«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлы даладан ұлағат

Ұлы даладан ұлағат
Ашық дереккөз
Кейде айқайға баспай-ақ, үнсіз жүріп те айтарлықтай іс тындыратын кісілер болады. Олардың жазған еңбектерінде, атқарған жұмыстарында жас ұрпаққа берер тәлім бар. Сондай еңбекшіл, ізденісі жоғары қаламгерлердің қатарына Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сәнтөре Пірманұлын қосуға болады.

Ол мәдениет саласында ұзақ жыл тер төге жүріп, қолынан қаламын да тастаған жоқ. Облыстық, республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері. Осы кезге дейін «Құралай», «Бәйшешек пен бозторғай», «Жұлдыздар түнде жырлайды» атты кітаптары жарық көрген. Ол еңбектерде қаламгердің шабытты жырлары мен драмалық шығармалары жинақталған болатын.

Жақында Тараз қаласындағы «Формат-Принт» баспасынан Сәнтөре Пірманның «Ұлы дала ырғақтары» атты жыр кітабы жарық көрді. Аталған жинақ төрт бөлімнен тұрады. «Қырық мақам күмбірі» атты алғашқы бөлімінде барша қазаққа аты мәлім тұлғалар және бала күнінде, жігіт кездерінде өзінің көзі көрген, Сыр елінде ғұмыр кешкен жыраулар туралы толғанады. Аталған толғауда Тұрмаханбет, Әлқуат, Балқы Базар, Шамсат сұлу, Тасберген, Ешнияз, Молдахмет, Жаппар, Әбдірәсіл,Сәрсенбай, Орақ секілді бірнеше жыраудың аты аталып, еңбектері суреттеледі. Екінші бөлімінде өзі жазған термелерге басымдық беріпті. Атап айтқанда, «Бас терме», «Бос кеудеңді көтерме», «Келгенде бір-ақ рет өмірге адам», «Тіршілік» атты терме жолдары тәмсіл мен тағылымға толы. Әрине, Сәнтөре термелерінің баршасы інжу-маржанға толы деп айту артық болар. Дегенмен, елдің керегіне жарайтын өнегелі шумақтары жетерлік. Мәселен, «Бос кеудеңді көтерме» термесінде:

Дәулет қонып, қолың көкке жеткесін,

Жан жүрегің тәубелікке беттесін.

Мейір, иман, ар мен ұят, рақым,

Залымдықтың өкшесінде кетпесін, – деген жолдардың көпшілікке ой салатыны анық. Үшінші бөлімде «Қорқыт пен қырық қыз» атты дастаны қамтылыпты. Дастанның орта тұсында:

... Күңіренген қобыздың үнін іздеп,

Қырық қыз шығып кетті қырық қырға», – деп қобыз үнінің кереметін, Қорқыттың талантын байқатып өтеді. Ал, «Құс дауысты қайтарма» атты соңғы бөлім лирикалық өлеңдерге, әсіресе, әнге жазылған жырларға арналыпты. Автордың «Бармақтай бақ», «Алаш арыстары», «Тәуелсіздік толғауы», «Қарындасқа хат», «Жеңгейлер», «Қайдасыңдар, көз көргендер?», «Шопаным», «Гүл ұстаған қыз» өлеңдері оқырманға жылы әсер қалдырады. Осы әндер бірқатар кештерде орындалып, бағаланып үлгерген. Автор: «Сыр бойында ғұмыр кешкен біраз жырауларды қамтыдым. Себебі, олардың көпшілігінің көзін көрдім. Термелерім мен өлеңдерімнен оқырман өз керегін алады деп ойлаймын», – деді.

Біз де осынау жаңа кітаптың өз оқырмандарына берері аз емес екенін аңғардық. Жас ұрпақ тағылым мен өсиетке зәру. Сол құндылықтарды осы жыр жинағынан көптеп кездестіруге болады.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар