«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Шаттық пен береке тоғысқан шақ

Шаттық пен береке тоғысқан шақ
Ашық дереккөз
Жаңа жылды тойлау – бұл әлемнің көптеген елдерінде кеңінен тараған мәдени дәстүр. Оның тарихы мыңдаған жылдарға созылып, әртүрлі халықтар мен өркениеттердің салт-дәстүрлерімен байытылған.

Жаңа жылды тойлау алғаш рет шамамен 4000 жыл бұрын Ежелгі Месопотамияда пайда болған деп есептеледі. Олар көктемгі күн мен түннің теңелуін (21 наурыз шамасында) жаңа жылдың басы деп қабылдаған. Бұл кезең табиғаттың жаңаруымен, егін егу маусымының басталуымен байланыстырылды. Ежелгі Римде Жаңа жылды тойлау дәстүрі Юлий Цезарь енгізген юлиан күнтізбесіне байланысты болды. Біздің заманымызға дейінгі 46 жылы Цезарь 1 қаңтарды Жаңа жылдың басталуы ретінде белгіледі. Бұл күн римдік Янус құдайына арналды, ол бастамалар мен өтпелі кезеңдердің құдайы ретінде танылды. Орта ғасырларда Жаңа жылды тойлау христиандық дәстүрлерге байланысты өзгеріске ұшырады. Көптеген елдерде бұл мереке Рождествомен немесе басқа діни күндермен байланыстырылды. Мысалы, кейбір елдерде Жаңа жыл наурыздың 25-інде – Благовещение мерекесімен бірге тойланған. Григориан күнтізбесі енгізілгеннен кейін (1582 жылы) Жаңа жылды 1 қаңтарда тойлау бүкіл әлемге кеңінен тарала бастады. Бұл күнтізбе Рим Папасы Григорий XIII-нің бастамасымен қабылданып, көптеген елдерде ресми түрде енгізілді.

Қазіргі кезде Жаңа жылды тойлау әр елде әртүрлі дәстүрлермен ерекшеленеді. Мысалы, Қытайда бұл мереке Ай күнтізбесіне байланысты және көктем мерекесі ретінде атап өтіледі. Қытайлықтар бұл күнді қызыл түске боялған декорациялармен, айдаһар биімен және отшашулармен қарсы алады. Жапонияда Жаңа жыл «Омисока» деп аталады және оны буддистік ғибадатханалардағы қоңырау соғу рәсімімен қарсы алу дәстүрі бар.

Жаңа жыл – бұл тек күнтізбелік жаңа кезеңнің басталуы ғана емес, сонымен бірге адамдарды алдағы уақытқа жаңа мақсаттар қоюымен және өткен жылды қорытындылауымен ерекшеленеді. Бұл мереке адамдарды біріктіріп, отбасылық және достық қарым-қатынастарды нығайтуға септігін тигізеді. Жаңа жылды тойлау – дәстүрлердің, мәдениеттердің және ұрпақтар сабақтастығының нышаны іспетті. Әрбір халық өз дәстүрлерін сақтай отырып, бұл күнді ерекше көңіл-күймен қарсы алады. Қазақстанда Жаңа жыл – ең танымал және ең қуанышты мерекелердің бірі. Бұл мереке дәстүрлі түрде 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні тойланады және әртүрлі ұлт өкілдерінің мәдениеті мен әдет- ғұрыптарын біріктіреді.

ЖЫЛЫЛЫҚ СЫЙЛАЙТЫН ОТБАСЫЛЫҚ МЕРЕКЕ

Қазақстанда жаңа жылды тойлаудың өзіндік ерекшеліктері бар. Ең алдымен жаңа жыл қарсаңында ғимараттар мен көшелер әсем безендіріліп, шыршалар қойылады. Шыршалар түрлі-түсті шамдармен, ойыншықтармен, гирляндалармен және жыл символына қатысты әшекейлермен безендіріледі. Көпшілік туыстары мен достарына сыйлықтар алып, оларды арнайы қаптамаларға салып дайындайды. Жаңа жылға арнайы тағамдар дайындалады, оның ішінде танымал «оливье» салаты, бауырсақ, ет тағамдары және ұлттық тағамдар болуы мүмкін. Қазақстандықтардың көбі Жаңа жылды отбасымен бірге қарсы алады. Бұл кеште дастарқан басында жиналып, өткен жылға шүкір айтып, болашаққа тілектер айтылады. Көпшілігі мерекелік концерттер мен Жаңа жылға арналған шоу бағдарламаларды көреді. Сағат 23:55 шамасында Президент халыққа арналған дәстүрлі құттықтау сөзін жолдайды. Сағат 00:00-де бәрі бір-біріне табыс тілеп, Жаңа жылды қарсы алады. Сол уақытта түрлі-түсті отшашулар басталып, қаланың аспанын түрлі- түсті жарыққа толтырады. Ауылдық жерлерде жастар ауыл клубында немесе орталық алаңда жиналады. Қазақстанда Жаңа жыл мерекесі басқа да ұлттық мерекелермен үйлеседі. Мысалы, Наурыз мейрамы сияқты, Жаңа жылда да бір-біріне қонаққа барып, сыйластық көрсетеді. Кейбіреулер ескі жылды шығарып салуға арналған дәстүрлерді ұстанады. Жалпы, Қазақстанда Жаңа жыл – жанұялық жылылық пен қуанышқа толы ерекше мереке.

– Келін болып түскен әулетім үшін жаңа жыл – отбасы төрт көзіміз түгел қарашаңырақта жиналатын мереке. Қазақстанның, әлемнің қай қиырында жүрсек те 31 желтоқсанда қарашаңырақта болу – жылдар бойы айнымай келе жатқан шарт. Бұл күні күйеуімнің, қайын атамның бауырлары түгел біздің үйде бас қосады. Міндетті түрде мерекелік ас әзірлейміз. Бұл жылдағы дәстүріміз. Бауырсақ пісіреміз. Атам мен енем міндетті түрде немерелеріне сыйлық береді. Біз де жолдасым екеуміз ата-анамызға сыйлық тарту етеміз. Кейінгі жылдары сыйлықты өз қалағандарын алсын деген ниетте ақшалай беруді әдетке айналдырдық. Балаларға арнайы алған сыйлықтарымызды шыршаның астына қоямыз. Бірақ балаларымызға естері кіре бастаған сәттен бастап Аяз атаның ойдан шығарылған кейіпкер екенін, сыйлықтарды Аяз ата емес, ата- аналары алып беретінін үйреткенбіз. Сондықтан олар Аяз атаға сенбейді. Сыйлықтарды біз алып беретінімізге әбден көздері жеткен. Сағат тілі түнгі 12-ні соққанда бір-бірімізге ақжарма тілектерімізді айтамыз. Одан кейін қарашаңырақ болғандықтан жақын маңдағы ағайындар біздің үйге ағылады. Олар құттықтап шыққан соң жолдастарымыздың үйлеріне шығамыз. Балалардың қауіпсіздігі үшін отшашу алудан бас тартқанбыз. Бірақ басқалардың отшашуын қызықтап, тамашалайтынымызды жасырмаймын. Кейбір жылдары адам аяғы басылған соң абысындарымызбен сырғанақ тебуге баратынымыз бар. Жалпы алғанда жаңа жылды біздің әулет осылай атап өтеді, – дейді жаңатастық Айгерім Бәшімова.

Ал, кейбір отбасылар бұл мерекені жай ғана күнтізбенің ауысуы деп санайды. Жаңа жылдағы шығындар мен ас та төк дастарқанды ысырапшылдық деп есептейтіндер де баршылық. Дегенмен, зайырлы қоғамда өмір сүргендіктен жаппай тойланып жатқан мерекені көппен бірген атап өткен абзалырақ.

«АЯЗ АТА БОЛЫП ЖҰМЫС ІСТЕЙМІН»

Жаңа жылдық кейіпкерлерді үйге шақыру құны бір жылда 20 пайызға өскен. Егер 2023 жылы Аяз ата мен оның немересінің жарты сағаттық қызметі ел бойынша орташа есеппен 10-нан 15 мың теңгеге дейін болса, бүгінде 30 минуттың құны күні мен сағатына байланысты 12 мың теңгеден тұрады.

OLX платформасы 2024 жылдың қысқы кезеңіндегі хабарландыруларды талдап, Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде жаңа жылдық сиқыршылар қанша табыс табатынын және қандай бағдарламалар ұсынатынын анықтады. Алматыда жаңа жылдық сиқыршылардың қызметтері ең жоғары сұранысқа ие. Қызмет құны қысқа құттықтау үшін үйге бару 10 000 теңгеден басталып, кешенді бағдарламалар үшін 65 000 теңгеге дейін жетеді. Мысалы, «VIP-құттықтау» балаларды Аяз атаның резиденциясына трансфер жасауды, Ақшақармен шай ішу, шырша маңайында билеу және кәсіби фотосессияны қамтуы мүмкін. Корпоративтік шараларға арналған қойылымдар да жоғары сұранысқа ие. Олардың бағасы бағдарламаның ұзақтығына және байқаулар мен сыйлықтар беру сияқты қосымша мүмкіндіктерге байланысты жоғарырақ болады. Шымкентте қызметтер 10 000 теңгеден басталады. Негізгі сұраныс балаларды отбасыларда құттықтау, сондай-ақ балабақшалар мен мектептерде қойылымдар жасауға бағытталған. Бағдарламаға жиі билер, байқаулар және фотосессиялар кіреді. Корпоративтік қойылымдар сұранысқа ие, бірақ олардың құны сирек 40 000 теңгеден асады. Бұл қалада хабарландырулар саны оңтүстік астанамен салыстырғанда әлдеқайда аз: 90 хабарландыруға 3 538 жауап, әрқайсысына 39 жауап түседі. Бұл Аяз ата мен Ақшақардың жалпы табысы 390 000-нан 1 560 000 теңгеге дейін болатынын білдіреді. Ал, Тараз қаласында жаңа жылдың бас кейіпкерлерін бір сағатқа шақыру құны 5000 теңгеден басталады.

– Әдетте, Аяз ата мен Ақшақардың келуі 15 минуттан 1 сағатқа дейін созылады. Бағдарламаларға құттықтаулар, билер, байқаулар, шырша айналасындағы ойындар және фотосессиялар кіреді. Театр актерлері мен тәжірибелі жүргізушілер сияқты мамандар мазмұнды сценарийлер мен сапалы костюмдер ұсынады. Ал, жаңадан бастағандар бюджетке сай қарапайым қызметтерге көңіл бөледі. Ең көп тапсырыстар желтоқсанның соңғы аптасына, әсіресе 31 желтоқсанға келеді. Бұл күні аниматорлар марафондық режимде жұмыс істейді, бірнеше тапсырысты қатар орындайды. Маусымға дайындық алдын ала басталады: репетициялар, реквизиттер дайындау және маршруттарды жоспарлау тығыз кестеге төтеп беруге көмектеседі. Аяз ата мен Ақшақардың жұмысы тек шығармашылықты ғана емес, шыдамдылықты да талап етеді. Корпоративтік іс-шаралардан бастап балалар ертеңгіліктеріне дейін әрбір қойылым кішігірім шоуға айналады, мұнда эмоциялық түрде образға берілу ерекше маңызды. Өзім осы маусымдық жұмыспен соңғы үш жылда тұрақты айналысып келе жатырмын. Үш ай тойға шығып жүріп тапқан табысты бір ғана жаңа жылда тоқтаусыз қызмет көрсетіп жүріп табуға болады. Аяз ата болып жұмыс істеудің өзіндік қиындығы бар. Мысалы, алғашқы жылдары түрімді Аяз атаға ұқсату өте қиын болды. Образға ақша жеткізе алмадым. Сол үшін тек кішкентай балаларға қызмет көрсеттім. Кейін қаражатым көбейгенде ақырындап Аяз атаға ұқсай бастадым, – дейді жыл сайын Аяз ата болып жұмыс істейтін Қайрат Егембердиев.

Жалпы Қазақстанда шет мемлекеттердегідей маусымдық аниматорларды оқытатын арнайы мекеме жоқ. Сондықтан олардың тапқан табысын есептеп, әр маусымға дайындығын бағамдайтын ақпараттар табу қиын. Ел ішінде Аяз ата, Ақшақар образында қызмет ететіндердің дені театр әрістері мен той бизнесі саласында еңбек етіп жүрген азаматтар. Олар үшін Жаңа жыл – жылына бір-ақ рет келетін мүмкіндік. Сондықтан мұндай мерекеде олардың аянып қалмасы анық.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар