«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жұмбақ тағдырлы жазушы

Жұмбақ тағдырлы жазушы
Ашық дереккөз
Ағылшын әдебиетінің бірінші ледиі атанған Джейн Остеннің «Тәкаппарлық және жалған сенім» («Гордость и предубеждение») туындысын оқымаған немесе кинодағы экранизациясын тамашаламаған нәзікжанды жоқ шығар. Британ әдебиетіне реализм үрдісін алып келген қаламгердің танымал шығармасы екі ғасырда бірнеше мәрте түрліше өзгеріп, талай кинотуындыға өзек болғанымен автордың өміріндегі қалтарыс-бұлтарыстар мен кейбір көлеңкелі тұстар әлі күнге дейін оқырманға жұмбақ күйінде қалып отыр.

Материалымызда басылымын 14 жыл күтіп, нағыз мәдени құбылысқа айналған романның ерекшелігі неде екенін айтамыз. Сондай-ақ, жазушының өзі туралы, оның өмірбаянындағы құпия фактілерді уақыт қойнауынан алып шығуға тырысамыз.

Бізге беймәлім болып келген алғашқы дерек – қаламгер қыздың сөздік қорының байлығы және тілінің қыршаңқылығы сондай, өз хаттарында көп дүниені тым ашық, еркін түрде жазған. Өмірінің соңына дейін жазушы 3000-ға жуық хат жазса, бізге оның 161-і ғана жетіпті. Себебі, қалғанын сіңлісінің абыройын күйттеген әпкесі Кассандра үнемі отқа жағып жіберіп отырған. Джейннің уытты тілі мен жазушылық қасиеті туыстар мен айналасындағы адамдардың талқысына жиі түсетіндіктен бауырлары осындай әрекетке барған. Қаламгердің маңайлаған жақындары Джейннен «моп-момақан Джейн сұлу» туралы аңыз таратумен болған. Себебі, бәрі оны тұрмысқа беру үшін көп әбігер шеккен деседі. Ал, Джейн Остеннің шын мәнінде қандай адам және қандай ару болғанын біз ендігі ешқашан біле алмаймыз.

Джейннің отбасында өзінен басқа алты ұл мен әпкесі Кассандра болған. Олар тым бауырмал болып, Джейн онымен барлық ойлары мен құпияларымен бөлісіп отырған. XVIII-XIX ғасырларда Англияда әйел адамға жазушылықпен айналысу ерсі саналатын. Мұны ел «еркектің киімін киіп жүрумен тең» деп бағалайтын. Сондықтан, Остен өзінің алғашқы шығармалары «Парасат пен сезім», «Тәкаппарлық пен жалған сенім», «Мэнсфилд паркі», «Эмма» және өмірінің соңында жазған «Нортенгерск аббаттығы», «Сенімді» баспаға лақап атымен берген. Мисс Остен өзінің сүйікті ісін туғандары мен достарынан да жасыруға тырысқан. Ол өзінің шығармаларын жасыруға ыңғайлы болу үшін алғашында пошта қағазына жазған екен. Холл бөлмедегі сықырлақ есікті біреудің келе жатқанын аңғартатын сигнал ретінде пайдаланып, оны жөндетуден үзілді-кесілді бас тартқан. Себебі, шығармаларын қағазға үнемі осы бөлмеде түсірген.

Джейн Остен аты шулы романды 1796 жылдың қазан айында жаза бастады. Келесі жылдың тамыз айында, жазушы 21 жасқа толғанда шығарма толық дайын болды. Кітап бастапқыда «Алғашқы әсер» деп аталған екен. Себебі, шығарма кейіпкерлерінің көпшілігі басқаларға алғашқы әсерлері бойынша баға береді. Джейн романды аяқтаған кезде әкесі кітап сатушыға қолжазбамен шығарма жайлы хат жібереді. Алайда, сатушы шығарманы оқымастан үзілді-кесілді бас тартады. Бірақ «Сезім мен сезімталдық» шығармасының таңғаларлық табысынан кейін Остен «Тәкаппарлық пен жалған сенім» шығармасын қайта өңдеп, басып шығаруға шешім қабылдайды. Өкінішке қарай түпнұсқа қолжазба бүгінгі күнге жеткен жоқ. Бірақ кейбір зерттеушілер романның алғашқы нұсқасы эпистолярлық, яғни хатпен жазылған деп болжайды. Қолжазба 14 жыл бойы сөреде шаң жинап, жасырын түрде жарияланады. Остен романды баспаға тек «Сезім мен сезімталдықтың авторынан» деген жазба қосып жібереді.

Тәуекелге бармас үшін Остен өзінің авторлық құқығын пайызбен есептемей, бар болғаны 110 фунт стерлингке сатады. Алайда, жазушы еңбегін арзан бағалағанын кейін түсінеді. Өйткені, роман бірден бестселлерге айналып, ал 1817 жылға қарай кітап үш рет қайта басылады. Роман жарық көрген уақыт 1813 жылдың 28 қаңтары болатын. Ол кезде Джейн 37 жаста еді.

Бір қызығы, Остен роман тым жеңіл жазылған деп қынжылады. Ол өз күнделіктерінде: «Шығарма тым жеңіл әрі жарқын бояуларға толы. Бірақ оған мәнді тіркестер мен ұзақ тараулар жетіспейді» деп жазады. Дегенмен, жазушы жалпы шығармаға, әсіресе оның кейіпкері Элизабетке іштей ерекше риза болады. Хаттардың бірінде оны: «Мен оны кітаптарда пайда болған ең сүйкімді жаратылыс деп санаймын» деп сипаттайды.

Белгілі бір деңгейде «Тәкаппарлық пен жалған сенім» романы өмірбаяндық сипатта. Оның кейіпкерлері жазушының өзі сияқты, тұрмысы жұпынылау, бірақ текті отбасынан шыққан. Олардың ауқатты жастармен бақытты некеге тұру мүмкіндігі аз еді. Джейн Остен 30 жасынан бастап басына қалпақ киген. Сұлулық үшін емес. Бұл әрекетімен жазушы айналаға өзінің өмірлік серігімен бақытты болу үмітімен қоштасқан «кәрі бикеш» екенін жариялайды. Иә, Джейн ешқашан тұрмыс құрмаған. Оған ұсыныс жасалғанымен, ол «біреуге махаббатсыз байланудан азапты ештеңе жоқ деп шешті. 20 жасында Остеннің ауқатты отбасынан шыққан жас заңгер студент Том Лефройға деген ынтызарлығы болған еді. Алайда, олар неке қия алмады. Себебі, бұған Джейннің мәртебесі жеткіліксіз болды, туыстары оларды бөліп жарып, ал Лефрой Ирландияға кетуге шешім қабылдайды. Кейіннен ол Ирландия Жоғарғы сотының Лорды болып қызмет атқарады. Остен әпкесіне сүйіктісі туралы: «Бүгін мен Том Лефроймен соңғы рет тілдесемін. Ойлаған сайын көз жасым көл болып жатыр. Мұндайда тек жазғым келеді», – дейді. Дегенмен, Джейн Остеннің тұрмыс құруға мүмкіндігі болған. Бірде оған өз отбасының жас және ауқатты досы Харрис Биг-Уизер ұсыныс жасайды. Джейн оң жақта ұзақ отырып қалудан үрейленіп, келісім береді. Бірақ, келесі күні таңертең жігітке берген сөзін қайтып алады. Жазушы қыздың бұл қылығының себебі әлі күнге дейін жұмбақ.

Романда Дарси мырзаның үлкен байлықтың иесі екендігі туралы бірнеше рет қайталанады. Тіпті, жылына 10 000 фунт стерлинг табатыны да анық жазылған. Бірақ, бұл соманың қаншалықты үлкен екенін түсіну бізге қиын. Себебі, оны көзімізге елестете де алмаймыз. Бос уақыты көп зерттеушілер Дарси мырзаның жылдық табысы қазіргі стандарттар бойынша 15 миллион доллардан асады дейді. Сондықтан, оны сол кезеңнің Рокфеллері немесе Вандербильті болған деуге толық негіз бар.

Остен өз кітабында Дарси мырзаның келбетін тым егжей-тегжейлі сипаттамағандықтан, сарапшылар оның бейнесін тарихи контекстке және роман оқиғалары өрбіген 1790 жылдардағы сұлулық пен сән стандарттарына сүйене отырып қайта жасауға шешім қабылдайды. Осылайша кейіпкеріміздің Колин Фертке мүлдем ұқсамайтыны белгілі болды. Біріншіден, Дарси мырза шашын ақ ұнтақпен бояған, иегі өткір, иықтары қысқа және аяғының бұлшық еттері мығым болуы мүмкін. Ал, біздің көзіміз үйренген мығым әрі ірі дене ол заманда джентльменнің емес, қарапайым еңбек адамының сипаты болып саналған.

Шығарма барысында оқырмандар апалы-сіңлілі Элизабет пен Джейннің арасындағы ерекше жылы қарым-қатынасқа куә болады. Өмірде жазушы да әпкесі Кассандрамен өте жақын сырлас еді. Ол, Остен сияқты, күйеуі қайтыс болғандықтан, өмірінің соңына дейін тұрмыс құрмаған. Апалы-сіңлілер Чотондағы шағын үйде бірге өмір сүреді және олардың өмірінде әрі қарай махаббат оқиғалары орын алмаған. Кітапта жазушы Өзі мен Кассандра тағдырын басқаша жалғап, Элизабетті Бингли мырзаға қосып, өз тағдырын Дарси мырзаның қолына тапсырады.

«Тәкаппарлық пен жалған сенім» – Джейн Остеннің ең көп оқылған және бірнеше қайтара экранизацияланған шедеврі. Ұлы романның киноматографияда көптеген еркін нұсқалары бар. Олардың қатарына «Бриджит Джонстың күнделігі» фильмі кіреді. Фильм түсірілген кітаптың авторы Хелен Филдинг өзінің шығармасын «Тәкаппарлық пен жалған сенімнен» көшіріп жазғанын мойындап: «Мен жай ғана сюжетті ұрлап, авторға көбірек еліктей бастадым. Мұным өте сәтті болды. Менің ойымша, Джейн Остен мұндай әрекетіме қарсы болмас еді», дейді.

Джейн Остеннің соңғы демі 41 жасында әпкесі Кассандраның қолында үзіледі. Қайтыс болғанға дейін көзі байланып, соқыр болып қалады. Терісінің түсі ашық қоңыр реңкке боялады. Романистің өмірбаяны мен шығармашылығын алғашқы зерттеушілердің пікірінше, жазушы Аддисон ауруының асқынуынан қайтыс болған. Бұл сирек кездесетін эндокриндік ауру. Нәтижесінде бүйрек үсті бездері ағзаға қажетті гормондарды бөлуге қабілетсіз болып қалған. Бірақ жазушы ұзақ сырқаттанғанда ішкен дәрі-дәрмектердің құрамында мышьяк тым көп болғандықтан қайтыс болған деген деректер де бар.

Азғантай ғана ғұмырында Джейн Остен театрға өте құштар болған. Сүйікті актерларының өмірін қадағалап, сахналанған пьесаларға үнемі рецензия жазып отырған. Өмірінің соңына дейін сөйлеу қабілетінен айырылған інісін оқытып жүріп, мылқаулардың әліппесін жаттап алады. Білімі мен сауаты орта деңгейде болса да жазушылықпен айналысудан бас тартпай жоғары тап өкілдері қатысатын балдар мен мерекелік шараларға қатысуға именбеген. Жазу өнерін осындай сән-салтанатты думандарды сипаттау арқылы шыныға отырып қолға алған. Бүгінде Джейн Остеннің шығармаларын Ұлыбританияның барлық колледждері мен университеттерінде оқу міндеттелген. Ал, «Тәкаппарлық пен жалған сенім» романы екі жүз жылдықтың ең ұлы шығармалары қатарында. Туынды желісі бойынша оннан аса фильм түсіріліп, талай режиссер мен әртістердің киноматографиядағы жұлдызы жанды.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар