Қазақстан қарсыластарынан асып түспесе, кем түспейді
Спорттың жекелей түрлері бойынша Словакия елінде өтіп жатқан Универсиадада шаңғысын сайлаған қазақстандық спортшылар жеңістен-жеңіске жетіп жатыр. Олар кей жағдайда Ресей мен Украина секілді қысқы спорт түрлері қарыштап дамыған елдердің өзін тасада қалдырып, мәреге бірінші болып жетіп, айдай әлемді таңғалдыруда.
Иә, Словакия төрі жерлестеріміз үшін жеңіске толы болуда. Алдымен жас шаңғышы Анастасия Слонова құстай зулап, қарсыластарының алдын орады. Спринтерлер бәсекесінде бәсі жоғары болған жерлесімізді алтыннан алқа тағады дегенге көп адам сене қойған жоқ. Дегенмен, қарсыластарынан оқ бойы озық болған ол мәре сызығын екінші болып кескен польшалық Эвелина Марчижден он сегіз секунд ұзап кетсе, ресейлік Светлана Николаева тіпті шаң қауып қалды. Ол қазақстандық спортшыдан 42 секундқа қалып қойды. «Бұл жеңіс жеңістердің басы ғана. Алда әлі талай мәртебелі додалардың болатыны белгілі. Сол сындарда ел абыройын асқақтату – басты арманым. Көк байрағымыз көкте желбіресе, ол дегеніміз баршамыздың жеңісіміз ғой. Сол жолда аянбай тер төгетін боламын», дейді 23 жасар спортшы бұл жеңістің кездейсоқ емес екенін айтып. Бұдан кейін Осрбли алаңдары тағы бір қазақстандық спортшының жеңісіне куә болды. Биатлоншы қыз Алина Райкова сәт сайын жылдамдығын арттырып, кедергілердің бәрінен мүдірмей өтіп, мәре сызығын жеке дара кесіп өтті. Иә, Райкованың жеңісіне де таңдай қаққандар аз болған жоқ. Солардың бірі: «Қазақстанда қысқы спорт түрлері кенжелеп қалған деген сөзді Слонова мен Райкова жоққа шығарды. Бұл жеңісті жорықтардың әрмен қарай жалғасатыны мәлім. Демек, Қазақстанда резерв бар», депті. Екі бірдей алтын жүлдені қоржынға салған қазақ елінің командасы әзірге көш бастаушылардың санатында тұр. «Бұл жеңіс – мен үшін үлкен мәртебе. Аванс. Алдағы уақытта да үлкен жеңістерге жетуге бар күшімді сарқа жұмсайтын боламын. Әлі сан додаларда ел намысын абыроймен қорғайтыныма сенімдімін», – дейді Райкованың өзі. Сонымен, жекелей сында желден жүйрік Райкова алтыннан алқа тағынса, екінші орын ресейлік Екатерина Аввакумоваға бұйырды. Ал үздік үштікті словакиялық Паулина Фьялкова түйіндеді. Қазақстандық өзге биатлоншылар да жақсы өнер көрсете білді. Мәселен, Галина Вишневская жүлдеге сүйем қарыс жетпей қалса, Дарья Усанова үздік ондықтың қатарынан ойып тұрып орын алды. Ол тоғызыншы болып мәреге жетті. Сонымен қатар, Анастасия Кондратьева жиырма тоғызыншы орынға тұрақтап, үздік отыздықтың санатына енді. Ал Галина Микрюкова болса, мәре сызығын отызыншы болып кесті. Қазақ спортшылары осылайша төрткүл дүниеге өзінің мықты екендіктерін дәлелдеп бағуда. Ілгеріде оң жамбасымызға келе бермейтін қысқы спорт түрлерін бағындыра бастағанымыз біз үшін үлкен жетістік екені анық. Алда болатын додаларда да қазақ спортшылары жеңісті жорықтарын жалғастырар. Словакияда басталған Универсиада бірінші ақпаннан бастап Испания еліне ауысады. Әрмен қарай он төртінші ақпанға дейін аталмыш елде саңлақтар ел намысын қорғайтын болады. Екі елден де қоржынымыз толып қайтарына сенім мол.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді