Кайдзен сөзі жапон тілінен аударғанда «кай» – үздіксіз, «дзен» – даналық деген мағына береді. Яғни, кайдзен дегеніміз – үздіксіз даму философиясы. Үздіксіз дамудың үлгісі алғаш Америкада пайда болған. Екінші дүниежүзілік соғыстан экономикасы тұралап қалған кәрі құрлыққа көмек керегін түсіне қойған АҚШ билігі Еуропаны қару-жарақпен қамтамасыз етуді қолға алады. Ал, ол үшін Эдвард Деминг атты өнертапқыштың бастамасымен жаңа жоба дайындалып, ол «Өндірісті үйрету тренингі» деп аталды.
Соғыстан кейін қару-жарақ өндірісі бәсеңдеп, қажеттілік төмендеп жатқан тұста АҚШ Жапонияға аталмыш стратегияны гуманитарлық көмек ретінде ұсынады. Сөйтіп, америкалық мамандар жапон халқына жаңа білімді үйрете бастады. Ең алғаш «Тoyoto» компаниясында қолданылған стратегия кейіннен күншығыс елінде кеңінен қолдау тапты. Ендігіде ол «Кайдзен» деп атала бастады. Себебі, жапон халқы жаңа білімді үнемі толықтырып, қоғамның сан саласына бейімдей түсті. Осылайша жапондықтарда аталған тренингте басымдылық өндіріске емес, адам баласының жеке құндылығына бағытталған болатын.
Кайдзеннің тиімділігі қысқа мерзімде-ақ көріне бастады. 1962 жылы, яғни соғыстан 17 жыл өткен соң, Жапонияда сағатына 200 шақырым жылдамдықпен жүретін пойыздар пайда болды. Ал, араға екі жыл салып соғыстан 19 жыл өткен соң Токио XVII Олимпиада ойындарын өткізді. Бұдан бөлек, күншығыс елінің көлік жасау өндірісі әлемдегі үздік брендтерден біртіндеп оза түсті.
Ең алдымен кайдзеннің көпке жағатын тұсы – әділдік пен сапа. Жүйе адамдарды табыс көзін молайтып, жеке қаражатты өсіруді емес, әуелі тұтынушының көңілінен шығуға үндейді. Тұтынушыға ұнайтын өнім өндіру арқылы қоғам дамуына үлес қосу да жүйеге кереғар емес. Оның үстіне әріптестер арасында пайданың әділ бөлінуін қадағалау да назардан тыс қалмаған. Содан болар, Жапонияда қарапайым жұмысшының ірі кәсіпкермен тең деңгейде қымбат көлік сатып алуына, шетелде демалуына мүмкіндік бар.
Кайдзен мамандарының ұстанымы бойынша, егер жұмысшы бір нәрсеге көңілі толмаса, демек жүйе ол мекемеде жемісті нәтиже беріп жатқан жоқ. Өйткені, бизнесті үздіксіз жетілдіру жолында ұжымдағы әр адам рухани бірлікті сезінуі керек. Қызметкерлері бір-бірін алакөздеп, жұмыс жағдайына көңілі толмай, наразы күйде жүрген мекемеден кайдзен философиясын таппайсыз. Ол аздай, өзінің отбасы азғантай жалақыны азық-түлікке әрең жеткізіп отырған жұмысшы адал еңбек етпесі белгілі. Ал, басшысы мен қызметкер бір-біріне сенбейтін, әрқайсысы өз қамын ойлайтын ұжымда табыс көңіл көншітпейді. Міне, сондықтан кайдзен жүйесін енгізген ұжымның сапа мен әділдік тұрғысынан өзгелерден оқ бойы озық тұруы таңғалатын жайт емес.
Кайдзеннің тағы бір шарты – ысырапсыз өндіріс. Өндіріс артық шығынсыз болуы үшін ұжым беріліп еңбек етуі керек. Яғни, басшыдан бастап қарапайым жұмысшыға дейін өз ісін жақсы көріп істесе, өндіріс алға басады. Тіпті, компанияның атын аңызға айналдырудың бір жолы да осында жатыр. Мәселен, Жапониядағы компаниялардың басым бөлігі бірнеше ғасырдан астам тарихы бар іргелі өндіріс орындары. Бұл елде ғасырдан артық тарихы бар 100 мың компания орналасқан. Жапон халқы ондай компанияны «шинисэ» деп атайды. Осы арқылы жапондар кайдзенді кеше-бүгін пайда болған философия емес, ежелгі табыс жүйесі деп түсіндіреді. Жалпы аталған табыс пәлсапасында ысырапшылдық тек табыс пен уақыт арқылы өлшенбейді, мұнда жүріс-тұрыс, ақыл-ой, еңбек пен энергия ысырапшылдығы да қамтылған. Тіпті, бүгінгі күні супермаркеттерден көріп жүрген тауарлардың орналасу реті мен үлкен сауда желілерінде еденге бағыт-бағдар көртсетуші жолақтардың сызылуы ең алғаш жапондық компанияларда қозғалыс ысырапшылдығын туындатпау үшін қолданылған.
Күншығыс елі мұндай ұзақ жылғы үздіксіз қызметтің сырын тұтынушының көңілінен шығумен байланыстырады. Яғни, Жапонияда кәсіпорындар тұтынушы үшін еңбек етеді. Ал өндіріс процесінде басқалар ұсақ-түйек деп елемейтін нәрселерге жіті мән беріп, мұқият тексереді. Кей кәсіпкердей «оған ұнамаса, өзгесі сатып алады» деген жауапсыздық бұл пәлсапаға сай келмейді. Кайдзен қағидаларында көрсетілген тазалық – жапон қоғамы үшін ең маңызды аспект. Әр жапонның жұмыс күні тазалықтан басталады. Бұл елде қоғамдық қызмет мекемелері таң ата мекеменің іші-сыртын жуып-шайып, басқа шаруаға сосын кіріседі. Мұндай әдет ата-бабадан жалғасқан өнеге секілді. Әлемдегі ең ұзақ жасайтын халықтың қатарына енуінің бір ұшы да кайдзен философиясында жатса керек. Жан-жағын таза ұстау, ұжымның тілін табу, әділдік кайдзен пәлсапасының жарымы ғана. Ең бастысы – ар тазалығы, адамгершілік, мейірім. Самурай кодексінде жазылған бұл ұстаным кайдзеннен де орын тапқан. Кайдзен философиясы бойынша адамның жұмыс орны ғана емес, санасы да таза болуы керек. Сонда жұмыс жақсы жүреді.
Жапондық пәлсапаның тағы бір көпке үлгі боларлық тұсы – кадр саясаты. Кайдзенде кадр саясаты «Пирамида» үлгісінде жүргізіледі. Яғни, мұнда жұмысшылар қарапайым жұмысшылар, қызметкерлер мен топ-менеджмент болып үш топқа бөлінеді. Сол арқылы жаңа маман тек пирамиданың ең төменгі сатысына күзетші, еден жуушы, жүргізуші секілді қызметтерге ғана орналасады. Осылайша жұмысшы табысты жұмыс істей білген жағдайда сатылап жоғарылап компаниядағы жоғары қызметтерге де қол жеткізе алады. Мұндай табысты мериократиялық жүйе компания қызметкерлеріне үлкен мотивация сыйлап, басшылық құрамға тек ішкі құрылымды жетік білетін маманды тағайындауға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, жапондық өмір сүру салты 1986 жылы Масааки Имаи кайдзенді ағылшын тілінде кітап қылып басып шығарғаннан кейін ғана әлемге әйгілі болды. Бүгінде кайдзен философиясын Toyota, Canon ,BMW, Ford, Wal-Mart, Southwest Airlines, McDonald’s, Nestle сынды танымал компаниялар пайдаланады.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Көлік инфрақұрылымын жаңарту қарқынды
- 28 қаңтар, 2025
Адал еңбекті атадан балаға ұстаным еткен әулет
- 28 қаңтар, 2025
Ақпарат
Ұстаздық деген ұлы жол
- 21 қаңтар, 2025
Таразда ҚАЖ департаменті жыл қорытындысын жасады
- 16 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді