«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақтың қайсар қызына құрмет

Қазақтың қайсар қызына құрмет
Ашық дереккөз
Қазақ елінің мақтанышына айналған қыздардың бірі – боксшы Әйгерім Сәттібаева. Ол жасөспірім және жастар арасында талай рет байрақты бәсекеде олжа салған жеңімпаз. Тұрмысқа шыққан соң, асыл жары, кадеттер және әскерилер арасында әлем чемпионы, Азия чемпионы Олжас Сәттібаевтың тілеуін тілеп, өзінің спорттағы жолын үзе тұрған болатын. Осы жылдарда бес перзенттің анасы атанды.

Әйгерім Асқарқызы соңғы екі жылда жаттығу залына қайта барып, бокс қолғабын қолына қайта киген болатын. Жақында Тайланд елінде бокстан өткен Азия чемпионатында әйелдер арасында жеңіл салмақта қола жүлдегер атанды.

Күні кеше дарынды боксшы, Азия чемпионатының қола жүлдегері, батыр ана Әйгерім Сәттібаевамен облыстық «Анаға тағзым» орталығында аталған ұжымның ұйымдастыруымен «Қайсар рухты қазақ қызы» атты кездесу өтті. Жүздесу 7 ұл-қыздың анасы, 23 баланы қамқорлығына алып өсірген аяулы әже Сапура Ержанованың батасымен ашылды. Мұнан соң айтыскер ақын, «Әулиеата үміті-2024» сыйлығының иегері Дидар Басығараев жырдан шашу шашса, әнші Балауса Бейсенқызы әуелетіп ән салды. Сонымен қатар, «Асыл аналар» әжелер ансамблі қазақ әндерінен поппури орындап, құрметке бөленді. Әйгерімнің спорттық жолынан ролик көрсетілді. Мұнан соң «Анаға тағзым» орталығын өз қаржысына тегін салып берген кәсіпкер Арман Еділбаевтің анасы Мария Ибрайымова, ұлағатты ұстаз, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Сейсекүл Исматова ақ тілектерін ақтарды. Ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғайни Әлімбекқызы жүрекжарды сөзін айта келе:

«Әйгерімнің ойы жоғары, биікке бастар жол әлі,

Қазақтың туы көкке өрлеп, алтынға қоржын толады, – деп тамаша жыр жолдарымен түйіндеді.

Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің анасы Тоқтагүл Сметова, облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы аналар алқасының төрайымы Хадиша Оспанова, республикалық «Дүнген аналары» қауымдастығының жетекшісі Сара Даузова ақ тілектерін ақтарды. Ақын Асқарбек Айдаров та жылы лебізін арнап, «Ананы және өткенді сағыну» атты әсерлі өлеңін оқып берді. Желтоқсан батыры, қарашай ұлтының өкілі Исмайл Қажымұратов та ізгі тілегін жеткізді. Жиын соңында сөз алған Әйгерім Сәттібаева:

– Сіздердің баршаларыңызға басымды иемін. Мен бұлай қарсы алу болады деп ойламадым. Мақтау бір Аллаға ғана лайық. Құрметтеріңізге рақмет. Мен жас күнімнен бокспен шұғылданғаныммен, тұрмысқа шыққан соң, үйде отырып, асыл жарым, боксшы Олжас Сәттібаевтың тілеуін тіледім. Арманым өте үлкен еді. Ана болып, балалардың тәрбиесіне көңіл бөлдім. Бірақ, көңілім орнында болмады. Жаныма бір нәрсе жетіспей тұрғандай, боксты сағына бердім. Ол кезде өзім бокс мектебінде жаттықтырушы болып жүрдім. Бірақ, жаттығып жүрген қыздардың көзінен от көрмедім. Мен жұдырықтасып жүргенде көзімізде от болатын. Сөйтіп, өзім рингке қайта оралып, оларға үлгі бергім келді. Олжас менің жанымды түсінді. Бірақ, атам мен апама айта алмай жүрдім. Дегенмен, бір күні жазушы атам, апам екеуі үйге келгенде мақсатымды айттым. Қайын атам қуанып, қолдады. «Олжас, енді сен Әйгерімді қолда» деп, боксшы баласына да ақылын айтты. Содан ел чемпионы атандым. Азия чемпионатында мұнан да жоғары медаль алуға болатын еді. Сәл әділетсіздік болмағанда, әрине. Бұйырғаны болар. Қайын атама, енеме, барша қазақ еліне, бапкерлеріме, боксшы жұбайым Олжасқа рақмет. Сіздерге мың алғыс. Қаншама тілек, қаншама ақ бата берілді. Алдағы арманым үлкен. Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтың анасынан да бүгінгі осы жиында бата алғанымды жақсылыққа баладым. Осынша шынайы көңіл, ақ баталардан соң, Алла қаласа алдағы байрақты додаларда алтыннан алқа тағамын. Осындай батадан соң алтын алмауға бола ма? – деді. Лайым ниетіне жетіп, тілегі қабыл болғай!

Аталған орталық директоры Эльмира Мырза- Ғали Азия жүлдегері Әйгерім Сәттібаеваға алғыс айтып, сый-сияпат жасады.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар