«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кітап оқуды әлем қалай насихаттайды?

Кітап оқуды әлем қалай насихаттайды?
Ашық дереккөз
Өткен ғасырларда Кеңес Одағын әлемдегі ең көп оқитын ел деп атаған. Бұл аңызға әлі күнге дейін сенетіндер бар. Неліктен аңыз дейміз? Себебі жаппай кітап оқитын елдің бейнесі кеңестік халықтың шынайы білімсіздігімен сәйкес келмейді.

Кеңес Одағы жаһандық мәдениеттен тысқары, өз алдына жабық ел болды. Бұл өнерге, бұқаралық мәдениетке, тіпті ғылымға да қатысты еді. Мысалы, 1930-1940 жылдардағы генетика мен кибернетикаға қарсы қуғын-сүргін бұл салаларда, яғни ХХ және ХХІ ғасырлар үшін маңызды ғылымдарда, елдің қатты артта қалуына әкелді. Бұл ғылымдар ұзақ уақыт бойы «империализмнің сатқындығынан» зардап шекті. Әрине, мәдени «перде» толықтай жабық бола қойған жоқ. Кейбір ақпарат «жау радиостанцияларын» заңсыз тыңдау арқылы жетсе, кейбірі ресми түрде жарияланды. Алайда, «жау үнін» тыңдауға тек батылдар ғана тәуекел етті, ал ресми түрде жарияланған немесе кеңестік экрандарда көрсетілген дүниелер мұқият сүзгіден өткізіліп, цензураланған еді. Мысалы, ХХ ғасырдағы шетелдік әдебиеттен кеңестік оқырманға тек «сыншыл реализм» өкілдері ғана жетті. Бұл сол уақытта аса өзекті бағыт болған жоқ. Жарияланған мәліметтерге сәйкес, «прогрессивті шетелдік жазушылар» жұмысшы табына шын жүректен жанашырлық танытып, капиталистік әлемнің кемшіліктерін шынайы және адал бейнелейді делінген. Бұл, әрине, шетелдік әдебиет пен жалпы мәдениет туралы негізгі түсінікті қатты бұрмалады. Кеңестік оқырмандар көптеген шетелдік авторлар, музыканттар, киноактерлер туралы ештеңе білмеді. Сонымен қатар, олар заманауи ғылыми идеялар мен жаңалықтардан да бейхабар болды. Қайта құру кезеңі келгенде адамдар сыртқы әлеммен аздап болса да түсінісу үшін тез арада жаңа нәрселерді үйренуге мәжбүр болды. Айта кетейік, Кеңес Одағында кітаптарды үлкен көлемде сатып алатын. Бірақ бұл кітап мазмұнына деген қызығушылықтан емес, бедел жинау үшін жасалатын. Үйдің төрінде тұратын шыныдан жасалған кітап шкафының немесе қабырғаға толы кітап сөрелері «мәдениетті адам» болудың белгісі ретінде қабылданатын еді. Әрине, сатып алынған кітаптардың бәрі оқыла бермейтін. Керегі бар, керексізі бар, қолға түскеннің бәрін, соның ішінде көркем әдебиет, Ленин, Маркс және Энгельс еңбектерін, арнайы әдебиетті, анықтамалықтарды, оқу құралдарын жаппай сатып алатын. Еркін сатылымда кітаптар жетіспейтіндіктен, халық оқуды жоспарламаса да ерекше бағалайтын. «Ең көп оқитын ел» туралы мифтің негізі осылай қаланған сияқты. Бірақ адамдар бір маңызды нәрсені ескермеді: мәдениетті әрі білімді адамды оқыған кітаптардың саны емес, түсініп және түйсініп оқыған кітаптардың сапасы анықтайды. Ал, кездейсоқ сатып алынған және елдің назарына түсу үшін алынған кітаптар санына қарап, мәдениеттілікке баға беру мүлде дұрыс емес.

Кейінірек жаңа заман бұл мифті түбегейлі жоққа шығарды. Қазіргі таңда Ресей тіпті ең көп оқитын елдердің ондығына да кірмейді. Ал, көшбасшы елдердің қатарында – Қытай, Швеция, Франция, Тайланд, Үндістан және Сауд Арабиясы бар. Бұған дәлел де жеткілікті. Мәселен, NOP World компаниясы түрлі ел тұрғындарының кітап оқуға, теледидар қарауға және интернет қолдануға қанша уақыт бөлетінін зерттеді. Осы зерттеу нәтижесінде әлемдегі ең көп оқитын елдердің рейтингі жасалды. Көрсеткендей, кітап оқуға ең көп уақыт бөлетін ел – Үндістан болып шықты. NOP World сарапшылары тұрғындары кітап оқуды ерекше жақсы көретін елдерді анықтауды мақсат етті. Қол жеткізген нәтижелер сарапшыларды қайран қалдырды. Олардың деректеріне сәйкес, әлемдегі ең көп оқитын ел Үндістан екен. Оның тұрғындары аптасына орта есеппен 10,7 сағатты кітап оқуға жұмсайды. Тайланд тұрғындарының көрсеткіші сәл аз – 9,4 сағат. Үздік үштікті аптасына 8 сағат кітап оқитын Қытай қорытындылайды.

Оқу – жеке адам үшін де, қоғамның дамуы үшін де үлкен артықшылықтарға ие. Кез келген мемлекеттің үкіметі азаматтардың көбірек кітап оқуына мүдделі екені түсінікті. Өйткені, бұл елдегі жалпы әл-ауқат пен даму деңгейіне әсер етеді. Бірақ кітапты сирек қолына алатын немесе мүлде уақыт таппайтын, өзге ойын-сауықтарды артық көретін адамдарды оқуға қалай ынталандыруға болады? Бұл тұрғыда дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне назар аудармасқа болмайды. Олар оқуды қалай сәнге айналдырды? Азаматтарын әдебиетке деген сүйіспеншілікке қалай баулыды?

АҚШ: Кітап оқуды жұлдыздар насихаттайды

АҚШ-та кітап оқу трендін бақылау үшін үнемі түрлі әлеуметтік зерттеулер жүргізіледі. Олар мемлекеттің де, кітап нарығының да қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін маңызды. Алайда, мұнда да теледидар мен интернеттің әсерінен кітапқа деген қызығушылықтың төмендеуі байқалады. 2019 жылғы сауалнама нәтижесінде ересек американдықтардың 24 пайызы бір жыл ішінде бірде-бір кітап оқымағанын мәлімдеген. Мұндай күрмеулі жайдың түйінін тарқату үшін танымал жұлдыздар мен саяси көшбасшылар кітап оқу насихатшыларына айналған. Мысалы, Обама президент болған кезде әйелі екеуі балаларға арналған оқу кештерін өткізген, кітап рейтингтерін жасаған болатын. Опра Уинфри мен Риз Уизерспунның кітап клубтары да әдебиетті насихаттауға үлес қосуда. Сондай-ақ, Билл Гейтстің оқу тізімдері назар аудартады. Сонымен қатар, атақты адамдардың балаларға арнап кітап оқуды насихаттайтын жазылымы көп арнайы YouTube арналары бар.

Бразилия: Бостандық үшін оқу

2018 жылы Дүниежүзілік банк жүргізген зерттеу нәтижесінде Бразилияға дамыған елдердегі оқу деңгейіне жету үшін 260 жыл қажет екені анықталған. Бұл елде көп адам уақыттың жетіспеушілігіне сүйеніп, кітап оқымайды. Мемлекет кітап оқуды бірқатар бағдарлама арқылы насихаттауда. Олардың бірі – ата-аналарға күн сайын балаларымен бірге кітап оқудың маңыздылығын түсіндіреді, ал екіншісі – кітаптарды сандық платформалармен жақындастыруға тырысады. Сондай-ақ, ерекше идеялардың бірі – бас бостандығынан айырылғандардың мерзімін оқыған кітаптарына байланысты қысқарту ұсынысы. Бұл бастама тіпті Ұлттық Конгресте қаралды.

Хорватия: Балаларға арналған бағдарлама

Хорватияда балалар арасында оқуды насихаттауға үлкен көңіл бөлінеді. «Маған оқып бер» атты науқан бес жылдан астам уақыт бойы жалғасып келеді. Ол 50 мыңнан астам мектепке дейінгі жастағы бала мен олардың ата-анасын қамтыды. Науқан барысында кітапханашылар мен педиатрлар бірлесіп, балаларға кітап оқудың маңыздылығын түсіндіретін жүйе құрды. Бұл бағдарлама арнайы көлік арқылы алыс ауылдарға да жетіп, кішкентай оқырмандарға кітаптар жеткізіп тұрады.

Польша: Кітап оқу насихатына қомақты қаржы бөледі

2021 жылы Польшада оқуды дамытудың ұлттық бағдарламасы әзірленіп, жалпыхалықтық талқылауға ұсынылды. Оның 2021-2025 жылдар аралығында жүзеге асыру бюджеті 1 миллиард злоты, яғни 235 миллион долларды құрайды. Польша осы қаражатқа кітапханаларды мәдени орталықтарға айналдыруды, балабақшаларды заманауи басылымдармен қамтамасыз етуді, үнемі жарнамалық науқандар мен ауқымды әдеби шараларды өткізуді жоспарлап отыр.

Канада: Ертегілерді де жарнамалайды

Квебекте, Канаданың француз тілінде сөйлейтін провинциясында 1989 жылдан бері «Сауаттылық қоры» жұмыс істейді. Оның деректеріне сүйенсек, аймақтағы әрбір бесінші адам (16-65 жас аралығындағы) кітап оқуда қиындықтарға тап болады, ал миллионнан астам Квебек тұрғыны сауатсыз. Қор көптеген қызықты бастамаларды жүзеге асырып келеді, бірақ олардың ішінде ең есте қалғаны – «Бала оқымаса, қиял жоғалады» деген ұранмен түсірілген әлеуметтік жарнама. Ондағы визуалдық материалдарда Күнекей қыз, Питер Пэн, Ұйқыдағы ару сияқты танымал ертегі кейіпкерлері бейнеленген. Бірақ олар ауырған, қажыған, қартайған кейіпте суреттелген, себебі балалар бұл ертегілерді оқуды азайтқан. Бұл жарнаманың мақсаты – адамдардың эмоциясын оятып, балаларға кітап оқудың маңыздылығын жеткізу еді. Осындай жарнамалар арқылы «Сауаттылық қоры» адамдарды кітап оқуға ынталандырудың жаңа тәсілдерін іздеуді жалғастыруда.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар