«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Шавкат Хабибті қашан басып озады?

Шавкат Хабибті қашан басып озады?
Ашық дереккөз
UFC – әлемге әйгілі ережесіз жекпе-жек алаңы. Спортсүйер көпшілік осынау турнир арқылы Конор Макгрегор, Хабиб Нурмагомедов, Нейт Диас, Тони Фергюсон, Энтони Петтис, Дастин Порье мен Джастин Гэйтжи секілді түрлі спорт шеберлерін тани бастады. Ал, кейінгі жылдары UFC-де қазақ балалары да өнер көрсетіп келеді. Солардың ішінде жеңіліс көрмеген Шавкат Рахмоновтың орны бөлек. Әлемдегі ең белді промоушенде күш сынасып жүрген жартылай орта салмақтағы (77.1 килограмм) отандасымыз Шавкат Рахмонов кезекті рет өзінің шын мықты екенін дәлелдеді.

Естеріңізде болса, отандасымыз өткен жылдың желтоқсан айында америкалық спортшы Стивен Томпсонды екінші раундта ұтқан болатын. Ал, жуырда қазақстандық жауынгер АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен UFC 310 турнирінде ирландиялық файтер Иэн Мачадо Гэрримен кездесті. Бес раундқа жоспарланған бұл жекпе-жекте Шавкат төрешілердің бірыңғай шешімімен жеңіске жетті. Айта кетейік, ол бастапқыда жартылай орта салмақтағы UFC чемпионы Белал Мухаммадпен титулдық жекпе-жекке шығуы керек еді. Бірақ, Белал Мухаммад инфекция жұқтырып алғанына байланысты кездесу өтпей қалды.

Айта кетейік, Ultimate Fighting Championship негізі сонау 1993 жылы қаланған турнир. Алғашында тек бір рет ең үздік жекпе-жек түрін анықтау мақсатында өткізілгенімен, кейіннен бөлек бір промоушенге айналады. Нәтижесінде 2006 жылы ерекше танымалдылыққа ие болып, оны тамашалайтын көрермендер саны артты. Бірнеше жекпе-жек түрлерін қамтитын бұл спорт алғашқы жылдары АҚШ-та қатыгез спорт түріне жатқызылып, телеарналарда көрсетуге шектеу қойылды. Себебі, алғашында кез келген салмақтағы спортшылар бір-бірімен айқаса алатын еді. Тіпті, құлақтан тістеп, шаштан тартуға рұқсат берілген. Ал, спортшылардың салмақ айырмасы 180 килограммға жеткен кездер де болды. Дегенмен, алғашқы турнирлер салмақтың көп нәрсені шешпейтінін көрсетті. Өйткені, алғашқы 3 турнирді салмағы бар болғаны 78 килограмм болатын Ройс Грейси жеңіп алған еді. Осы сәтте көпшіліктің көкейінде заңды сұрақ туды. Жанкүйерлер: «Балуан боксшыны тізе бүктіре ала ма?», – деп шулай жөнелді. Көпшілікті таңғалдырып, алғашқы турнирде балуандар жеңіске жетті.

Үкіметтің қысымынан кейін UFC Нью-Джерси Штатының спорттық комисиясымен бірігіп, өз ережелерін бекітті. Ережеге сай титулдық кездесулер 5 раундқа, жай кездесулер 3 раундқа созылды. Спортшылар қалыңдығы 2,5 сантиметр болатын жеңіл қолғап, капа мен кең шорты киюге міндеттенді. Промоушен тіпті «Чемпиондар аралы» деп аталатын Дубайда үлкен жекпе-жек алаңын тұрғызды. Турнирде спортшылардың гонорары әртүрлі болды. Мәселен, бір спортшы 4 мың доллар ғана алса, екіншісі 1 миллион доллар гонорар алуы мүмкін. Ең алғаш рет 1 миллион доллар гонорар алған ирландиялық Конор Макгрегор еді. UFC-дің одан әрі танымалдылығын осы Макгрегормен байланыстыруға да болады. Кейіннен дағыстандық Хабиб пен оның командаласы Ислам Махачев, америкалықтар Порье мен Гэтжи секілді саңлақтар бұл турнирдің көркін қыздырды.

Ал, қазақстандық спортшыларға келер болсақ, ең алғаш UFC-де кездесу өткізген Дамир Исмағұлов. Ол бұл турнирге келмей тұрып 17 кездесу өткізіп, тек біреуінде ғана жеңілген. Бұл жігіт промоушенге келгеннен кейін 3 кездесу өткізіп, барлығында төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Бұл кездесулерде ол Алекс Горджис, Хоэль Альварес пен Тиагу Мойзис сынды шеберлермен жұдырықтасты. Ресей елінің Орынбор қаласында туылғанына қарамастан Дамир атажұртын ұмытпай қос елдің туын қатар алып шығады. Тағы бір отандасымыз Жалғас Жұмағұловтың бұл промоушендегі жағдайы мәз емес. Көпшілігіміз үміт артқан спортшы UFC-дегі қос кездесуде де жеңіліп, турнирден шығып қалудың аз-ақ алдында қалды. Алдымен ол бразилиялық Раулиан Пэйвадан, кейіннен армиян спортшысы Амир Албазиден жеңіліс тапты. Уақыт өте қазақстандық спортшы UFC- дегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Ол Лас-Вегаста өткен UFC 264 турнирінде америкалық спортшы Джером Риверамен айқасты. Жеңіл салмақтағы бұл жекпе-жек үш раундқа жоспарланған еді. Алайда, Жалғас Жұмағұлов алғашқы раундта- ақ қарсыласын жеңді. «Мен өте бақыттымын! Алғашқы жекпе-жегім сәтсіз болды. Мен елімді жеңісіммен қуантқым келді. Қазір халқым ұйықтамай күтіп отырғанын білемін. Бәрі осы жекпе-жекті күтті. Мен бүгін елім үшін жеңіске жеттім», – деген еді сонда Жалғас.

Енді UFC-мен келісімшартқа отыруы мүмкіндігі бар отандастарымызға тоқталайық. Оның алғашқысы бәрімізге танымал Арман Оспанов еді. «Сұңқар» лақап атымен белгілі спортшы бірер жыл бұрын әйгілі проушенмен келісімшартқа отырады деген әңгімелер болған. Дегенмен, әлі күнге дейін ресми ақпарат таралған жоқ. Арманның промоушенде жұдырықтасуына ең бірінші ықпал еткен жайт оның АҚШ- та бұрын жаттығу өткізгендігінде. Келесі маңызды фактор – Хабиб пен Гэтжи сынды алыптардың өкілі болып жүрген Али Абдель-Азиздің өзі біздің Арманның да өкілі болып келіссөз жүргізуінде еді. Соңғы 5 кездесуінің 3 еуінде жеңіліс тапқанына қарамастан Арман Оспановтың әлемдік промоушенде жасындай жарқырайтынына сенім мол болған.

Екінші үміткер жекпе-жектен бұрын интернетте танымал спортшы Қуат Хамитов. Өзінің UFC-де кездесу өткізетінін бірнеше жыл бойы айтып келе жатқан Қуат әлі күнге дейін промоушенмен келісімге келе алмауда. Максим Пантелеевты жойқын нокаутпен жеңгеннен кейін ол тағы да әйгілі промоушенде жұдырықтасу ниетін білдірді. Дегенмен, 37 жасқа қадам басқан «Найманның» енді әлемдік промоушенде өнер көрсетуі екіталай. Жалпы, отандастарымыздың бұл спортта аяқ алысы жаман емес. Айталық, Шавкатпен бірге жаттығатын жерлесіміз Асу Алмабаевтан зор үміт күтеміз. Сондай-ақ, Умар Нурмагомедовқа лайықты қарсылық көрсеткен Бекзат Әлмаханның да болашағы зор. Оның үстіне, елімізде енді ғана қалыптасып келе жатқан бұл спорт түріне тиісті деңгейде қолдау көрсетіліп, жаттығу алаңдары бой көтеруде. Себебі, қазір әлем елдерінде бокс өнеріне қызығушылық біршама төмендеп, қазір UFC жаңа деңгейге көтерілді.

Шавкат Рахмоновқа қайта оралайық. Өзбекстанда туған Шавкат 2010 жылы Қарағанды қаласына көшіп келген. Әуесқойлар арасында ең жас Әлем Чемпионы атанған ол 2019 жылы M-1 Global турнирінің чемпионы атанып, ең үздік промоушен UFC- мен келісімшартқа отырды. UFC-де 2020 жылы 24 қазан күні алғашқы кездесуін Хабиб-Гейтжи мен Алекса «Cowboy» Оливейры ивентінде өткізді. Жай өткізіп қана қоймай, қарсыласын қылқындыру әдісімен жеңді. Тіпті, бұл кездесу кештің үздік кездесуі аталуға шақ қалды. Себебі, Шавкат күрес әдістерін ғана емес, жұдырықтасуды да жетік меңгергенін аңғартты. Бастысы, миллиондаған көрерменнің ықыласына бөленіп, өзге қазақстандық шеберлерге үлкен үміт сыйлады. Әлі күнге дейін жеңіліс таппаған Шавкатты көпшілігі Хабиб Нурмогамедовтың ізін жалғайды деп болжап отыр.

Жақында ғана UFC-дің жеңіл салмақтағы бұрынғы чемпионы Хабиб Нурмагомедов промоушеннің болашақта Шавкаттың қарсыласы атануы тиіс жартылай орта салмақтағы чемпионы Белал Мухаммадтың келесі жекпе-жегі туралы пікірін білдірді. Хабибтің пікірінше, UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпионы Белал Мухаммадтың келесі қарсыласы нигериялық Камару Усман болуы керек. «Мен Белал мен Камарудың жекпе-жегін көргім келеді. Себебі, Камару бұл жекпе-жекке лайық. Адамдар оған қатысты түрлі нәрсені айтуы мүмкін, бірақ Камару бұл кездесуге шығуға лайық. Әрине, бұл қатарда Шавкат та бар. Бірақ, менің ойымша, егер Камару Джек Делла Маддалена сияқты бір жігітті жеңсе, ол чемпиондық белбеу үшін таласқа түсе алады», – деді Хабиб Нурмагомедов. Атап өтейік, UFC 310 турнирінде Шавкат Рахмонов ирландиялық Иэн Мачадо Гэрриді төрешілердің бірыңғай шешімімен жеңген болатын. Осы кездесуден кейін Шавкат Рахмонов UFC чемпионы Белал Мухаммадты октагонға шақырып, қос файтер көз түйістірген еді.

Шын мәнінде, мұсылман елдерінде аса абыройлы Хабибтің Шавкаттың жолына тосқауыл болуының өзіндік себебі бар. Айталық, дәл қазір ТМД елдерінің арасында дағыстандық жауынгер ғана спорттың мансабын жеңіліссіз аяқтады. Оның рекорды – 29-0. Ал, оған дейін ММА-да өнер көрсеткен «Соңғы император» атанған әйгілі Федор Емельяненконың өзі де жеңілістің ащы дәмін татты. Ал, Хабибтің әкесі Абдуманап Нурмагамодовтың сүйікті шәкіртінің бірі – Ислам Махачевтің жеңілісі бар. Ол 2015 жылдың қазан айында өткен UFC 192 турнирінде 33 жастағы бразилиялық Адриано Мартинстің қақпанына түсіп, техникалық нокаутпен жеңіліске ұшыраған еді. Бұл жекпе-жек Даниэля Кормье және Александра Густафссона кездесуінің андеркардында өтті. Рас, уақыт өте Ислам өз шеберлігін шыңдап, Хабибтің жолын жалғады. Ол жеңіл салмақта UFC чемпионы атанып қана қоймай, Александр Волкановскийді тізе бүктіріп, P4P рейтінгінде көш бастады. Енді ол келер жылдың қаңтар айында бұрынғы қарсыласы, армениялық Арман Царукянмен қайта кездеспек. Ал, біздің Шавкаттың келесі жекпе-жегі алдағы жылдың көктем мезгілінде ұйымдастырылады деген ақпарат бар. Егер отандасымыз UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпионы Белал Мухаммадтан айласын асырса, Хабибтен асып түсері сөзсіз. Себебі, Шавкат 19 жекпе-жегінің 18-ін уақытынан бұрын аяқтаған әзірге жалғыз жауынгер. Ендеше, отандасымызға тек сәттілік тілейміз.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар