«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Тәтті ертегінің» ащы шындығы бар

«Тәтті ертегінің» ащы шындығы бар
Ашық дереккөз
Жазушы Көсемәлі Сәттібайұлының «Тәтті ертегі» деп аталатын балаларға арналған ертегі-хикаятының эпиграфынан Құран-Кәрімнің Бақара сүресінен алынған «Расында Алла шіркейді, одан да зорғыны мысал келтіруден ұялмайды» деген үзіндіні оқып, батыс қаламгерлерінің соқпақ- сонарынан бөлек, қазақы болмысқа тән тың дүниенің табалдырығынан аттағанымызды сездік. Жазушы ертегі-хикаяттың басты кейіпкерінің бірі Сәруәр ата арқылы балаларға ежелден келе жатқан діни танымдық ұстанымдарды құрметтеу қажеттігін ә дегеннен еске салады.

Бірақ ертегі-хикаяттағы Сәруәр ата діни наным-сенімнің көзсіз құлы емес, компьютерлік ақпараттық технология жаңалықтарына да құмбыл қария. Оның кішкентай достары Діннұр, Аяла, Аусар-Алмас та заманынан озық туған балалар. Бұлар жаңа ғасырда ғұмыр кешіп жатқандықтан ғылым мен білім жетісіктеріне құмар. Сондай қаһармандардың бірі – Супер-Компьютер бүгінгі дәуірдің символы іспетті. Жазушы өз жанына жақын кейіпкері Сәруәр атаны осы компьютерлік жаңарулар заманында өмірдің өзі тудырған өзгерістерден көш кейін қалмаған жан-жақты ақсақал ретінде суреттейді.

Балалар ес біле бастаған кезден бастап айналасын қоршаған ортадан көргендерін әр нәрсеге ұқсатып, салыстыра бастайды. Мысалы , инеліктіті кұшаққа, қырықаяқты – автобусқа, тасбақаны – танкіге немесе киіз үйге ұқсату сәбилердің сүйікті ойыны. Ертегі-хикаятта осы мәселе тапқырлықпен әсерлі жазылып, Супер- Компьютердің, Діннұрдың, Сәруәр атаның арасында инелік, тасбақа, қырықаяқ сияқты жәндіктерді өлеңге қосып, қайым айтыс үлгісінде өлең шығарып жарысатын сәттері бар.

Ойды ұштап, қиялды ғарышқа сүйрейтін мұндай мазмұндағы сөйлемдер қай оқырманды да, қай баланы да, қай ата-ананы да бейжай қалдырмайды. Өздерінің де бала болып, инелікті – тікұшаққа ұқсатқандарын естеріне түсіріп, езу тартқызады. Ғибратына тәнті етеді.

Жиырма бірінші ғасырды – компьютерлер ғасыры десек қателеспейміз. Олардың ақылдылығы сонша, бір өзі жазу машинкасының да, қалың-қалың ғылыми энциклопедиялардың да, көркем әдеби кітаптардың да, пошташылардың да, суретшінің де қызметін атқара беретін болды. Ал, Көсемәлінің Супер- Компьютері өлең де шығара алады. Ұшақ шықпай тұрып ұшатын кілем туралы армандаған ата-бабалар қиялының іске асқаны сияқты, бәлкім, болашақта өлең жаза алатын компьютер де дүниеге келетін шығар, кім біледі?

Ертегі-хикаятта көтерілген тағы бір мәселе – бүкіл адамзат баласы қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заманда өмір сүретін бейбіт те мамыражай дәуірді аңсау. Ондай заман бола ма өзі? Соғыс, зілзала, цунами, дауыл, өрт қашан тыйылады? Ол тыйылу үшін адамдар санасына мейірім, махаббат, кешірім, иман ұрығын қалай тең бөліп себеміз? Қасиетті Құран-Кәрім кітабының өсиеттерін жер жүзіндегі түрі бөлек, тілі басқа, діні өзге пенделер қалай орындайды? Адам ата мен Хауа ана заманынан бері адам санасы мен сұранысы өзгеріп келеді. Өзгере де бермек. Осы өзгерістер дүниежүзі халқын жаман жаққа тартып, жарға жыға ма, әлде жақсы жаққа алып барып, ұшпаққа шығара ма? Жазушы шығармасындағы қызықты оқиғалар, ащы шындықтар осы мәңгілік сауалды бүлдіршіндер ұғымына сай өзінше өрнекпен өрнектейді.

Жазушы өз қиялындағы Абату деген елдің қасіреті жөнінде ой қозғап, компьютер мен ғаламтордың құдіретіне тағы бір айналып соғады. Супер-Компьютердің: «...шебер Құдай адамға ақыл беріп, міне, сол ақыл иелерінің арасында сен де, әлгі өзің айтқан ғаламтор да дүниеге келді. Сондықтан бәрі Құдайдың құдіретімен болады...» деген сөзін келтіріп Абату президентінің Құдайға жалбарынғанын жазып алғанын айтады.

Шығармада осы заманнан жетпіс мың жыл бұрын өмір сүрген Бо тайпасының ең соңғы адамы – жасы сексен бестегі кейуананың өмірден озғаны да сөз болады. Сол кейуанамен бірге Бо тайпасының тілі де жойылады. Жазушы оқырмандарын Бо тайпасының басына төнген осы қасірет арқылы жер бетінен бір ұлт пен сол ұлттың тілінің жоғалғанын ескертеді. Сәруәр ата: «Күндердің күнінде біздің ана тіліміздің тағдыры не болар екен десейші» дейді. Сәруәр атаның осы сөзі арқылы қазақ тілінің қолданылу аясының кеңеюі үшін күрестің жүз жылдан бері аяқталмай келе жатқанын аңғартады.

Жазушы ауыз әдебиеті үлгілері мен әдеби шығармаларда қолданылатын түс көру желісін де шебер пайдаланады. Діннұр түсінде Қызыл Қоңызға мініп алып Абату еліне көмекке аттанады. Қиялшыл балалардың алыс-алыс елдерге сапар шегу арманын Діннұр арқылы сипаттайды: «Қызыл Қоңыз Діннұрды арқасына отырғызып алды да ұша жөнелді. Ұшып келе жатыр, ұшып келе жатыр. Кенет аспан асты Қызыл Қоңызға толды да кетті. Бәрінің арқасында Діннұр сияқты балалар бар. Бірі Ресейден, екіншісі Франциядан, үшіншісі Қытайдан, төртіншісі Үндістаннан, бесіншісі Пәкістаннан, алтыншысы Америкадан, жетіншісі Түркиядан, сегізіншісі Ираннан, тоғызыншысы Германиядан, оныншысы Мароккодан, он біріншісі Араб Әмірлігінен, ары қарай санау мүмкін емес, қысқасы, дүниежүзінде қанша мемлекет болса сонша мемлекеттен ұшып шыққан миллиондаған балалар екен» дейді...

Жазушы «Құдайдың сиыры» атанған Қызыл Қоңыз туралы қызықты деректер де келтіреді: «Алла тағаланың жаратқан дүниесінде артық-ауыс ештеңе жоқ, баяғы пайғамбарлар заманының тұсы болса керек. Қара ноқаттары бар Қызыл Қоңыз, негізінен, Аспанда өмір сүріпті. Періштелер сияқты Жерге анда-санда ғана түседі екен. Әрине, сонау жеті қабат Аспаннан бекерден-бекер ешкім Жерге түспейтіні белгілі ғой. Сондықтан «Құдайдың сиыры» атанған Қызыл Қоңыз (қара ноқаттары бар, әрине) жақсылық хабар жеткізген Елшідей ізгі істер де атқарыпты. Диқан бабамыз оның келіп- кеткен сәттегі тыныс-тіршілігіне қарап ауа райын бақылапты. Күннің райы қалай болады? Егіннің шығымы ше? Шаруа баққан адамдар үшін маңызды сауалдар көп қой.

Айтпақшы, бұл қоңызды Германияда – Қасиетті Мария Ананың қоңызы, Англияда – Құс ханым немесе Ана құсы, ал Аргентинада – Қасиетті Антонидың сиыры деп атайды. Мұсаның сиыры деген де аты бар. Ал, Мұсаның сиыры жәннатқа кіретін 10 жануардың бірі. Көрдіңдер ме, дүниенің түкпір-түкпіріндегі елдердің бәрі құрметпен қарайды екен өзіне...»

Ерекше атап өтетін жайт, қазақ балалар әдебиетінде балалардың дүнияуи танымын арттыру үшін жазылған прозалық шығармалардың бірегейі осы «Тәтті ертегі» деп айтуға болады. Жазушы бала психологиясын жетік меңгерген, баланың өмірге деген құштарлығын арттыра алатын детальдарды дөп басып таңдап алады. Жазушы балалардың танымдық қабілетін арттыру үшін өз елін өзге елдермен Қызыл Қоңызға мінгізіп таныстырады. Енді балалар әлемдегі болып жатқан оқиғаларды ғаламтор арқылы көре алады. Әртүрлі ұлттардың басына төнген түйінді мәселелерді көріп, олардағы қиындықтарды, ұлттық салт-дәстүрлерді, діни-исламдық құндылықтарды, атыс- шабыстардың қаупін көңіл сарайына тұрақтандыра алады.

Міне, әдетте осындай шығармалардың көркемдік қуаты бала санасын рухани азықпен толықтырып, ал мазмұны балалардың ақылы мен ойына берік орнығып, асқақ арман-мақсаттарға қанат қақтырады.

 

Меңдібай ӘБІЛҰЛЫ,

филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Ұқсас жаңалықтар