«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Көп тойдың сәні мен дәмі бар, бірақ мәні жоқ

Көп тойдың сәні мен дәмі бар, бірақ мәні жоқ
Ашық дереккөз
Жер жүзіндегі ең тойшыл халық екендігіне қарамастан, қазағымыздың той өткізуі туралы даңқы мен дақпырты ешқашан ел- жұрттың көзінен таса қалған емес. «Еуропа мемлекеттерінде Шымқаладағыдай мың жарым орындық банкет залдары жоқ. Тіпті 200-300 адам сиятын орын табу қиын. Олардың ресторандары құстың ұясындай. Үлкен залға сұраныс жоқ. Еуропалықтар қазақтар секілді ұлан-асыр той жасамайды» деп жазатын тележурналист Гүлмәрия Барманбекованың сөзімен айтқанда, той дəстүрі – қазақ мəдениетінің бөлінбес бір бөлшегі. Той сипаты – қазақ болмысының көрінісі.

Той – қашанда көшпенді қазақтың бар қызығы болып келген. Қазір де көпшілік халық үшін солай. Бірен-саран байларда ғана болмаса, халықтың басым көпшілігінде əлемдік классиканың тамашасын тікелей қызықтап, рухани сусындайтындай мүмкіншілік жоқ. Сондықтан қазақ бойда қордаланған «буын» тойда ғана шығарып, емін-еркін жан рахатына бөлене алады. Көптен көріспеген ағайын-туған, дос-жаран бас қосып сағынышын басады.

Той – бауырмалдықты, береке-бірлікті паш ететін шара. Ақ жарқын амалдардың шашу болып шашылатын, ізгі ниеттердің періштенің құлағына шалынып, бата-тілектердің қабыл болатын тұсы да – той. Үлкеннен өнеге тарап, жақсы сөздің жарым ырысқа айналатын сəті. Жас буын өнерінің тұсауы кесіліп, шыңдалып, шыңға қанат қағар кезі де – осы ара. Бой сергітіп, күнделікті күйкі тіршіліктің барған сайын табасына салып қуырып бара жатқан ауыртпашылығынан бір арылатын сəті де – той.

Той – қазақтың пешенесіне жазылған берекелі нəсіп.

Тойды сынағандарды тойды тоқтатуды көздеп жүр деп түсінетіндер бар. Ал, тойдағы жұрт мәдениетіне әбден көңіл бөлу қажет-ақ. Тойдағы дейміз-ау, алдымен жалпы қоғамдағы жұрттың мәдениетіне көңіл бөліну керек.

Тәртіп пен тәрбиені қазақтың тойынан ғана емес, тұрған тұла бойынан бастау қажет.

Ғұлама Сенека айтқандай, жақсылыққа уағыз айтып емес, үлгі көрсетіп жетеміз.

«Ешкімге ұқсамау» деген заманауи психологиялық ұстанымға қатып қалған бейәдеп балаларымызды жақсыға «еліктеп өсуден» ат-тонын ала қашатын синдромнан арылту – кезек күттірмейтін профилактика. Бұрынғылардың белгілі бір тұлғаны идеал тұтқанын бүгіндері «жеке басқа табыну», «Аллаға ширк қосу» деп есептейтіндерді ессіз елесінен айықтыру – белсенді қоғам мүшелерінің басты мақсаты болуы тиіс. Себебі, хакім Абайдың «Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз» дегені тегін емес. Жақсыны көрмек, жақсыға еліктемек – жақсы адам болуға талпынудың белгісі. «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деген де халық даналығы. Көргенді адам көргенсіз адамнан оқ бойы озық тұрады.

Отбасылардағы тату-тәттілік кіршіксіз дамыса, білім мен тәрбие мекемелерінің мәртебесі артса, әлеуметтік сала, мемлекеттік қызмет мүшелерінің этикеттері сақталынса, құқықтық орган саласының беделдері биіктеп, әр азаматтың ар-ожданы абыройланса, адамдар көпшілік орын, қоршаған ортада өзін-өзі лайықты ұстай білуге дағдыланса мәдениет салтанат құрмай ма. Жұрт көзінше ыржалаң қағудың, жасына лайықсыз тірлік істеудің саналы адам үшін өрескел екенін түйсінетін ел көбеймей ме. Үлкеннен имену, кішіден ұялу, қарттарды құрметтеу, жастарды жолға салу секілді дағдылар дамымай ма. Ұялы телефонының түсіру камерасын қосып алып, ас пен жиын-тойдағы, даладағы, қаладағы жер-көкті, әбестіктерді бадырайта түсіріп, дабыра қып жайып, әлеуметтік желілер арқылы желдей ескізіп таратудың жөнсіз қылық екенін біртіндеп түсінбей ме сосын. Телі мен тентегін жаһанға жар салмай-ақ, ел ішінде тыйып, тезге салатын ұлағатты ұлт екеніміз дәлелденбей ме сөйтіп.

Сонда, атамыз қазақтың заманмен бірге дамып келе жатқан бүгінгі ұрпағы да сөз ұқпайтын мешеуліктен ада болар еді. Сонда той басқаратын асабаларға да тіл тимес еді.

Сөз ұқпау, сөз тереңіне үңіле алмау деген кемістік салт пен дәстүрді де білмеу, әдет пен ғұрыптарды да байыптамау деген кемшіліктермен барабар.

Бұған келтіретін мысалдар айналамызда өте көп.

Үйлену тойларында жас жұбайларға «Үй ішінен үй тігіп, отау құрып жатқандарың құтты болсын!» деп тілек айтатындар кездеседі. Басқа-басқа, осы сөзді өзім танитын тіл-әдебиет пәнінің маманының аузынан да естідім. «Үй ішінен үй тігіп, отау құрып жатқандарың құтты болсын!» деген құттықтауларын аңқылдай жолдаған ақкөңіл бұл адамдардың «үй ішінен үй тігу» деген тіркестің жаңа отау құрудың мағынасын бермейтінін, керісінше, алауыздықтың, ала қойды бөле қырыққандықтың белгісін білдіретіндігін ұқпайтынына қалай қарныңыз ашпайды.

Дегенмен, «Тойдың бетпердесін ашу үшін той төріне пәленшені шақырамыз!», «Сонымен тойымыздың бетпердесі ашылды. Енді тойымыз басталды!» деп аузы-аузына жұқпай тақылдайтын біраз жас асабаға «бетперде» деген сөздің орысша мәні «маска», ал ана тілімізде бет-жүзді жасыратын тұмшан деген ұғымды беретінін, той шымылдығын ашуға ол сөзді қолданудың өрескел айып екенін айтатын жерде айтып-ақ келеміз.

Асабалар ғана емес, кез келген ортада сөйлеп тұрған кейбір қаракөздеріміздің өзі кейде байқамай жиі қолданатын сөздің бірі «отбасы, ошақ қасы». «Отбасы-ошақ қастарыңыздағы мына керемет той құтты болсын!» дейді. Бұл таныс тіркестің көбінесе, орысша айтқанда, «ішкі кухня» дегенді меңзейтінін, ал «Сор из избы не выносят» деген сөзге немесе «Үй сыртында кісі бар» деген мәтелге сүйенсек, ішкі кухнядағы – отбасы, ошақ қасындағыны бөгдеге білдірмеуге тырысуды тұспалдайтын, үйішілік тірлікті, сылдырай қалған кесе-шәйнектің дыбысын сыртқа шығармау керектігін меңзейтін, қазақы мінез табиғатымызды кескіндейтін, мағынасы терең болғанымен, аясы шағын сөз екенін білмеу – қазақпын деп жүрген өз ұлтымыздың әрбір азаматына қатты сын, үлкен ұят. Ендеше ол тіркеспен қалың қауым алдында қуанышын паш ете, ұлан-асыр той жасап жатқан жұртты қалай құттықтамақсыз.

Осының бәрі кітапқұмарлардың азаюынан, қара сөз оқып, қара өлең жаттаушылардың жоғалуынан, балаларына ертегі айтар дейтін ана, әжелердің тілінің шорқақтығынан, өнегелі ісімен өрелі сөз қалдырар абыз ақсақал, қазына қариялардың сиреуінен, отбасында тағылымды тарихи, ұлттық құндылықтарды ұрпағының бойына ана сүтімен, ата күшімен дарытуға лайық әке-шешенің жоқтығынан немесе кемдігінен орын алып отырған қателіктер.

Міне, біздің қоғамға жаппай осы сықылды өнегелі һәм жүйелі жол қажет.

Сонда ғана, көрпесіне қарай көсіліп, бар жиған-тергеніміз қуанышқа, жақсылыққа шашылсын, лайым деп тілейтін ақкөңіл халқымыз асыл арманының бағасын біліп, салт пен дәстүрінің шыңына айналған қазыналы той-томалақтарының қадірін кетірмес еді.

 

Үміт БИТЕНОВА

Ұқсас жаңалықтар