Енді аздап болса да кейбір қолда бар мәліметтерге жүгінейік. Ұлы Отан соғысы жылдары 200 мыңнан астам дәрігер, 1,5 миллион орта медицина қызметкері әскер қатарына шақырылып, жарақат алған және науқастанған жауынгерлерге медициналық көмек көрсетуге жұмылдырылды. Олардың қатарында қазақстандық медицина қызметкерлері де болды. Медицина қызметкерлерінің арқасында қаншама жанның өмірі сақталып, денсаулығы қалпына келтірілді.
Кескілескен қантөгіс майданда жарақат алған 9 миллионнан астам жауынгер мен офицерге жауындай себелеп, борап тұрған оқ арасында, снаряд пен бомбалар астында дәрігерлік көмек көрсеткен медицина қызметкерлерінің жанқиярлық еңбегін, олардың Ұлы Жеңіске қосқан үлестерін немен бағалауға болады?
Соғыста 85 мың медицина маманы оққа ұшып, қаза тапты немесе хабарсыз кетті. Олардың ішінде 5 мың дәрігер, 9 мың медбике мен фельдшер, 23 мың санитар-нұсқаушы, 48 мың санитар болатын. Медицина қызметкерлері майданда жарақат алған әскерлердің 72,3 пайызын және науқастанғандардың 90,6 пайызын емдеп, қайта қатарға қосты. Бұл дегеніңіз, егер оны цифрларға айналдырсақ, 17 миллионға жуық адам болады екен.
1941 жылы тек бір ғана біздің облыстан 123 медицина қызметкері әскер қатарына алынды. Сұрапыл соғыс даласындағы әскери госпитальдарда біздің облыстан шақырылған 500-ге жуық медицина қызметкері қажырлы еңбек етті. Олардың басым көпшілігі Мәскеуден Берлинге дейін жетіп, Жеңісті сонда қарсы алды. Атын атап өтсек, олар көп жылдар Жамбыл облыстық ауруханасында еңбек еткен хирургтер Н.Мұқышев, Г.Әбдікәрімов, А.Леонтьев, С.Александров, Қ.Құлынбаев, терапевтер Н.Нұғыманов, Н.Голубев, Е.Исеналиева, Е.Понамаренко, Б.Баймұханов, Н.Фирсов, А.Капасакалис, медбикелер А.Палий-Зеленцова, М.Яременко, А.Анисимова, В.Качерга, Е.Павличева, Т.Радченко, фельдшер Г.Ильченко және тағы басқалар. Облыс көлеміндегі басқа да емдеу-профилактикалық мекемелерден соғысқа қатысқан медицина қызметкерлері аз емес.
Жамбыл облыстық ауруханасының сол жылдардағы бас дәрігері, хирург Гулам Әбдікәрімов 1942 жылы майданға аттанып, атақты генерал И.Панфилов атындағы 8-ші гвардия дивизиясының құрамында әскери борышын атқарды. Мыңдаған жараланған жауынгерлерге әскери дала госпитальдарында ота жасап, қан құйып, уақытпен санаспай хирургиялық көмек көрсетті. Сөйтіп, Жеңісті әскери госпитальдың ота бөлмесінде қарсы алды. Әскери қызметі үшін «Қызыл жұлдыз», «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орден, медальдарымен марапатталған. Соғыс аяқталғаннан соң Таразға оралып, көп жылдар бойы облыстық ауруханада абыроймен еңбек етті. Ол облыста қан құю станциясы мен санитарлық авиацияның іргесін қалаған дәрігер болатын.
Нағым Мұқышев 1936 жылы Алматы медициналық институтын аяқтап, Кеген, Қарсақпайда хирург болып еңбек етті. Оның тыныш бейбітшілік өмірін 1941 жылы басталған Ұлы Отан соғысы үзіп кетті. «Жау жағадан алғанда менің мұнда тыныш еңбек етіп жүргенім дұрыс болмас» деп ой түйген ол жергілікті әскери комиссариатқа барып, майданға сұранды. Көп ұзамай ол әскери медсанбатқа алынды. Шым-шытырық күтпеген оқиғалардың, қантөгістің ортасында жүріп, ол тәжірибесі мол оташы ретінде хирургиялық көмек көрсетті. Жаңбырша жауған оқтан бас сауғаламай, күндіз-түні от-жалынға оранып жүріп І-ші Белоруссия майданының медсанбатының жетекші хирургы болып еңбек етті. Оның алдынан бірнеше жүздеген жаралы әскери адамдар өтіп, ем-дом алды, сауығып, соғыс даласына оралды. Майдандағы еңбегі еленіп, «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, көптеген медальдармен наградталды. Ұлы Жеңісті Алмания жерінде қарсы алды. Соғыс бітсе де оның зардаптарына ұшыраған жандарды қатарға қосу үшін 1952 жылдың аяғына дейін Алманияда, Польшада, Ресейдің әскери госпитальдарында белді хирург болып қызмет атқарды. 1953 жылы денсаулығына байланысты отставкаға шығып, Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы жолдамасымен Жамбыл облыстық ауруханасының хирургия бөлімшесінің меңгерушісі болып қызметке келді. Облыс көлемінде бұрындары жасалмайтын хирургиялық, травматологиялық, нейрохирургиялық операцияларды енгізіп, шәкірттер дайындап, хирургиялық өз мектебін ашты.
Майдангер дәрігер Сергей Александров та майдан даласында 1943-1945 жылдары қызмет етіп, талай жанды өлімнен құтқарып, дәрігерлік көмек көрсетті. Майданда көрсеткен жәрдемі еленіп, бірнеше ордендер мен медальдармен марапатталды.
Нығмет Нұғманов (1911-1971 жж.) 1936 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын тәмамдап, біраз жыл дәрігер-терапевт болып еңбек етті. 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, әскери госпитальдарда қызмет атқарды. Отан алдындағы еңбегі бағаланып, Ленин және «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, «Майдандағы ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен наградталды. Соғыстан кейінгі жылдары Жамбыл облыстық ауруханасында терапевт, бөлім меңгерушісі болып еңбек етті. 1961-1971 жылдары Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас терапевті қызметінде болды. Оған «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген дәрігер» атағы берілді.
Дәрігер Борис Баймаханов қан майданның ортасында 4 жылға жуық болып, сұрапыл соғыста жарақат алған әскерлерге қажетті мдициналық көмек көрсетті. Көптің алғысын алып, көптеген ордендер мен медальдарға ие болды. Соғыстан кейінгі жылдары облыстық ауруханада патологоанатомиялық бөлімшені басқарып, облыстық судмедэкспертиза бюросында дәрігер-сарапшы болып еңбек етті.
Жерлесіміз, Мойынқұмның Көктерек (Бірлік) ауылының тумасы Раиса Мақашева Алматы мемлекетттік медицина институтын бітірісімен 1942 жылы өз өтінішімен майданға аттанып, Прибалтика және Белоруссия соғыс госпитальдарындағы хирургия бөлімшелерінің меңгерушісі бола жүріп, жарақаттанған жауынгерлер мен офицерлерге ота жасап, олардың көбісін қайта қатарға қосты. Соғыс жеңіспен аяқталғаннан соң да біраз мезгіл әскери госпитальдарда қызмет етіп, 1946 жылы елге оралды. Бейбіт жылдары (1946-1952) Қазақстан Ұлттық академиясының Өлкелік патология институтында кіші ғылыми қызметкер, 1952 жылдан Алматы мемлекеттік медицина институтында (қазіргі Қазақ ұлттық медицина университеті) тері және венерология аурулары кафедрасының ассистенті, доценті, профессоры, кафедра меңгерушісі, 1978-81 жылдары Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің Тері-венерология ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметін атқарды. Медицина институтының тері аурулары кафедрасының меңгерушісі бола жүріп, көп жылдар студенттерге дәріс берді, мамандар дайындауға өз үлесін қосты. «2-дәрежелі Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы берілген.
Коммунист-дәрігер Екатерина Исналиева 1939 жылы Саратов медициналық институтының педиатрия факультетін тәмамдаған. Ұлы Отан соғысына қатысып, 1942-1945 жылдары дала әскери медсанбатында, госпитальдарда аса қажырлықпен еңбек еткен. Көптеген мемлекеттік медальдармен марапатталған. 1946 жылы Жамбыл қалалық балалар ауруханасына қызметке келді. 1947 жылы осы аурухананың бас дәрігері қызметіне тағайындалып, зейнеткерлікке дейін абыроймен еңбек етті. 1962 жылы «Қазақ ССР-на еңбек сіңірген дәрігері» атағы берілді.
Елена Понамаренко Харьков медицина институтының емдеу факультетін 1938 жылы бітіріп, Украинада дәрігер-терапевт болып еңбек жолын бастады. Ұлы Отан соғысы жылдарында неміс басқыншылары окупациялаған аймақта болып, астыртын жұмыстарға белсене атсалысты. 1944 жылдан соғыс аяқталғанша №5979 эвакогоспитальда дәрігер болып, жарақат алған майдангерлерге дәрігерлік көмек көрсетті. 1946 жылы Ұлы Отан соғысы майдангерлеріне арналған емханада еңбек етіп, 1946 жылдың аяғында әскерден демобилизация болған күйеуі екеуі Жамбыл қаласына қызметке келді. Көп жылдар бойы облыс тұрғындарына медициналық көмек көрсетіп, 1952-1971 жылдары облыстық аурухананың терапия бөлімшесінің меңгеруші қызметін абыроймен атқарды. Ерекше кәсіби қабілеті мен ерен еңбегі үшін «Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген дәрігері» атағы беріліп, бірнеше мемлекеттік медальдармен наградталды.
Қазақтың тағы бір қайсар қызы Гүлімжан Қарсыбекова Жамбыл облысында 1919 жылы малшының отбасында дүниеге келген. 1937-1938 жылдары Алматы қаласындағы медицина институтының жұмысшылар факультетінде білім алды. 1938-1942 жылдары сол медицина институтында оқыды. 1942 жылы өз еркімен Ұлы Отан соғысына аттанады. Сол жылдың күзінде Волхов майданында 59 армияның қарамағындағы 3393 далалық госпитальдің дәрігер-хирургы болады. Ленинград қоршауына қатысып, 1944 жылы Новгородты азат ету жолындағы ұрыстарда талай жауынгерді ажалдан арашалап қалғаны үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталады. Одан кейін 1-Украин майданының құрамында Польшаны азат ету жөніндегі ұрыстарға қатысады, мұнда 12 мың әскери тұтқын отырған госпитальды басқарады. Соғыс аяқталғаннан кейін елге оралып, ғылыммен айналысты.
Мойынқұм ауданының Бірлік ауылында 1920 жылы дүниеге келген Матхалық Қайрақбаев 1938 жылы Алматы медицина институтына түсіп оқып жүргенінде, соғыс басталып, мезгілінен бұрын дәрігер дипломы беріліп, 1942 жылы соғысқа аттанды. Әскери госпитальда Жеңіс күндеріне дейін еңбек етті. 1946 жылы елге оралып, 1953 жылға дейін шекарашылардың медсанбатында дәрігер болды. Одан кейінгі жылдары ғылыми жұмыстармен айналысып, Қазақтың өлкетану институтында ғылыми қызметкер, Өскемен қаласындағы сол институт филиалының директоры қызметтерінде болып, кандидаттық, докторлық диссертация қорғады. 1964 жылы Онкология және радиология институтына ауысып, зейнет жасына дейін профессор болып абыроймен еңбек етті.
Александр Леонтьев 1938 жылы Иванов медициналық институтын тәмамдаған. Ұлы Отан соғысы жылдары әскери госпитальда еткен еңбегі еленіп, «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендері мен «Кенигсбергті алғаны үшін», «Жеңіске қосқан үлесі үшін» және де көптеген медальдармен марапатталды. Майданнан кейін Жамбыл облыстық ауруханасында дәрігер-травматолог болып, 1952-1955 жылдары әскерге кері шақырылып, әскери медсанбаттың травматология бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарды. 1960-1972 жылдары Жамбыл облыстық ауруханасының травматология бөлімшесін басқарды. Зейнетке шыққан кейін де емханада травматолог болып еңбек етті.
1941 жылы 19 қыркүйекте Жамбыл станциясының клубында алғашқы эвагоспиталь ашылып, пойызбен жеткізілген майданда жарақаттанған әскери қызметкерлерді қабылдады. Кейінірек Жамбылдан басқа, Меркі және Шу станцияларында 360 төсектік әскери госпитальдар ұйымдастырылып, оған қоса соғыс жүріп жатқан аймақтардан барлығы 1500 төсектік 4 әскери госпиталь көшіріліп әкелінді. Олар теміржол клубтарында, жергілікті қонақүйлер мен балалар шипажайларында, мектептер мен кеңселерге орналастырылды. Облыста жаралы жауынгерлер мен офицерлерге көмек көрсету жөніндегі комитет құрылып, госпитальдардағы науқастарға ерекше көңіл бөлінді. Негізінен әскери госпитальдарда бірінші және екінші топтағы мүгедектер болатын. Олардың біразы жарақаттарының асқынуынан көз жұмып, соғыс қасіретінен мәңгілік тыныштықты осында тауып, жергілікті зираттарға жерленді. Сондай бейіттің бірі қазіргі Тараз қаласының батыс жағындағы Қарасу аймағындағы ескі үлкен қорымда. Оның басына кейінірек қызыл тастан ескерткіш-құлпытас қойылды. Мұндай госпитальдарда қайтыс болған жауынгерлердің ескі зираттары Меркі, Шу, Т.Рысқұлов және Жуалы аудандарында да бар.
Соғыс жылдары майдан даласында мыңдаған орта буын медицина қызметкерлері жарақаттанған әскерлерге медициналық көмек көрсетіп, олардың біраз бөлігін ажал тырнағынан алып қалғаны белгілі. Олар туралы газет пен журналдардан, кинофильмдер мен монографиялардан көптеген мәлімет алуға болады. Мысалы, медбике қазақ қызы туралы Кеңестер Одағының Батыры, генерал-полковник Д.Драгунский кезiнде былай деп жазыпты: «Сұмдық көрiнiстiң куәсi болдым. Алға ұмтылған танкінiң бiрi отқа оранды. Қарасам, бүйірінде Қызыл Крест белгiсi мен сөмкесі бар өрiмдей қазақ қызы жалын құшқан машинаның қақпағын ашып қойып кеттi. Осылайша ажал апатына төрт рет сүңгiп, төрт танкистi құтқарды». Бұл топалаң соғыстың бір шағын ғана көрініс-эпизоды. Ал оның қаншамасы көзге ілінбей, кинокамераға түспей, кітап-газетке жазылмай қалды десеңші...
Соғыс даласы мен окоптарда, әскери госпитальдарда тынбай еңбек еткен дәрігерлер, медбикелердің, санитарлық-нұсқаушылардың көрсеткен ерлігі еш ұмытылмақ емес.
Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдары да жеңіл өткен жоқ. Бұл жалпы ел үшін ауыр жылдар еді. Сол еңбеккерлердің денсаулығын қадағалап, эпидемиялық қауіпті аурулардың таралмауына, соғыстан қайтқан жарадар жандарды аяғына тік тұрғызуға медицина қызметкерлерінің үлесі аз болған жоқ. Уақыт талабы солай болды, олар аянбай, уақытпен санаспай, күндіз-түні халыққа қалтқысыз қызмет етті.
Егер мемлекет жағынан денсаулық ісіне көрсетілген қамқорлық болмағанда, көптеген қиындықтар туындар еді. 1939 жылы облыстық денсаулық сақтау саласына 6790 мың рубль бөлінсе, 1945 жылы оның көлемі 14000 мың рубльге жетті. Облыс бойынша 1939 жылы жалпы стационарлық төсек саны 766 болса, 1945 жылы оның саны 1208 төсекке жеткізілді. Ауылдық жердегі дәрігерлік-емдеу орындарының саны 1939 жылы бар болғаны 12 болса, 1945 жылы олардың саны 27-ге толды.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен ерлік пен қайтпас қайсарлық көрсеткен орта буын медицина қызметкерлеріне Бүкілдүниежүзілік Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қозғалысының шешімімен табыс етілетін Флоренс Найтингейл атындағы медальға ие болған медбикелердің есімі ерекше құрметпен аталады. Аталған жоғары наградаға қазақстандық 5 медбике ие болды. Олар Рәзия Ысқақова (Шымкент), Мария Смирнова-Кухарская (Көкшетау), Анна Дмитриенко (Тараз), Вера Широкая-Руденко және павлодарлық Антонина Дмитриева (Глубина) болатын.
Енді сол зор құрметке ие болғандардың арасынан жамбылдық Анна Михайловна Дмитриенко туралы мәлімет бергенді жөн көрдік. Ол соғыс басталғанда өрімдей жас еді, бар болғаны 18 жаста болатын. Мәскеу, Ленинград, Старая Русь қалаларын қорғаған жауынгерлерге қанатымен су сепкен қарлығаштай медициналық жәрдем беріп, жарақаттанғандарға жанкештілікпен аянбай қызмет етті. Сөйтіп жүріп 1944 жылы майдан даласында жарақат алды. Бірақ, одан кейін қан тапсырып донор болды. Жалпы санағанда 70 литр қан беріпті. Соғыстан оралғаннан кейін 25 жыл туберкулезге қарсы күресу диспансерінде тиянақты еңбек етіп, донорлықты жалғастырады. Үйде науқастарды күту бойынша қызметшілер курсын ашып, жастарға дәріс берді және донорлықты насихаттаушының бірі болды.
Қан майданда толарсақтан саз кешіп, оқ пен оттың, өлім мен өмірдің арасында жанталасып жаумен күрескендер мен ерлікпен тең еңбек еткен тылдағы адамдарды – абзал ардагерлерімізді қалай ардақтасақ та жарасады.
Қанша жылдар өтпесін жастық шақтары соғыс өртіне шалынған, майдан даласында етікпен су кешкен, суыққа тоңып, ыстыққа күйген әріптестерімізді әрдайым құрметпен еске алып, оларға тағзым етеміз.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді