«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Даңқты жампоздың даңғыл жолы

Даңқты жампоздың даңғыл жолы
Ашық дереккөз
Бокс қазақ үшін ежелден бөтен болған емес. Ол өткен ғасырдың 50-ші жылдарының соңында Одақ біріншілігінде алғашқы чемпионын шығарған шақтан бері ұдайы ілгері даму үстінде. Дегенмен, оның барынша кемелдене түсуі еліміз егемендікке қол жеткізген кезбен тұспа-тұс келеді. Міне, осы жылдарда Қазақстан құрамасы бас-аяғы 9 Олимпия ойындары мен 10-нан аса әлем біріншілігінде өнер көрсетті. Өкінішке қарай, жиырма бір жылдан бері Жамбыл жерінен Бақтияр Артаевтың жолын жалғайтын саңлақ шыққан жоқ. Десе де, үміт үзілмейді. Өйткені, спорт әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар Сейіткерім Садықовтай алыптардың ізбасарларының болмауы мүмкін емес.

КСРО тұсында бокстан спорт шебері атанған Сейіткерім Тәтібекұлы жуалылық азамат. Саналы ғұмырында хирург-дәрігер болып еңбек еткен атпал азаматтың спортта да жетістіктері көп. 1942 жылы Боралдай ауылдық округіне қарасты қазіргі Рысбек батыр ауылында дүниеге келген оның жүріп өткен жолы көпке үлгі. Сейіткерім ең әуелі туған ауылындағы жеті жылдық мектепті, кейіннен аудан орталығындағы 10 жылдық мектепті бітіреді. Кейін Шымкенттегі медициналық колледжге оқуға түсіп, онда тіс дәрігері мамандығында білім алады. Алғашқы еңбек жолын Көлтоған ауылдық емханасында бастаған ол 1962 жылы Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы медицина университетіне оқуға түседі. Білім мен спортты да қатар алып жүретін оның даңқты жолы осылай басталды.

Айта кетейік, аядай ауылда еңбекпен шыңдалып өскен ұл жастайынан спортты жанына серік етті. Осылайша, аз ғана уақыттың ішінде бокстан спорт шебері және ел чемпионатының алты дүркін жеңімпазы атанады. Сол жылдары спортшының атағы алысқа кетіп, республикалық басылымдарда ол туралы мақалалар жариялана бастайды. Жерлесіміз елішілік жарыстармен қатар, Одақ көлеміндегі спартакиадаларда да топ жарды. Оған Одақтың сол кездегі астанасы Мәскеу қаласы мен Украинаның Киев секілді белгілі қалаларында жарыстарға қатысып, жеңімпаз болуы дәлел. Осы тұста жұдырықтасу өнерін шебер меңгерген Сейіткерімге Алматы қаласындағы дене шынықтыру институтында сабақ беріп, жаттықтырушы бол деген ұсыныс та түседі. Алайда, ол мұның барлығынан бас тартып, ауылдағы қартайған әкесіне және артынан ерген бауырларына қарайласу үшін туған жеріне қайтып келеді.

Туған жерге оралған ол аудандық орталық ауруханаға жұмысқа орналасып, ғибратты ғұмырының елеулі бөлігін өңір тұрғындарының денсаулығын нығайтуға арнады. Тіпті, Ташкентте оқып, кәсіби білімін жетілдіреді. Асыл азаматтың көзін көріп, араласқан жандардың айтуынша, ол адамгершілік қасиеті жоғары, өте көпшіл, ашық-жарқын мінезді, ешкімді бөлім-жармаған. Арда азамат отбасында да асыл жар, қамқор әке бола білген. Өмірлік серігі Шекеркүл екеуі ұл-қыз тәрбиелеп өсіреді. Қазіргі таңда ата мен әженің тәлім-тәрбиесін алған ұрпағы өмірден өз орындарын адаспай тауып, әр салада еселі еңбек етуде. Жуырда аудан орталығындағы спорт кешенінде КСРО-ның спорт шебері, ауданның Құрметті азаматы, хирург-дәрігер Сейіткерім Садықовты еске алуға арналған жарыс өтті. Сайыс барысында 2010-2011 жылы туған ұл балалар өзара кім мықтыны анықтады. 13 салмақ дәрежесінде сынға түскен барлығы 84 жас былғары қолғап шеберлерінің басын қосқан дода төрт күнге созылды. Ал, жарыс қорытындысымен жеңіске жеткен боксшыларға медальдармен қатар, түрлі дәрежелі дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Өз кезегінде даңқты боксшы әрі дәрігердің жұбайы ұйымдастырушыларға шынайы ризашылығын білдіріп, ізгі тілегін жеткізді.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар