«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Үйретуден жалықпайтын үйірме

Үйретуден жалықпайтын үйірме
Ашық дереккөз
Шоқай ауылдық клубы – бір елді мекеннің бас қосатын рухани ошағы. Ауыл адамдары бұл жерден керегінің бәрін табады. Клуб меңгерушісі Мақпал Жарасованың айтуынша, мұнда бірнеше үйірмелер жұмыс істейді. Тіпті, ауыл ақсақалдары жиналып, шахмат, дойбы ойнап, ән-күй тыңдап қайтуына да мүмкіндік бар.

Ал, қазақ күресі үйірмесіне жас спортшы Арнұр Нұрмахан жетекшілік етеді. Үйірменің ашылғанына екі жылға жуықтаған. Арнұр өзі де аудан, облыс көлемінде жүлде алған азамат. Қазіргі таңдағы мақсаттары да жоғары. Үйірмеде 15 бала қазақ күресінің әдістерін, қыр-сырларын үйреніп жүр. Біз сол төгіліп жатқан тердің үстінен түсіп, боз кілем үстіндегі жаттығуларға куә болдық. Бұл – балалардың бос уақытын тиімді пайдаланудың төте жолы. Осында 2-сыныптан бастап, 7-сыныпқа дейінгі балалар үйірмеге жазылған.

Үйірмедегі 4-сынып оқушысы Рамазан Жәнібек аудандық жарыстың қола жүлдегері, 2-сынып оқитын Әмірлан Керімнің де сондай жетістігі бар. Айша бибі ауылында өткен аудандық жарыс аталған үйірменің балалары үшін сәтті болған секілді. Сол жарыста Нүриддин Әділхан, Дархан Тоқтар да жүлдеге қол жеткізіпті. «Бұл балалармен алдағы уақытта тағы жұмыс істейміз. Келесі жарыстарда алтыннан алқа тағу үшін тер төгеміз. Мен өз шәкірттеріме сенемін», – дейді бапкер Арнұр Нұрмахан. Біз бос уақытында ауылдағы үйірмеге қатысып, 7-8 жасар балалардың жүлде алып жүргеніне қуандық. Әрине, бұл балғындардың болашағы әлі алда.

Клубтағы домбыра, вокал үйірмесінен Спандияр Мұрат тәлім береді. Вокалдан Толғанай Оралбекова, Оразбай Шайжан деген түлектер қазіргі таңда жоғары оқу орындарының музыка факультеттерінде грантпен оқып жүр. Ол да – үйірменің жемісі. Қазіргі таңда домбырадан 6-шы сынып оқушысы Айбала Ойықбай және Ақжүніс Әбілахан, Абдулла Досқожа көзге түсіп, жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр.

Сонымен қатар, аталған ауылдың №3 орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Әділет Шопашев асық ату үйірмесіне де жетекшілік етеді. Әділеттің шәкірттері қазіргі таңда облыс, республика чемпиондары. Атап айтқанда, Сүндет Жарқынбек, Жанарыс Дәулетхан облыста үнемі үздіктер қатарынан көрінсе, Нұралы Досқожа, Ерзат Қуантай республикадан олжа салып жүр.

Ауылда үйірмелердің өз деңгейінде жұмыс істеп тұрғанына куә болдық. Бұл бір ғана Шоқай ауылындағы үйірме шәкірттерінің жетістіктері. Бір сөзбен айтқанда, Шоқай ауылының балаларының асығы алшысынан түсіп тұр.

 

Есет ДОСАЛЫ

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар