Өмірді басса мұң мен жиі мұнар,
Өзегі ащылау бір күй ұғылар.
Мойындау, мойындамау – қоғамға сын,
Асылдың асқан заңғар биігі бар.
Кең пішім, кемел бейне сақталыпты,
Жақтапты жастайынан ақты, анықты.
Дәуірдің дәуіріне өтетұғын,
Орасан жұмыстарды атқарыпты.
Марқайып даласының кеңдігі үшін,
Аралап жүруші еді-ау елдің ішін.
Иманды, қарапайым Димекеңнің,
Ұрпағы ұмытпайды ерлік ісін.
Қуанып, қол ұсынса жұрт алыстан,
Танытқан ықыласты, ынталы ұстам.
Көреген қабілетпен, бегзаттықпен,
Мәскеудің өзіменен тіл табысқан.
Қаншама қала салды, сарай салды.
Бұйрық көп, бақылау көп, қалай салды?!
Мән беріп ғылымға да, білімге де,
Қалдырды ғимараттар талай сәнді.
Кездесті қиянатқа кемеңгерлік...
Жасау да оңай ма еді көгенде ерлік?!
Тарихтың ақ-қарасын ажыратып,
Кез туды – тұлғаларды түгендерлік.
Күрделі күрескерлік босқа өтпеген,
Күмбірлеп келешекке көш беттеген.
Таймаған әділдіктен, адалдықтан,
Ерлердің еңбектері еш кетпеген.
Ұғыңдар, қалғандар да, озғандар да,
Әділ жол ашылады ізгі арманға.
Жартастар жартас күйі қала берер
Заманның толқындары кез болғанда.
Кез келді намысыңды жанитын да.
Кез келді арысыңды танитын да...
Қалады кемеңгерлер ұлы қалпы,
Халқының жүрегінде, тарихында.
Күләш АХМЕТОВА,
ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Ұқсас жаңалықтар
Қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары жалғасады
- 13 қаңтар, 2025
Димекеңнің төрт ескерткіші
- 13 қаңтар, 2025
Ақпарат
Жамбыл облысында 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылды
- 13 қаңтар, 2025
Білім беру ошағы пайдалануға берілді
- 31 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді