«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мәдени жетістіктер - руханияттың жемісі

Мәдени жетістіктер - руханияттың жемісі
Ашық дереккөз
«Мәдениет бұл әлемде айтылған және жасалған ең жақсы нәрсені білу» деген екен әлем мойындаған әйгілі ғалым Арнольд Мэтью. Қоғамдағы ізгіліктер мен парасатты істердің баршасы мәдениет арқылы дамып, шыңдалып отыратыны рас. Әулиеата жерінде мәдениет пен руханият саласында жүзеге асқан жарқын істер, қол жеткізген толайым табыстар жетерлік. Биылғы жылды да жамбылдық мәдениет саласының өкілдері ауқымды жоспарлармен бастап отыр.

Облысымызда жыл санап мәдениет саласын қаржыландыру көлемі артып келеді. Былтыр 16 мәдениет нысанының құрылысын жүргізуге 3 миллиард теңге бөлінсе, оның ішінде 1,6 миллиард теңге Қазақстан Республикасы Ұлттық қорынан, 0,5 миллиард теңге республикалық бюджеттен, 0,9 миллиард теңге облыстық қазынадан қарастырылған. Жыл ішінде 8 мәдениет нысанының құрылысын аяқтау жоспарланып, 5 мәдениет нысанының құрылысы аяқталды. Олар Байзақ ауданы, Кеңес, Жамбыл ауданы, Ақбұлым, Т.Рысқұлов ауданы, Ақыртөбе, Талас ауданы, Көктал ауылдық мәдениет үйлері және Жамбыл аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғимараты. Үш нысан құрылысы да аяқталуға жақын. Олар Жамбыл ауданы, Қызылқайнар ауылындағы 140 орындық Мәдениет үйі, Қордай ауданы, Қарасай батыр ауылындағы мәдениет үйі, Тараз қаласындағы «Тектұрмас» тарихи- этнографиялық кешеніндегі «Ежелгі бекініс» құрылысы. Қалған 8 нысан қаржыландыру жоспарына сәйкес биылғы жылға өтпелі.

Сондай-ақ, 393,2 миллион теңге аудандық бюджет қаражаты есебінен Жамбыл ауданы, Аса ауылындағы аудандық мәдениет үйі, сонымен қатар Т.Рысқұлов ауданы Д.Қонаев ауылдық мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Ал, 202,8 миллион теңге жергілікті бюджет қаражаты есебінен 14 мәдениет нысанына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрындағы ағымдағы жөндеу (сыртқы әрлеу) жұмыстары толықтай аяқталды. Осы орайда, Жамбыл ауданы, Өрнек және Ерназар ауылдық кітапханалары, Жуалы ауданындағы Жаңаталап және Қызыларық, Қошқарата мәдениет үйлері, Қордай ауданы, Қайнар ауылдық мәдениет үйі, Өтеген батыр ауылдық клубы, Меркі ауданындағы Кеңес, Ақтоған, Тәтті, Сұрат ауылдық мәдениет ошақтары сапалы күрделі жөндеуден өткенін айта кеткен жөн. Облыстағы мәдениет және тілдерді дамыту саласында бүгінгі күні нақты 3 378 қызметкер жұмыс атқарады. Оның ішінде, шығармашылық саласында 1 836 қызметкер болса, соның 1 578- і кәсіби сала мамандары. Демек, мәдениет саласы мыңдаған адамды өнер, руханият, шығармашылық жұмыстарына жұмылдырып отырған үлкен күш.

Қазіргі уақытта облыс көлеміндегі мәдениет, тілдерді дамыту мекемелерінің саны – 503. Оның 16-сы басқармаға тікелей қарайды. Осы орайда былтыр облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тікелей қолдауымен облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты «Айтыс ақындары мен жыршы- термешілер орталығы» мемлекеттік мекемесі кұрылды.

Үміттің шамын жаққан үйірмелер

Былтыр мемлекеттік шығармашылық тапсырыс шеңберінде жұмыс жүргізген 36 үйірмеге 5 мың 600 бала қамтылған. Оған бөлінген қаржы көлемі 1,3 миллиард теңгені құрайды. Облысымыздың алыс ауылдарындағы мәдениет үйлерінің жанынан ән, домбыра, вокал, би, драма үйірмелері ашылып, жұмыс істеп жатыр. Оларға ауылдың өнерпаз балалары жазылып, өздерін шыңдай түсуде. Олар қазірдің өзінде аудандық, облыстық байқауларда жүлде алуда. Бұл мәдениет саласындағы жүріп жатқан жарқын жұмыстардың көрінісі. «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, елді мекендерде үйірме жұмыстарына қатысып жүрген дәл осы қара домалақтар – аққанат өнердің нағыз болашақтары. Себебі, ауыл өмірінің өзі табиғи. Ауылдан нәр алған, салт, дәстүр, жоралғыны бойына сіңірген балалар нағыз мәдениет пен парасат иелері болып шығары анық. Былтырғы жылы бөлінген қосымша штаттың нәтижесінде жаңадан 163 үйірме ашылып, 2086 қатысушы қамтылыпты. Нәтижесінде облыстағы жалпы үйірмелердің саны 886-ға жетіп, оған 11 111 адам тартылған. Оның ішінде, балаларға арналған 642 үйірмеге 8 251 бала қатысады. Осы өнерлі балғын балалардың ішінен де өңірдің атын танытатын таланттар шыңдалып шыға береріне сенеміз. Осы орайда облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай: «Қасиетті Әулиеата топырағы өнерге бай. Таланттарды тудырған киелі топырақ. Сондықтан, мұнда мәдениет саласын дамыту барысында терең тарихты, осы өнер мен мәдениетке тер төккен алдыңғы толқын майталмандарымызды ұмытпауымыз керек. Былтыр біздің өңірдің мәдениет саласы жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Сол үшін салалық министрлік және облыс әкімі тарапынан марапаттарға да ие болды. Біз өнер майталмандарын қай кезде де қолдаймыз. Биыл да осы межеден түспей, биік тұғырдан көріне бермекпіз», дейді.

Атқарылған жұмыс та, алдағы жоспар да ауқымды

Облыстық халық шығармашылығы орталығы аймақта мәдениет үйлері мен клубтардың қызметін үйлестіріп, ауқымды шығармашылық іс-шараларын ұйымдастырып, әуесқой көркемөнерпаздар ұжымдары мен үйірмелеріне әдістемелік-тәжірибелік көмек көрсету жұмыстарын іске асырады. Бүгінгі күні облыста 199 мәдениет үйлері мен клубтар тұрғындарға мәдени-көпшілік қызмет көрсетіп келеді. «Халықтық» атағы бар ұжымдар саны – 53, ал қатысушылар саны – 1 647. Облыстағы клуб мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 293 369,2 мың теңге бөлініп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Бүгінгі таңда облысымызда 275 мемлекеттік кітапхана оқырмандарға қызмет көрсетіп отыр. Кітапханалар толығымен автоматтандырылған ақпараттық бағдарламалармен жұмыс атқарады. 2 кітапхана ғана интернетке қосылмаған. Олар, Мойынқұм ауданында Сарыөзек, Меркі ауданында Әскери бөлімшеде орналасқан кітапханалар. Кітап қоры 3 833 458 дананы құрап, оның мемлекеттік тілдегісі 2 054 056-ға жетті. Оқырмандар саны – шамамен 289 575. Тұрақты келушілер саны – 2 092 828, оның жартысына жуығы – балалар.

Облыстық қазақ және орыс репертуарларын толықтыру мақсатында 5 жаңа қойылым сахналанса, жыл ішінде 281 қойылым көрсетілді.

Сондай-ақ, театр ұжымдары Т.Рысқұлов, Қордай, Меркі, Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Сарысу, Шу аудандарына және Талдықорған, Текелі, Қарағанды қалаларына гастрольдік іссапарлар ұйымдастырды.

А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының ұжымы Астана қаласында өткен Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Роза Мұханованың драматургиясына арналған «ТЕАТРALL» III Халықаралық театр фестиваліне «Мәңгілік бала бейне» қойылымымен қатысып, «Сахналық жаңа форма табудағы ізденістер үшін» номинациясын иеленді.

Ал, облыстық орыс драма театрының базасында Камат Қасенов атындағы V Халықаралық балалар театр ұжымдарының фестивалі өтіп, онда Алматы, Бішкек, Тараз қалалары мен Қордай ауданының жас өнерпаздары өнер көрсетті.

Сонымен қатар, К. Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының шығармашылық ұжымдары облыстың Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Шу аудандарында және Шымкент, Түркістан қаласы, Алматы және Қызылорда облыстарында гастрольдік концерттер ұйымдастырды. Жыл басынан 308 концерт ұйымдастырып, оған 43 620 көрермен қамтылды.

К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары түрлі салалардағы еларалық ынтымақтастықты нығайту мақсатында Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында, Қатар Мемлекетінің Доха қаласында, Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында, Татарстан Республикасының Қазан қаласында өткен «Россия-Восток» (Восточный базар в Казани) атты Халықаралық эстрада фестивалінде, Сауд Арабиясы Корольдігінде өнер көрсетті.

Облыстағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің саны – 3 480. Республикалық дәрежедегі ескерткіштер саны – 30. Оның ішінде, ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілген 5 нысан Ақыртас кешені, Қостөбе, Өрнек, Құлан, Ақтөбе қалашықтары мен республикалық дәрежедегі Қарахан, Айша бибі, Бабаджа хатун, Тектұрмас кесенелері мен «Көне Тараз» қалашығы бар.

Жергілікті дәрежедегі ескерткіштер саны – 708. Алдын ала есепке алынған ескерткіштер саны – 2 742. Ағымдағы жылдың I жарты жылдығында аудандардағы ескерткіштерге мониторинг жұмыстары жүргізілді.

Ә.Марғұлан атындағы археология институтымен жасалған меморандум аясында Жамбыл ауданындағы Қаракемер, Талас ауданындағы Тамды қалашықтарында және Байзақ ауданындағы Жайлаутөбе қалашығына (I-V ғ.ғ.) және Ақжар 1 обалар қорымына археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Ал, Қарасай петроглифтеріндегі археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Қазіргі таңда аумағын ашық аспан асты музейіне бейімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Одан бөлек ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілген Т.Рысқұлов ауданындағы «Құлан» қала шығында «Түркі халықтарының рухани құндылықтары мен мәдени мұрасы» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтті. Аталған іс-шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сеитова, Халықаралық Түркі Мәдениеті және Мұрасы Қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан мемлекеттерінен келген реставраторлар мен тарихшы-сәулетшілер қатысты.

Ұлттық құндылықтарымызды сақтап, өскелең ұрпаққа насихаттап отырған облыс музейлеріндегі 118 мыңнан асатын экспонаттарды 40512 келушілер тамашалап, 2 165 экскурсия және түрлі тақырыптарда 301 көрме ұйымдастырылыпты.

Сол секілді Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің Салихитдин Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында Жамбыл облыстық тарихи- өлкетану музейінің қорынан жасақталған «Ұлы Даладағы мыңжылдықтар ізімен» атты жылжымалы көрмесі өтті. Атырау облыстық Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі және Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің Көркемсурет- галереясының ұйымдастыруымен «Көркем өнер керуені» атты музей қоры туындыларынан жасақталған көрмесі де көптің көңілінен шықты.

Облыстағы тілдерді дамыту бағытында «Тілдерді оқыту орталығы» мекемесінің жұмысы да ауқымды. Мемлекеттік тілдің аясын кеңейту, үш тілді меңгеру жұмыстары аясында мұнда үздіксіз жұмыстар жүріп жатыр. Жақында ғана өткен «Үздік тыңдаушы» облыстық байқауында да әр ауданнан жиналған өзге ұлт өкілдері өздерінің мемлекеттік тілге деген құрметтерін көрсетті. Орталық университет, колледж, мектептердегі тіл мамандарымен байланысып, нәтижелі жұмыстар атқаруда. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табатыны анық. Себебі, мемлекеттік тіл – баршамызға ортақ негізгі байлық.

Өнердегі өңір өрнегі

Былтыр суретшінің 65 жас мерейтойына орай академик, мүсінші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Аманат Назарқұлдың «Ұлы түрік шыңы» атты жеке шығармашылық көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президенттік орталығында уақытша көрмелер залында «Тарих танабындағы таңба» көрмесінің ашылуы өтті. Көрме Президенттік орталық музейінің «Қазақстан жолы» жобасы аясында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейімен бірлесіп ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, Қазақстанның Суретшілер одағымен тығыз байланыс жасалып, көркемсурет галереясында жергілікті суретшілердің көрмелері тұрақты өткізіліп келеді.

Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығы тарапынан облысымыздың інжу-маржаны саналатын қасиетті де киелі Айша бибі мен Қарахан баба туралы «Айша мен Қарахан баба: ғылыми деректер, аңыздар» атты ғылыми деректерге негізделген кітап және «ТАРАЗ – ӨРКЕНИЕТ ӨРІМДЕРІНІҢ КУӘГЕРІ» атты жинақ дайындалды. Аталған орталық той мәдениеті туралы да жиындар өткізіп, нақты жұмыстар атқаруда. «Айша мен Қарахан баба: ғылыми деректер, аңыздар» кітабына аталған екі тұлғаның басында орналасқан кесенелердің архитектуралық құрылысы, олардың аңыз-әфсаналары және ғалымдар тарапынан зерттелген ғылыми деректер мен тағы да тыңнан зерттеліп жатқан ғылыми тұжырымдар енгізілген. Ғылыми деректердің ішінде: Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрік, Иран, Қазақстан республикаларының ғалымдары жазған еңбектері бар. Бұл еңбекті құрастыру барысында Иран елінің, Л.Гумилев атындағы университеттің, Шығыстану институтының, Әдебиет және өнер институтының парсы, араб, түрік тілді мамандарымен бірлесе жұмыстар атқарылған. Алдағы уақыттарда Айша мен Қарахан бабаға қатысты тың дүниелердің айналымға енетініне зор мүмкіндіктер бар. «Тараз – өркениет куәгерлері» жинағында мыңдаған жылдардан бері қалыптасып келе жатқан, адамзаттың киелі мекеніне айналған Тараз, Талас, Қаратау, Шу, Алатау бөктерін жайлаған Түркі халықтарының терең тарихы мен мәдениетіне, әлемге қанат жайған түркінің ұлы өркениетіне қатысы бар Жамбыл облысы мен Тараз қаласының өткен тарихы мен бүгінгі мәдени дамуы, сәулеттік өркендеуі, сонымен қатар, облыстың жалпы табиғаты мен туристік нысандары баяндалады. Жинақ 3 тілде (қазақша, орысша, ағылшынша) жарық көріп отыр.

Басқарма тарапынан ардагерлер кеңесіне қолдау көрсетіліп, облыстық деңгейде ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеп, жандандыру жолында ерен еңбегімен ерекшеленген асыл әжелерімізге құрмет көрсетіліп, «Аялы әже» облыстық форумы өткізілді. Сатирик ақын Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай халық театрларының «Жүз шымшыма...» атты республикалық әзіл-сықақ байқау-фестивалі де көпшілік көңілінен шыққаны анық.

Сондай-ақ, өңірдегі жас таланттарды іздестіру, үлкен сахнаға шығарып, қолдау көрсету мақсатында шығармашыл жастардың «Жаңа есім – 2024» жобасы ұйымдастырылды.

«Көне Тараз күмбірі» ІІІ республикалық фольклорлық ансамбльдер конкурсы, «Туған өлкем – Жамбылым!» атты республикалық жыр мүшәйрасы, композиторлар мен қылқалам шеберлерінің республикалық байқаулары, қолөнершілердің облыстық байқауы көңілден шықты.

Жуалы ауданындағы Ш.Мұртазаның әдеби мемориалдық үйінде Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның туған күніне орай «Түсіме ылғи Мыңбұлақ кіреді» атты ашық аспан астындағы әдеби-сазды кеш өтті.

Меркі ауданында Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар ұйымдастырылды. Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында отандық классикалық музыка әлеміндегі танымал музыканттар мен белгілі әншілердің қатысуымен «Күзгі әуен» классикалық өнер кешінің, халық ақыны, жырау, дүлдүл әнші, көрнекті композитор Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына арналған «Шырқа, даусым» ХІІ Республикалық дәстүрлі әншілер конкурс-фестивалі жұртқа жағымды әсер сыйлады. «Мәдениет – асыл қазынам» атты облыс аудандарының мәдениет күндері өтті. Жыл бойы өткен байқау қорытындысы бойынша Талас және Жамбыл аудандары үздік деп танылып, облыс әкімінің қолынан жаңа шағын автобустардың кілтін алды.

Биыл да өңіріміздің мәдениет саласында жарқын істер жүзеге аса береріне сенеміз.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар