«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әлем әдебиетіндегі әйел бейнесі

Әлем әдебиетіндегі әйел бейнесі
Ашық дереккөз
Әдебиеттегі күрделі ұғымның бірі – әйел бейнесі екені белгілі. Өйткені, алғашқы қауымдық құрылымда жаратылыстың бастауы деп танылған нәзікжандылар әр кезең әдебиетінде дәуір тынысын аңғартып отырды. Антикалық кезеңдегі әскери демократияда әйел еркекпен тең құқылы ғұмыр кешіп, политеистік жыр-дастандарда «құдай» дәрежесіне дейін көтерілді. Ал, әлемдік діндерде әйел қателік атаулының бастауы саналып, кәрі құрлықта надандық салтанат құрған «Қара түнек ғасырларында» осы атты арқалады. Осылайша екінші мыңжылдықта әйел бейнесі тек Ренесанс пен Жаңа заман әдебиетінде өз биігінде дәріптелді. Осылайша, XIX ғасырда персонализм философиясы кең етек жайғанынша әлем әдебиетіндегі әйел бейнесі сан құбылды. Соған қарамастан бүгінгі күнге дейін әр елдің әдебиетіне тән өзіндік бейнесі қалыптасты.

ЭЛИЗАБЕТ БЕННЕТ

Мәселен, ағылшын әдебиеті десе, Ұлыбритания жазушысы, атақты Джейн Остиннің екінші кітабы «Тәкаппарлық пен жалған сенім» (Гордость и предубеждение) бас кейіпкері Элизабет Беннетті айтпасқа болмайды. Өйткені, роман жарыққа шыққаннан бері елдегі біраз бойжеткен Элизабетке еліктеп, оның болмысынан, үйлесімді іс-қимылынан сабақ ала бастады. Бұл кейіпкердің соншалықты танымал болуына оның тәрбиелі, беделді отбасының қызына тән болмысқа қарама- қайшы келуімен байланысты еді. Сол уақыттағы Англия бикештері тек отбасының дегенімен жүріп, өзін әрқашан жұрт алдында биік ұстап, артық қауесет пен іске жол бермейтін еді. Элизабет болса еті тірі әрі шынайы болатын. Ол орынсыз болса да әзілдей алатын, өзінің қатесін мойындайтын және қатал тәртіппен өскен бойжеткенге тән болмаса да, дұрыс емес нәрсені ашық айта алатын еді. Элизабеттің образы XIX ғасыр әдебиетіне біраз өзгеріс алып келді. Сол уақытта дүниеге келген шығармалардағы кейіпкерлер образының көбі Элизабетке ұқсай түсті.

ОТИКУБО ХАНШАЙЫМ

Ал, күншығыста осы мезетте Жапония біраз жылдар «Жабық есік» саясатын жүргізгені бәрімізге мәлім. Сол себепті қоғамдық таптаурындар мен мінез-құлық нормасы Еуропадағыдай өзгере қоймады. Ұлттық жазушыларға әсер еткен алғашқы мінсіз әйел образы жапон әдебиетінде ертерек пайда болды. X ғасырда белгісіз автордың «Таңғажайып Отикубо туралы аңыз» атты туындысы жапон әйелдерінің образын жасады. Туынды Күлшеқыз туралы ертегіні еске салады: Мұнда да өгей шешесінен әбден қорлық көрген бойжеткеннің оқиғасы суреттеледі. Ол үй жинайды, тамақ дайындайды, үйдің бар тұрмыс-тірлігіне жауапты. Бір күні бойжеткен беделді жапон әулетінің жас мұрагерімен танысып, оған ғашық болады. Бұл жердегі басты нәрсе – Отикубо жас жігіттің жүрегін тек сұлулығымен ғана емес, еңбекқорлығы, ерекше талғамы және өлең жаза алатын таланты арқылы жаулап алуы. Осы қасиеттерді жапон халқы әйел бойындағы ең маңызды нәрсе санайтын. Кез келген ақсүйек әйел жарын жерге қаратпау үшін өнерден хабардар болуы шарт еді. Шығарманың Күлшеқыздан айырмашылығы Отикубо өзіне күн бермеген әке-шешесін жазалаудың орнына, сүйіктісін оларға көмек қолын созуға көндіреді.

ТАТЬЯНА ЛАРИНА МЕН НАТАША РОСТОВА

Орыс әдебиетіндегі әйел образдары сөз етілгенде Александр Пушкин мен Лев Толстойдың шығармасындағы әйелдер аталмай кетпейді. Татьяна Ларина, Наташа Ростованың өзін-өзі ұстау мәнері мен мінезі біраз уақытқа дейін нағыз орыс әйелінің болмысы саналды. Отбасылық құндылық пен жарға деген адалдық әйелдің өз қалауы мен қызығушылығынан жоғары болып, біразға дейін әйел адамның өмірлік қағидасы осы болды. Ал, Наташа Ростова нағыз аналық махаббаттың символы мен жарының сенімді тіреуі әрі жұбанышы бола білді. Бір қызығы, Татьяна Ларинаның да, Наташа Ростованың да образдары орыс әйелдерінің жиынтық образынан туған жоқ. Пушкин «Евгений Онегин» шығармасын жазғанда француз әдебиетіне көп мән берсе, Лев Толстой ағылшын әдебиетінен шабыт алған. Соған қарамастан қос әдеби кейіпкер орыс ұлтының символына айналған әйел образын қалыптастыра білді.

ФРАНЦИЯ: БОВАРИ ХАНЫМ

Жазушы Флобер өзінің ұнамсыз кейіпкері Бовариді француз әйелдерінің сүйіктісіне айналады деп ойламаса керек-ті. Моралист жазушының ойында Эмма Бовари пасық, сәл дөрекі, іш пыстырарлық кейіпкер еді. Ол талқыға түсіп, оқырмандардың жерден алып, жерге салуы тиіс кейіпкердің шығармадағы жалғыз жазасы «өлім» болатын. Сол себепті автор өз жарына қиянат жасаған Бовариді өлтіруге шешім қабылдайды. Дегенмен, оқырман қауымның басым бөлігі автордың бұл ойымен келіспейді. Жаны романтикаға толы адамдардың басым бөлігі оның болмысын, жүрегін тыңдай білген және қоғамның орынсыз пікірімен өмір сүруден бас тартқан адам ретінде таниды. Бұл мінезі де француз бикештерін айрықша еліктірсе керек.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар