Осы уақытқа дейін Уайльд өмірінде ешқашан көз жасын төгіп, азап атаулыны білмеген еді. Ақсүйектер әулетінде дүниеге келген ол керемет лондондық Дэнди, жалқау және тапқыр сөйлеуші болды. Бүкіл ақсүйектер Лондон Уайльдқа еліктеді: Уайльд сияқты киініп, оның әрекеттерін қайталады; асыл тастарды сатып алып, Уайльд сияқты қабақ астынан әлемге тәкаппарлықпен қарады. Жылыжайлар оған табиғат сыйламаған тыныштықты тарту етіп, әлемнің әдемілігін әтірдің иісі ғана сезіндірді.
Ол барлық жасанды заттарды жақсы көрді. Лондонда Уайльд тұрған үйдің жанында қайыршы тұрды. Оның алба-жұлба киімі мен ұсқынсыз кейпі Уайльдты үнемі ашуландырып тұратын. Ол Лондондағы ең жақсы тігіншіні шақырып, қайыршыға арнайы жұқа, қымбат матадан жасалған костюм тіктіреді. Костюм дайын болған кезде, өзі бормен саңылаулар болуы керек жерлерді де белгілеп береді. Ал, келесі күні Уайльдтың терезелерінің алдында әсем киінген қымбат киімінің бірлі-жарым жерінде ғана тесіктері бар қарт адам тұрды. Мұнысымен Уайльд «Тіпті кедейлік те әдемі болуы керек» деп өзінің жоғары талғамын ешкімнің қорлауға хақы жоқ екенін танытқан еді.
Уайльд осылай тәкаппар кейіпте сәнді де салтанатты өмір сүрді. Ол қоғамдағы әділетсіздікті, жамандық атаулыны көргісі келмеді. Сол үшін де үнемі әдемі заттармен алданып, ағылшын аристократиясына тән қалыппен кешке клубтар мен салондарда карта ойнап, әңгіме айтқанды ұнататын. Оның шым-шытырыққа толы әңгімелері тыңдаушыларын лезде баурап алатын әрі ешқашан қайталанбайтын. Жазушылықпен айналысса да ол бойындағы жалқаулық пен енжарлықтан өз әңгімелерін өзі жазуға аса құлшынбайтын. Десе де достарына естігендерінің бәрін жазуға мүмкіндік беретін. Содан болар айналасындағылар кейін ол туралы «Бүкіл адамзат тарихында ешқашан мұндай керемет сұхбаттасушы болған емес» деп естелік қалдырды.
...Алайда соттан кейін бәрі аяқталды. «Әдепсіз мінез-құлық» үшін сотталған жазушыдан достары бас тартты, кітаптары өртелді, әйелі қайғыдан қайтыс болып, балалары өзгенің қамқорына өтті. Өзі елегісі келмеген кедейлік пен азап жазушының тағдырына айналды. Түрме камерасында Уайльд ақыры қайғы мен әлеуметтік әділетсіздіктің нені білдіретінін түсінді. Жаншылып, масқара болып, ол соңғы күштерін жинап, оны сатқан ағылшын қоғамына қарғыс айтты. Бір жыл бұрын тек сұлулық пен қуанышқа жанашырлық таныту керек деп кедейлердің қайғы-қасіретіне аса мән бермейтін адам «Кедейлер ақылды. Олар мейірімді, олар бізге қарағанда тереңірек сезінеді. Мен түрмеден шыққан кезде, байлардың үйлерінен ештеңе алмасам да кедейлер бірдеңе беретініне сенімдімін» деп жазды.
Түрмеде ол өмірінде көрмеген азапты сәттердің куәсі болды. Қара жұмыстан қажыса да бірнеше ай бойы тілімденген тырнақтарын жұлып алып өмір үшін күресетін жанкештілерді көрді. Ауыр еңбек үшін ұрып-соғу, жиі-жиі достарынан айырылу ол үшін күнделікті орын алуға тиіс қалыпты жайтқа айналды. Мұнда Уайльд өмірінде алғаш рет шынайы достық пен жанашырлықтың нені білдіретінін сезінді. Бұл жайында ол «Мен өмірімде ешқашан мұндай сүйіспеншілікті бастан өткерген емеспін және түрмедегі тұтқындалушылар сияқты қайғыма ортақтасқан адамдарды көрген емеспін» деді кейіннен.
Түрмеден кейін Уайльд «Түрме өмірі туралы хаттар» деп аталатын екі мақала жазды. Бір мақаласында ол ересектермен бірге ағылшын түрмелеріндегі кішкентай балалардың азапты өмірі туралы, екіншісінде түрме моралінің жабайы табиғаты туралы жазады: «Реддинг түрмесінің бастығы Мартин кішкентай, аш қамауға алынған балаға бірнеше крекер бергені үшін жұмыстан шығарылды. Күндіз де, түнде де ағылшын түрмелеріндегі балаларға жасалған қатыгездікте шек жоқ. Оған ағылшын жүйесінің адамгершілікке жатпайтындығына көз жеткізгендер ғана сене алады, – дейді жазушы.
Түрме тіршілігі Уайльдқа шынайы сұлулық пен таза сезімді сезінуге мүмкіндік берді. Бір жыл бұрын ол табиғатқа мүлдем немқұрайлы қараса, енді ол: «Мен қарапайым, қарабайыр, теңізге деген құштарлығымды сезінемін, ол мен үшін Жер-Ана сияқты» деп жазды. Ол алғаш рет мұнда кең шалғынды тауларды көрді, алғаш рет қараңғы қапастан ағылшын натуралистеріне қызғанышпен қарады. Кейіннен бұл Уайльд пьесасы мен поэзиясындағы адамдардың мінезін, лирикалық эмоциясын шебер суреттеген қаламгердің философиялық ой-тұжырымдарының қалыптасуына түрткі болды.
Десек те, Уайльдты ақындығы мен драматургиясынан бұрын әлемге жазушы ретінде таныстырған жалғыз романы – «Дориан Грейдің портреті» еді. Көне замандардағы Нарцисс туралы аңыздан бастау алатын туынды адам бойындағы тұлғаның екіге бөліну процесін шебер суреттейді. Өзінің автобиографиясын негіз еткен Оскар Уайльд «Дориан Грейдің портреті» арқылы тәкаппарлық пен өзімшілдікке жүгінген ақыл жанды құбыжыққа айналдырарын, осы кейпі адамды өмірде-ақ тозаққа түскендей азаптайтынын жазады. Ағылшын қоғамының кемшіліктерін тізбектеген шығарма алғашында аристократия тарапынан қатты қарсылыққа ұшыраса да, бүгінде қалың оқырманды ықыласына бөлеген классикалық туындылар қатарында үш аптада жазылып, жарияланған жазушының алғашқы әрі соңғы романы бүгінгі күнге дейін 25 рет экранизацияланған.
Ал, Уайльдтың өзі түрмеде екі жыл жазасын өтеп шығып, 1900 жылы Францияға тузету жұмыстарына айдауға жіберілгенде небәрі 46 жасында Себастьян Мельмот есімімен дүниеден өтті.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Абайдың аманаты һәм Серіктің серті
- Бүгін, 11:48
Кітап оқу дәстүрі аудандарда жалғасты
- 14 қаңтар, 2025
Ақпарат
Таразда ҚАЖ департаменті жыл қорытындысын жасады
- Бүгін, 20:42
Жамбыл облысында 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылды
- 13 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді