Даналық пен парасаттылық мектебі
Ұлағатты ұстаз, көрнекті ғалым, жоғары білім саласының білікті ұйымдастырушысы Намазалы Омашұлы пассионарийдің дәп осы анықтамасына әбден дөп келеді деп білем. Сәулелі ғұмырын сауабы мол ғылым мен білім саласына арнап келе жатқан елдің азаматы биыл жетпіс бестік мерейжасына даналық пен парасаттылығы қабысқан мол тәжірибемен келді.
Намазалы Омашұлы есімімен өз басым ең алғаш 1998 жылы «Егемен Қазақстан» газеті бетінен танысқаным есімде. Ол тұста журналистика факультетінің басшылығында болған даңғайыр декан факультеттегі оқу барысы туралы аға газетке ықшам сұхбат беріпті. 11-сыныптың оқушысы, әрі 16 жастағы ботатірсек бозбала мен үшін беймәлім, әрі сонысымен де тылсым көрінген журналистика мамандығына ынтызарлығымды оятып, құлшынысымды арттырған тағдыршешті сұхбат сол болыпты. Әлбетте, оның алдында журналистикаға дайындықпен келетін көп талапкер сияқты менің «Ұлан» балалар газетіне ара-тұра тырнақалды мақалаларым шығып, балаң көңіл санамыз жазуға аз-кем төселіп қалғаны да бар-тын. Дейтұрғанмен, қазір ойлап қарасам, журналист болу яки болмауымның нүктесін «Егемен Қазақстанға» шыққан сол бір шағын сұхбат қойған сияқты.
«Бір адам мың адамға олжа салады» дейтін халық даналығын қаперге алғанда, бүгінде ғалымның 50 жылдан асқан сан қырлы ғылыми-шығармашылық ғұмырнамасында журналистикаға таласы бар қаншама жастың қанатын қомдап, шабытын үстеп, тәлімгерлік жолға салғаны ұлағатты ұстаздың өзіне де беймәлім шығар. Өйткені, профессор Намазалы Омашұлының қоластында тікелей шәкірті болғандары өз алдына, елдің әр қиырына тарайтын басылымдарда жарияланған ұстаздың ынталандыру сөздері әсер етіп, өмірін журналистикамен байланыстыруға бел байлағандарда да қисап жоқ, сірә. Тәлім алған көптің қатарында біздің де бар екеніміз көңілімізге зор медеу екен.
«Ізденуден шаршамайтын жігерің болсын»
1999 жылдың күзінде армандаған ҚазҰУ журналистика факультетіне оқуға қабылдандым. Алғашқы танысулар, ағынды дәрістер сияқты студенттік күйбеңнің көп әсері арасында «Егеменнен» сұхбатын оқыған деканды көруге ынтық болдық. Жүрісі ширақ, кесіп-пішіп нақ сөйлейтін домалақ жүзді салмақты тұлғаның түрі ә дегенде сұсты көрінді. Байсалды болмысын сезгендіктен бірден ашық шүйіркелесіп, араласып кете алмадым. Бірдеңе десем «бетімді қайтарып, қатқыл сөйлеп тастай ма?» деген үрей бойымды биледі. Қайткенде де қорқынышты жеңіп, деканның қабылдауына батылымды жинап бардым да, кірген бетте «мықты журналист қандай болуы керек, аға?» деген сауалды төтесінен тастадым. Декан кабинетіне баса-көктеп кіріп келген 1-курс студентінің бойын бір шолып, көзілдірігінің астынан сынай қарағандай болды да, аз-кем үнсіздіктен соң «айналайын-ай, шалқар білімің, ізденуден шаршамайтын жігерің болсын, ең бастысы көздеген мақсатыңа жеткізбей қоймайтын қайсар мінезің болсын» деді де, алдындағы қағаз-құжатына үңіле берді. Басқа ештеңе деген жоқ. Бірақ сол тәлімсөздің өзі маған жеткілікті еді. Өмір бойы жадымызға жатталып, шалғайдан бағдар беретін маяктай ғұмырлық бағытымды анықтап берген сөз болды. Бәлкім 1-курс студентімен болған 25 жыл бұрынғы кездесу ұстаздың есінде де жоқ болар. Өйткені, елу жылдық ғылыми-педагогикалық қызметінде алдынан талай студент, қилы жағдай өтті. Көңілі алабұртып, екінші үйіне айналатын альмаматерінен ата-ана беретін жылулықтан кем емес шапағатты іздейтін білім алушыға университетте өткізген әрбір күн, әрбір сәт, секунд есте қалардай әсерлі, әрі жылдарға азық қадірлі. Оны жылдар алыстаған сайын университеттен түлеп ұшқан білім алушылар жіті түсінеді екен. 20 жыл бұрын журфактың қабырғасынан үлкен өмір жолына қадам басқан біз де жылдар жылыстаған сайын түсініп келеміз.
Биік адамгершіліктің озық үлгісі
Әлем ұстазы әл-Фарабидің «Тәрбие тұжырымдамасына» жүгінер болсақ, тәрбиелеуші (кемел адам) тұлға тұжырымында ұлы педагог «Тәрбиенің негізін қалаушы ұстаз» деп, «Ұстаз білім мен тәрбие беретін адам ғана емес, ол адамгершілік пен мінез-құлықтың да үлгісі болуы тиіс» дей келе, оны «білімнің ғана емес, адамгершілік пен моральдің да жетекшісі болуы керегін баса нұсқаған. Ұстазды өзі кемел адам болуға лайық тұлға болуы керек деп, мұғалімнің рөлін аса биік бағалағаны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда Намазалы Омашұлының бойында Фараби тәпсірлеген биік адамгершілік пен ізгі моральдің озық үлгісі бар деп айтуға шәкірті санатындағы біздің де хақымыз бар деп есептеймін.
Жоғары білім мен ғылым саласының көрнекті тұлғасы, Гумилев айтқан пассионарийлік өн бойында молынан табылатын Намазалы Омашұлынан студент кезімізде өз алдына, кейінірек аспирант кезімізде де мол тағылым алдық. 2004 жылы журфактың аспирантурасына түсіп, Намазалы Омашұлына ғылыми жетекші болуын сұрап, алдына бардым. Бұл тұста ұстазымыз ҚазҰУ- дың проректоры қызметінде еді. Студент кездегідей ағаның қабылдауына еркін кірдім де, жетекші болуын сұраған ойымды ашып айттым. Профессор әдеттегіше көзілдірігінің астынан үсті-басыма алдымен барлай қарап алды да: «Не тақырып алмақ ойың бар?» деп сұрады. Телевизия қазанында тәжірибе жинаған практик маман ретінде тақырыбымды телевизия төңірегінде, дәлірегі өзім қызмет істеп жүрген ақпараттық-сараптамалық бағдарламаларға қарай бағыттағым келетінін айттым. Проректор мені мұқият тыңдап алды да ойымды құптап: «Кез келген диссертацияда екі нәрсе: зерттеу нысаны және ғылыми проблема болуы керек. Зерттеу нысаның – телевизияның ақпараттық бағдарламалары, проблемаң – ақпараттық бағдарламалардың даму мәселелері. Таңдаған бағытың тың, әрі бұрын зерттелмеген тақырып екен. Сонысымен де қызық, әрі қиын. Қиын болатыны – зерттейтін салаң бойынша пайдаланылатын әдебиет тым жұтаң. Сондықтан мұрағаттық құжаттармен көбірек жұмыс істеуіңе тура келеді. Бірақ не тақырыпты алсаң да індетіп, әбден зерттеп алып жаз», деді. Сол сөз маған өмірлік бағдар болды.
Аса бай өмірлік тәжірибесі бар көрнекті тұлға
Ұстаздың тәлімінен әлі күнге өнеге алып келеміз. 2010 жылдың 24 желтоқсанында «Қазақ телеарналарындағы ақпараттық бағдарламалар табиғаты» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғадым. Қазір ойлап қарасам, профессор Намазалы Омашұлының жетекшілігімен кандидаттық еңбек қорғаған ең соңғы диссертант болыппын. Себебі, 2011 жылы бұрынғы ғылым жүйесі бойынша кандидат және докторлық диссертация қорғау тоқтатылды. Сол жылдан бастап, ағылшын-саксон жүйесі бойынша PhD докторантура жүйесі енгізілгені белгілі.
2009 жылы профессор Намазалы Омашұлы Астанаға қызметін ауыстырып, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде журналистика және саясаттану факультетін ашып, оның тұңғыш деканы да болды. Мен де Еуразия ұлттық университетінде 2011 жылдан бастап қызмет ете жүріп, ұстазыммен бір оқу орнында әріптес болдым. Профессор 2009 жылдан 2020 жылға дейін журналистика мәселелерін зерттейтін институтты басқарып, алаш журналистикасына қатысты 21 томдық еңбек жазды. 2021 жылы 70 жастық белестен асқан шағында ұлағатты ұстазымыз ҚазҰУ ректоры Жансейіт Қансейітұлынан қара шаңырақ – Фараби университетіне шақырту алды. Араға 12 жыл салып, елордамыз Астанадан ару қала Алматыға оралған ұстазымызбен биыл қара шаңырақта қайта қауыштым.
Жетпістің бесеуіне көрнекті тұлға аса бай өмірлік тәжірибемен келді. Атап айтқанда, ұстаздың шәкірттері бір шоғыр: 20-дан аса кандидаттық, 6 докторлық қорғалды, ғылыми мектебі қалыптасты: 7 ғылыми жобаның жетекшісі және соның негізінде жарық көрген 21 томның жалпы редакциясын басқарды. 3 томдық шығарма жинағының, 6 монографияның, 3 оқулықтың, 7 ғылыми- публицистикалық еңбек пен очерк жинағының, 6 оқу құралы мен 500-ден астам ғылыми, публицистикалық мақалалардың авторы. Осы тұрғыдан алғанда Намазалы Омашұлы әл-Фараби трактаттарындағы тәрбие тұжырымдамасында айтылған кісілік әлеуеттің озық үлгісін көрсетіп, Лев Гумилевтың пассионарийлық теориясына сай келетін асқар бел азамат екенін жетпіс бестік белесінде бәрімізге тағы бір мәрте ұғындырды.
Қанат ӘУЕСБАЙ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты.
Ұқсас жаңалықтар
Қандай техникалық мамандықтар сұранысқа ие?
- 21 қаңтар, 2025
«Сәнді» әдеттің салауатты өмір салтына зардабы мол
- 21 қаңтар, 2025
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді