
Робототехника – роботтардың құрылысымен, жұмысымен, оған қоса оларды басқарумен айналысатын ғылыми технологияның саласы. Қазіргі таңда әлемде бұл үлкен сұранысқа ие болып отыр. Мұндай әлемдік даму үдерісінен біздің елдің балалары да шет қалмауы тиіс. Осы мақсатта техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығының «Робототехника» үйірмесі бір жылдан бері жұмыс істеп келеді. Үйірмеге 1-9 – сынып оқушылары қамтылады. Үйірме оқушылардың бір-бірімен ғылыми-техникалық идеялар, техникалық-инженерлік білімдерін шыңдап, тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді. Мұнда жас жеткіншектер роботтардың әр түрін құрастыра отырып, балалар шыдамдылыққа, терең ойлауға және әрбір жасалған жұмыстың нәтижесін көруге қалыптасады. Робот құрастыру, негізінен, екі деңгейден тұрады. Біріншісі – роботтарды құрастыру, екіншісі – негізгі бағдарламаларын құру.
– Білім беру саласында сабақтан тыс уақытта жүргізілетін әрбір үйірменің жеке тұлғаны қалыптастырудағы рөлі ерекше. Оның ішінде, техникалық-шығармашылық үйірмелердің өзге үйірмелерге ұқсамайтын өзіндік атқаратын қызметі мен тәлім-тәрбиелік мүмкіндігі зор. Робототехника – автоматтандырылған техникалық жүйелерді дамытумен айналысатын қолданбалы ғылым, оқушылардың болашақ кәсіптерін анықтап, қабілеттерінің дамуымен қатар өзін-өзі танып білуге, техника әлемін зерделеуге, қабілеттерін, біліктіліктерін шыңдауға мүмкіндік жасайды. Робототехниканы зерттеу оқушылардың болашақта ізденісін одан әрі дамытуына ықпал етеді. Оқушылар робот құрастыра отырып, өзінің автоматтандырылған құрылғыларын құрады, оларды қадағалайды және эксперимент жүргізеді, модельдің практикалық қолданылуын іздейді, ғылыми бағыттағы инженерлік мамандықтың іргетасын рухани байлықтарымен қалыптастырады. Оқушылар нақты мақсат қойып, оған жетуге үйренеді, өмірдегі проблемаларды шешу үшін сыни ойлайды және шығармашылық дағдыларын қолданады. Технократтық дәуірде құлтемірден қауіптенуге негіз жоқ. Өйткені, олардың да қолынан келмейтін жұмыс көп. Олар – адам қиялынан туған дүние. Жаппай роботтандыру – дамыған мемлекет тұрғындарына ғана тән. Әлемнің көп бөлігінде болашақта да адам еңбегін пайдалану жалғаса береді. Бұл жерде роботты қолдану не қолданбау жұмыс берушіге экономикалық тұрғыдан тиімді болуына байланысты екені сөзсіз, – дейді робототехника үйірмесінің қосымша білім беру педагогы Нұрсұлтан Түркменов.
Бүгінде үйірмеде аптасына екі мәрте 30 бала жаңа технологияның қыр-сырын білуге мүмкіндік алуда. Мұдағы арнайы кабинеттегі құрастырғыш жинақ үйірме қатысушыларына үйренуге аса қиындық туғызбайды және құрастырмалардың көмегімен кез келген пішіндегі роботтарды жасап шығаруға болады. Оқушылар роботтарды құрастыруды, оларды құрылғы арқылы басқаруды меңгеріп, түрлі техникаларды, кран мен жануарлар кейпіндегі роботтарды да құрастыруды үйренген. Сонымен қатар, осы уақыт ішінде үйірме оқушылары Айтөре Айтбек, Нұрқанат Сәрсенбай, Нұрзат Аманбек, Шерхан Амантай, Жансерік Нұрғали, Зере Өтеулі, Інжу Даниярқызы секілді технологиялық игілікке жаны құмар жастар аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр.
Үйірмеде оқу бағдарламасы бірсарынды форматта емес, қызықты өткізілуі үшін түрлі жобалар қарастырылған. Мәселен, «Инновация және идея шығармашылық алаңы» жобасы бойынша облыстық семинар аясында әуе шоу ұйымдастырылып, түрлі идеялармен макеттер жасалынды. Дәл осы макеттермен «Жас өнертапқыштар» облыстық байқауында «Әуе модельдеу» үйірмесінің оқушылары жүлделі алғашқы орындарды еншілеген. Соның бірі – аталмыш байқауда «Баламалы энергия көздерін тиімді пайдалану» тақырыбы бойынша бірінші орын иеленген Бинұр Өтеулі. Ол су көздерін үнемді пайдалануға мүмкіндік беретін қондырғының нобайын жасап шығарған.
– Туған жеріміздің географиялық ерекшеліктерін тиімді игеру қажеттілігі мен бүгінгі заманның баламалы энергия көздерін өндіруге басымдылық беріп отырғанын ескерсек, мұндай жобалардың алда сұранысы артары анық. Осы мақсатта су көздерінен электр энергиясын өндіретін қондырғының нобайын жасап шығардым. Бұл су қоймасының маңында орнатылып, толқындардың есебінен электр қуатын өндіруге бағытталған. Келешекте жобаны жетілдіріп, өндірісте қолданысқа енгізуді мақсат етудеміз – дейді жоба авторы Б.Өтеулі.
Айта кетейік, 2020 жылдан бастап қолданылуға берілген орталықта мамандар робототехника үйірмесінен бөлек көркем-эстетикалық және тілдік бағыт, био-экологиялық бағыт, сәндік қолданбалы және кәсіптік бағдар бойынша жұмыс істеп, қазіргі таңда 21 үйірменің жұмысын жандандырып отыр. Орталықтың негізгі мақсаты – мектеп жасындағы балалардың бос уақытын тиімді пайдалануға ықпал етіп, жас түлектерге мамандық таңдау үшін кәсіби бағдар беру болып саналады.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді