Жаңа кинотуынды «Жүз жылдық жалғыздықтың» жүгін арқалай ала ма?
- author «Ақ жол»
- 27 қаңтар, 2025
- 250

Сериалға кең аудиторияға бейтаныс актерлер тартылып, түпнұсқаға ерекше құрметпен қаралғаны, таңғаларлық декорациялардың жасалғаны байқалады. Алайда, Маркес оқырманға шебер жеткізе білген сол ерекше магиялық сезім, өкінішке қарай, бұл маусымда көрермен үшін жеткіліксіз болып қалғандай.
Маркестің ұлы романын экранға бейімдеу барысында сәтсіздікке ұшырау ықтималдылығы жоғары. Бұл «Көне өсиетті» түсірумен бірдей тым күрделі іс. Бұған дейін де мұндай талпыныстар болған, бірақ оларды сәтті шықты деп айту қиын. Себебі, кітаптың құндылығы кез келген бейімдеуден биік. 1984 жылы таңғажайып жапон режиссері Сюдзи Тераяманың «Кемемен қоштасу» атты фильмін жарыққа шығарып көрді. Бұл туынды «Жүз жылдық жалғыздыққа» аздап ұқсас, алайда ресми байланысы жоқ. Ал, колумбиялық бестселлердің авторынан туындысына сериал түсіруге рұқсат сұраған ешкім болмады. Себебі, ол рұқсат бермейтінін бәрі білетін. Габриэль Гарсиа Маркес романды амбициясы зор режиссерлерден қызғыштай қорғап бақты.
Оны түсінуге болады: ақыл-есі дұрыс жазушы өзегінен шыққан өз шедеврін талауға тастай алмайды. Шынайылық пен қиял араласып, кейіпкерлер өліп, қайта тіріліп, бір-біріне жалғасатын ғасырлық ырғақты киноформатқа сыйғызу үшін режиссер емес, сиқыршы немесе бақсы болу керек шығар. «Жүз жылдық жалғыздықты» Алехандро Ходоровски («Қасиетті тау») немесе Терри Гиллиам («Толқындар елі») түсіре алар ма еді. Бірақ олар эпосты түпнұсқа мағынасынан алыстатпай, жаңа мән- мағына үстемелеуден қалай бас тартар еді? Міне, бұл мүлдем басқа мәселе. Маркес 2014 жылы дүниеден озғанда, автормен бірге оның ең ұлы шығармасы экранизацияланады деген соңғы үміт бірге сөнгендей көрінді. Алайда, «Жүз жылдық жалғыздық» – ақшаның ғажайып жасауға қабілетті екенін дәлелдеген ерекше жағдай. Жазушының мұрагерлері ақырында Netflix-ке бұл туындымен жұмыс істеуге рұқсат берді. Бірақ бірқатар қатаң талаптарды алға тартты. Біріншіден, роман тек өз отанында – Колумбияда түсірілуі керек. Екіншіден, жазушының мұрасы Голливудтың жеңілтек шоураннерлерінен барынша қорғалуы қажет. Ал, ең бастысы – кейіпкерлер тек испан тілінде сөйлеуі тиіс.
Күтпеген жерден стриминг алпауыттары (қайырымдылық ұйымы емес, халықаралық медиаиндустрия екенін ескерсек) бұл ережелерді сөзсіз, килікпестен, бірден қабыл алды. Олар колумбиялық Dynamo студиясына ондаған миллион доллар бөліп, тәуекелге бел буған авторлардың (Лаура Мора Ортега мен Алекс Гарсия Лопес) батыл шешімдеріне мойынсұнды. Фильмге дебютант-актерлерді мүмкіндігінше көбірек тарту идеясына қолдау көрсетті. Сонымен қатар, Макондоны басынан бастап бірден төрт нұсқада қайта тұрғызды. Бұл кішігірім колумбиялық ауылдың бірте-бірте қасіретке толы қалаға айналуын көрсету үшін қажет болды. Алайда, Маркес қиялдан тудырған өлкенің тағдыры ол пайда болмай тұрып-ақ шешіліп қойған еді.
Netflix сериалы «Жүз жылдық жалғыздық» романын айрықша дәлдікпен баяндауға тырысады. Буэндиа әулетінің негізін қалаған, ерік-жігері мықты патриарх Хосе Аркадио (Марко Гонсалес) өзінің туысы Урсулаға (Сусана Моралес) үйленеді. Алайда отбасы мүшелері олардың баласы шошқаның құйрығымен туылады деп қорқады. Ашуға булыққан Хосе отбасының абыройына тіл тигізген көршісін өлтіріп қояды. Осы сәттен бастап романдағы магиялық реализмнің алғашқы белгісі байқалады: өлген адам тыныштық таба алмай, қайта-қайта көрініп, Хосенің отбасының мазасын кетіреді. Бұл жағдайдан құтылу үшін Хосе әйелі мен айналасындағы он шақты батыл азаматты ертіп, туған жерімен қоштасады. Олар Колумбияның батпақты жерлерін аралап жүріп, Макондо деп аталатын елді мекеннің негізін қалайды. Бұл – тым шалғай жер, оған тек таңдаулылар ғана жете алады. Осы оқиғадан бастап Буэндиа әулетінің тағдырлы ғұмыры басталады. Әулет өсіп-өркендеп, тағдырлары бір-бірімен шым-шытырық байланысады. Қарттар өмірден өтіп, балалар өз үлесін іздеу үшін үйден аттанады. Отбасылық саганың күрделі қарым- қатынастары өрбитін жерде Колумбияның тарихы да қатар жүріп жатады: азаматтық соғыс басталып, елді банан корпорациясы жаулап алады. Ал, әулеттің соңғы буын өкілдерінің досы – жас Габриэль Гарсиа Маркес Парижге аттанып, бөтелке өткізуден түскен ақшамен күн көреді.
Бәрі шектен тыс шынайы болып көрінгенімен, Макондоны кейде елестер, тірілгендер мен өлгендер және уақыт кеңістігінде емес, уақыт ағымында саяхаттайтын сығандар мекендейді. Осындай жерде таңғаларлық әрі парадоксқа толы жаңалықтар ашылады: Архимед айнасы сияқты ерекше дүниелерден бастап, аптап елде бұрын-соңды болмаған мұзға дейін. Болашақ полковник Аурелиано Буэндианы (Сантьяго Васкес) сол мұзды көрсетуге арнайы алып барады. Дегенмен, көрермендерді таңғалдырмақ болған ғажайып тек бұл емес. Сценаристерді негізгі қиындықты жеңе алмағаны көбірек мазалап, кейде тіпті жалықтырып алғандай. Бұл көптеген экранизациялардың басты мәселесі. Яғни, оқиға баяндаушысына патологиялық түрде тәуелділікке тап болады. Магиялық реализмнің табиғи үйлесімділігі мен романдағы ерекше ырғақ экранда сол баяғы баяндау формасына негізделіп, сиқыр әсерін бәсеңдетіп жібергендей. Одан бөлек Буэндиа әулетіндегі үйлердің бөлмелерін біртіндеп шарлаған камераның арғы жағында көрерменге бәрін түсіндіріп беру міндетін атқаратын біреу жасырынып тұрғандай. Олсыз кейіпкерлердің неге кенеттен ұйқыдан айырылғанын, неге латын тілінде сөйлей бастағанын, неге жаңбыр толассыз жауатынын немесе кімнің кімге жақын туыс екенін түсіну қиын болар еді. Бұл – режиссерлердің жауапкершілігін жеңілдететін ыңғайлы әдіс, бірақ ол «Жүз жылдық жалғыздықты» аудиокітапқа айналдырып жібергендей. Әдемі көріністер көз қуантады, интерьерлер өте сәнді, актерлердің мұрттары сондай жарасымды, бірақ баяндаудың бұл тәсілі фильмді мәңгілік мәтіннің тек қосымша элементіне айналдырып жібереді. Егер экрандық бейімдеу тек кітапқа қосымша болып қала берсе, онда оның экранизациясы қаншалықты қажет? Бұл сұрақтың жауабы романның өзі сияқты күрделі: кітаптың сиқырын сезіну үшін оны оқу керек, ал фильм сол сиқырды толық жеткізе алмағанда, оның қажеттілігі күмән тудырады.
Маркес сөзсіз ерекше қасиетке ие роман жазды. Туындыда шынайылық үнемі сырғып кетіп тұрады. Ал, тарих пен миф бір қайықта қатар жүр. Оқыста орын алған ғажайыптар қарапайым үйреншікті құбылысқа айналған. Буэндиа әулетінде сәйкестіктер көп: балалар әкелеріне ұқсайды, солардың есімдері мен кемшіліктерін «мұраға» алады. Ақырында олардың басты қарғысы – атышулы «жалғыздық», дұрысырақ айтқанда, «жатсыну» – Макондодағы жылжыған жылдармен бірге күшейген үстіне күшейе түседі.
Netflix-тің колумбиялық эпостың кейіпкерлерімен бірге өткізетін уақыт сезімін, сондай-ақ олардың әр әрекетіне ілесетін библиялық астарын жеткізуі аса сәтті бола қоймаған сияқты. Бұған кінәлі – авторлық топтың түпнұсқа алдындағы үрейі. Яғни артық нәрсе айтып қоюдан қорыққан олар маңызды дүниелерді жеткізе алмаған. Дегенмен, туындыда дидактикалық экранизация тәсілінің артықшылығы да бар: ол көрерменді қайтадан кітапқа оралуға итермелейді.
Бір қызығы, бұл кітапты оқыған соң, екінші маусымды күтуге себеп табылмай қоймайды. Себебі, бірінші маусымда оқиғаның тек жартысы ғана қамтылған. Демек, «Жүз жылдық жалғыздық» мифологиясындағы ең маңызды оқиғалар әлі алда. Кім біледі, мүмкін, финалға дейін авторлар тобы Маркестің прозасына лайықты кинематографиялық пішін тауып қалар. Өнерде, әсіресе кино саласында эксперимент жасауға мүмкіндік шексіз. Бұған тек батылдық қажет. Ал, Маркестің ұлы шығармасы шексіз батылдықты қажет ететіні даусыз.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай облыстық семинар өтті
- 13 ақпан, 2025
Ұстаздық деген ұлы жол
- 21 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді