Одақтың Жамбыл облысы бойынша төрайымы Гүлнұр Нұрмашованың айтуынша, бұл ұйымға жалпы облыс бойынша 339 адам, ал Тараз қаласынан 280 зағип жан тіркелген. Аудандарда да одақтың өкілдері көзі көрмейтін кісілердің қоғамнан бөлінбей, жасына лайық білім алып, түрлі өнермен шұғылданып, еңбекке араласуына қолдау көрсетіп жүр.
– Одақта қызмет етуге көбінесе мүгедектігі бар азаматтарды алуға тырысамыз. Тиісінше, ай сайын жалақысын алады. Негізгі міндетіміз – зағип жандарды одаққа өз еркімен тарту, оларды әр сала бойынша еңбекке, өнермен айналысуға қызықтыру. Олар қос жанары көрмегендіктен төрт қабырғаның ішінде қамалып қалмай, айналадағы өзге де адамдармен араласа жүріп, өмір сүруіне жағдай жасауды негізге аламыз. Егер үйден шықпай отырып қалса адам жаны жабырқап, күйзеліске түседі. Көзі жарық дүниені көрмесе де көкірек көзі қоршаған ортасын сезініп, қоғамымен бірге дамуы керек. Сондықтан, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, әрқайсысының бойында бар қабілетіне қарай спортпен айналысып, өнерін шыңдап, музыкалық аспаптарды үйретіп, көптеген жарыстарға қатыстырамыз. Әсіресе, талантты жастарымыздың арасында көптеген байқауларда топ жарғандар бар, – деген Гүлнұр Омарқызы одақ мүшелерін өңіріміздегі медициналық колледжден кәсіби білім алуларына да ықпал еткендерін жеткізді.
– Көп зағип жандар өзінің құқықтарын, мемлекетіміз берген мүмкіндіктерді біле бермейді. Сондықтан, біз жеңілдіктер туралы кеңінен түсіндіріп айтып, бірқатар азаматтарымыздың тегін кәсіби білім алуларына жәрдемдестік. Жылда 5-6 зағип азаматты медициналық колледжге мемлекеттік грантпен массажист мамандығына оқуға түсіреміз. Олардың іс тәжірибеден өтуіне де көмектесеміз. Әрине, дипломын алғаннан соң жұмысқа орналасуына да барынша көмектесеміз. Тұрақты жұмысқа орналаспаса да массаждық қызметпен жеке кәсібін ашып, жүргізіп отырғандар да бар. Одан бөлек, зағип кісілердің өздері де тегін массаж қабылдауларын қамтимыз, – дейді Гүлнұр Нұрмашова.
Өткен жылы облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп «Қол арқылы сезіну» атты әлеуметтік жобасын жүзеге асырған. Аталған жоба аясында одақта психолог, заңгер, тифло техниканы үйрететін педагог қызмет көрсеткен. Сонымен қатар, брайль қарпімен оқыту жүргізілген. Шахмат, шашка ойындарын үйрету сабақтары да өткізіліпті.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Таразда ҚАЖ департаменті жыл қорытындысын жасады
- 16 қаңтар, 2025
Жамбыл облысында 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылды
- 13 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді