болса да құр жүруге болмайды. Жаратылысымыздан мойнымызға жүктелген жауапкершілігіміз, өз міндетіміз бар. Мен де бір шаңырақтың иесімін, екі перзенттің әкесімін. Сондықтан, кәсіп жасауым керек болды. Мені кім жұмысқа алар екен деп қарап отыруға қақым жоқ. Сондықтан, халыққа компьютерлік қызмет көрсетуді қолға алдым. Қазір өз кәсіпкерлігімді ашып, есімхат, жарнамалық плакаттар, тауар өндірушілердің тауарларына каталог, логотип жасау секілді қағаздарды шығаратын шағын типография аштым. Сонымен қатар, студенттер, мұғалімдер ксерокөшірме, ламинаттау жұмыстарымен келеді. Мұнда үш адам жұмыс істейді, олар Тараз қаласының Мансап орталығы арқылы келеді. Әрине жалақыны орталық төлейді, ал біздің кәсіпкерлігіміз тарапынан жұмысшының жақсы еңбегіне қарай бонус төленеді. Бұдан бөлек, тендермен де айналысамыз. Оны да өз бетімше ютуб каналда өткізілген сабақты алып, оқып, үйрендім. Бірақ, бұл істі басқа кісілермен бірігіп жүргіземіз, алдағы уақытта ол ісіміздің де аясын кеңейтсек деген жоспарымыз бар. Негізі адам өзін дамытып отыруы керек деп ойлаймын, білетін ісіңді ары қарай жаңғыртып немесе басқа бір кәсіп үйреніп отырсаң, өзіңнің де табысыңды еселейді әрі қоғамға да керек екеніңді сезінесің. Біреуге керек болу деген жанға үлкен шаттық сыйлайтын ғажап күш қой. Басқаға көмектесіп, қуанту бақыттың дәмін сездіреді. Керексіз болғаннан сақтасын, – деген Ғалымжанның сөзі өмірдің мәнін терең ойлануға жетеледі.
Расында, айна лаңда іздейтін жақындарың, дос-жаранның қатары көп болғанға, ел-жұртыңның кәдесіне жарағанға не жетсін. Ал, біздің кейіпкеріміздің негізгі мамандығы – массажист. Яғни, оны іздеп тұратын, дертіне дауа қонар деп шипалы алақанын күтетіндер де аз емес.
– Осы Тараздағы «Болашақ» мектебін тәмамдағанда ойым өнер академиясында білім алу еді. Бірақ, Алматыдағы республикалық медициналық колледжде оқып жүрген досым сондағы көзі көрмейтіндер мен әлсіз көретіндерге арналған массаж мамандығы барын айтып, соған шақырды. Бастапқыда жай ғана байқап көру үшін барып едім, мемлекеттік грантпен оқуға 16 орын бар екен. Бірақ, 30-ға жуық талапкер емтихан тапсырдық. Жаратқанның бұйрығы ғой, сынақтан өтіп, оқуға қабылдандым. Сол колледжде 2 жыл оқып, массаждықпен қоса мейіргерлікті де меңгеріп шықтым. Негізінен массажды үйреткен Алексей Шипоренко деген ұстазымыз еді, кейін емдік массажды Нұргүл Қайыпбекқызы есімді мұғаліміміз үйретті. Массаж жасау ісін меңгергеннен кейін әркімнің тәжірибе ала келе өзіндік әдісі, сезімталдығы пайда болады. Мысалы, алақан арқылы науқастың ауыратын жерін сезесің де соған шипасын қондыруға болады. Бүгінде тұрақты пациенттерім тек өзіміздің Таразда ғана емес, Алматы қаласында да бар. Кейде 10 күнге Алматыға барып, емдік массаж жасап келемін. Ондайда тұрақты пациенттеріммен бірге басқа да кісілер жазылып, 10 күн бойы емдік массаж жасаймын. Қазір адамдар көбіне сколиоз, остеохондроз сырқатымен келеді. Ал, кішкентай балалар арасында қазір дисплазия мен бас сүйек қысымы (Черепной давление) көп кездеседі. Негізінде нәрестеге ешқандай диагнозы болмаса да күнделікті массаж жасап тұру керек. Ол біздің халықта ертеден бар әдіс. Әжелеріміз жаңа туған баланы күнделікті шомылдырып, аяқ-қолын созып, денесін уқалап отырған. Себебі, баланың даму кезеңдері бар, мысалы 5 айында сәби өз бетінше домалай білуі керек. Кей ата-аналар күнделікті уқалауды дұрыс жасамағандықтан, баланың өз кезеңінде домаламағанын, өзіндік іс-әрекеттерінің жоғын айтып келеді. Бала массажбен күш алады, дене бітімі қалыпқа келеді. Қазір өзім де әке болғаннан соң кезінде музыка саласына түскім келген мақсатымның массаждық мамандыққа өзгеріп кеткеніне еш өкінбеймін. Басқаларға сырқатынан сауығуға көмегің тигені қандай жақсы. Музыка мамандығын оқып меңгермесем де гитарамен ән айтамын, қазір бұл – менің хоббиіме айналды, – дейді Ғалымжан Рейнатұлы.
Өзі басынан кешкен тағдыр басқаларда да кездескен жағдайда күйзеліске түспей, қиындықты жеңе білу үшін қажетті әдістерді Ғалымжан видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялап жүреді. Әсіресе, мүгедектікке ұшыраған жандардың жігерін жанитын арнайы спорт түрлерін, адамға қажетті істерді көбірек насихаттайды. Ол осынысымен де қоғамға пайдасын тигізіп, басқалардың жанына медет болуды көздейді. Ғалымжанның басты мақсаты – адамға пайдалы іс жасап, қоғамының керегіне жарау. Сондықтан, ол әрбір секундын бос өткізбеуге барын салады.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді