«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сабақ берудің сингапурлық тәжірибесі енгізіледі

Сабақ берудің сингапурлық тәжірибесі енгізіледі
Ашық дереккөз
Былтырғы жылды облыс оқышулары табысты аяқтады. Бұлай деуіміздің дәлелі – дарынды оқушыларымыз халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 468 медаль иеленіп, облыстың абыройын асқақтатты. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадаға 64 оқушы қатысып, 29 оқушы жеңімпаз атанды. Нәтижесінде Жамбыл облысының командасы «Ең үздік олимпиадалық команда» номинациясына ие болды. Республикалық ғылыми жобалар байқауына 46 оқушы қатысып, 27 жас ғалым жүлделі орындарды иеленді. Нәтижесінде, Жамбыл облысының командасы «Ең үздік команда» номинациясын олжалады.

Талантты жастарымыз спорттан да құралақан емес. Қазақстан оқушыларының жазғы гимназиадасында 52 спорт түрінен Жамбыл облысы жалпы командалық есепте І орынның биігінен көрінді.

– Басқарманың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жобалар аз емес. Ел Президентінің және Оқу-ағарту министрлігінің, облыс әкімдігінің тікелей қолдауларымен білім нысандарының материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа ғимараттар салынып, апатты, үш ауысымды, оқушы орны тапшылығы бар мектептердің мәселесі лайықты шешімін табуда. Жалпы өңірде 14 білім нысаны пайдалануға берілді. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 мектеп балалардың игілігіне есігін ашты. 2024 жылға 171 жаңа үлгідегі химия, физика, биология кабинеттері, 7 STEM, 5 робототехника кабинеттері, 24 ұлдар мен 23 қыздарға арналған шеберханалар сатып алынды. 10 білім нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Білім беру ұйымдарында мектеп оқушыларын тасымалдауға арналған 14 жаңа автобус берілді. Облыста 53 мектеп «Starlink» жобасына енгізілді, – дейді облыс әкімдігінің білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов.

Сондай-ақ, Тараз қаласындағы мектепке дейінгі ұйымдарға дербе стендірілген (ваучерлік) қаржыландыру жүйесінің пилоттық жобасы енгізілді. Жоба шеңберінде Тараз қаласындағы 172 мекеме, оның ішінде 60 мемлекеттік, 112 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар ваучерлік қаржыландыруға өтті. Бүгінде облыстағы 10 аудандағы мектепке дейінгі ұйымдар дербестендірілген (ваучерлік) қаржыландыруға өту жұмыстарын жалғастыруда.

Сонымен қатар, биыл білім алушылардың, тәрбиеленушілердің, педагогтердің, ата- аналардың психологиялық әл-ауқатын сақтауға және нығайтуға бағытталған білім басқармасы жанынан Психологиялық қолдау орталығы ашылды.

– Балалар мен жасөспірімдердің заман талабына сай білім мен тәрбие алып өсуіне мүмкіндігінше барлық қажеттіліктер қамтамасыз етіліп келеді. Жасалған жағдайлар оқушылардың бірқатар жетістіктерге қол жеткізуіне мүмкіндік берді десек те болады. Педагогтеріміз де кәсіби байқауларда шеберліктерін көрсетіп, жеңімпаз атанып жүр. Бүгінде облыста 40 мыңға жуық педагог қызмет етуде. Педагогтермен тиімді ұйымдастырылған жұмыстардың нəтижесінде халықаралық, республикалық байқауларда былтыр 71 педагог жеңімпаз атанды. Халықаралық академик Асқар Жұмаділдаев атындағы және IMPACT ашық шығармашылық байқауында педагогтеріміз командалық есепте республикада I орынды, республикалық «Математикалық регата» байқауында командалық ІІІ орынды иеленсе, республикалық «Үздік әдіскер», «Үздік сынып жетекші» байқауларында көш бастады. Сондай-ақ, «Үздік авторлық бағдарлама» байқауында 8 педагог жеңіске жетті. Облыста «Қазақстанның Еңбек сіңірген ұстазы» атағын иеленген 6 педагог бар. 4 педагог «2024 жылдың үздік педагогі» республикалық конкурсының жеңімпаздары атанды. Соңғы 13 жылда «Үздік педагог» атағын иеленген 51 педагогтің 19-ы ауыл мектептерінде қызмет етеді. Жоғары нәтиже көрсеткен ұстаздарға 3 жылдан бері «Жамбыл облысының білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін» деген құрмет атағы берілуде. Аталған жетістіктер – облыс мұғалімдерінің шығармашылық әлеуетінің жоғары екендігін тағы дәлелдеп отыр, – деген Рауан Нұрғалиұлы колледждердегі оң істерді де мәлім етті.

Техникалық және кәсіптік білім беру саласында сапалы кадр даярлап, бұл бағыттағы жұмыстарды ілгерілету мақсатында да біраз жұмыстар жүзеге асырылған. Биылдан бастап колледждерге бір мамандығын «Бренд» мамандық ретінде оқыту тапсырылып, Жамбыл инновациялық жоғары колледжі «ІТ» және №7 Бетқайнар колледжі «Textile» мамандықтарын оқыта бастады. Колледждерді халықаралық деңгейге шығару мақсатында Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығында халықаралық бөлім ашылды. Сондай-ақ, Білім басқармасы мен Сингапур мемлекетінің «Marshall cavendish education» компаниясы арасында ынтымақтастық меморандум жасалды. Алдағы уақытта, Сингапурлық оқыту әдістемесін жамбылдық педагогтер тәжірибеге енгізетін болады. Жамбылдық ұстаздардың биылға көздеген жүйелі жоспарлары да бар. Былтырғы жетістіктер жалғасын тауып, бұдан да табысты боларынан үміттіміз.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар