«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қоғамдық бірлестіктер қолдаудан қалыс қалмайды

Қоғамдық бірлестіктер қолдаудан қалыс қалмайды
Ашық дереккөз
Заң үстемдігі орнаған Әділетті Қазақстанды құру жолында азаматтық қоғамның дамуы аса маңызды. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмасына сәйкес, үкіметтік емес ұйымдарға қолдау жасаудың мемлекеттік тұжырымдамасы жасалған. Тұжырымдама аясында өңірімізде де қоғамдық бірлестіктермен бірлескен жұмыстар жалғасын тауып келеді. Осы бағытта жыл сайынғы дәстүр бойынша облыс әкімі Ербол Қарашөкеев үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілерімен кездесті.

Кездесуде аймақ басшысы азаматтық қоғам институттарының мемлекетіміздегі өзекті мәселелерді шешудегі маңыздылығын атап өтті.

– Қазіргі таңда үкіметтік емес ұйымдардың іскерлік және сапалық деңгейі жаңа белестерге көтеріліп, қоғам үшін аса маңызды және іргелі салаға айналды. Үкіметтік емес сектор әлеуметтік мәселелерді шешуде және азаматтық бастамаларды жандандыруда мемлекеттің сенімді әріптесі болып отыр. Мемлекет тарапынан азаматтық сектормен өзара әрекеттестікті нығайту және азаматтық қоғам институттарының қызметін арттыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Азаматтық қоғам өкілдері биылғы жылы әлеуметтік маңызды салалардағы өзекті мәселелерге бағытталған 135 тақырыптық іс-шара ұйымдастырып, оған 40 мыңнан астам азамат қатысты. Нәтижесінде, 600-ге жуық азаматтың мәселесі оң шешім тауып, 1 500 осал топтағы отбасыға көмек көрсетілді. Бұл ретте, еріктілердің атқарған жұмысы ерекше. Биыл 24 мың ерікті мыңнан астам іс-шараға қатысты, – деген Ербол Шырақпайұлы бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай да жалғасатынын жеткізді.

Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев азаматтық қоғам өкілдерінің сан салада қалыптасып келе жатқандығын атап өтіп, бұл бағытта облыс ардагерлерінің де белсенді қызмет етіп келе жатқандығын жеткізді. Ал, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев өңірдегі әлеуметтік жобаларды үйлестіруде құзырлы басқармалардан бұрын үкіметтік емес ұйымдарға көбірек назар аударылса деген тілегін жеткізіп, аймақта көгалдандыру бағыты бойынша жобалардың аз екендігін айтты.

Келесі кезекте Жамбыл облысы Азаматтық альянсының төрағасы Исламбек Дастан жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталып, келер «Кітап оқу жылы» аясындағы жоспарларымен бөлісті.

– Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің стратегиялық әріптестік негізінде Қазақстанның Азаматтық альянсы заңды тұлғалар бірлестігі мен «Адал азамат, белсенді қоғам» азаматтық қоғамды дамыту ұлттық орталығының қызметін ұйымдастыру жобасын Жамбыл облысы Азаматтық алянсы бірлесіп жүзеге асырып келеді. Соңғы жылдары азаматтық секторды дамыту саласына белгілі бір нәтижеге қол жеткізілді: қоғамдық институттардың құқықтық бағыты нығайтылды, қоғамдық кеңестер, қоғамдық бақылау, петиция, қайырылымдылық іс-шаралары, волонтерлік туралы заңдар қабылданды. Осы ретте аймақ басшысының алдағы жылды «Кітап оқу жылы» деп жариялауына байланысты келер жылы Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімімен бірлесе интеллектуалды ойын өткізбекпіз. Жобаға 300-ден аса жастар тартылып, олар сайыс ережесіне сай өңірден шыққан бес қаламгердің шығармалары бойынша бақ сынасады. Дәл осындай жоба алдағы уақытта мақал-мәтелдер бойынша да жалғасын таппақ. Сол бойынша әдебиет пен тілге қолдау көрсетпекпіз, – деді Исламбек Дастан.

Сонымен бірге, жиында «Коммерциялық емес ұйымдар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Айнұр Заурбекова сөз алып, азаматтық секторды дамыту бойынша ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ, басқосуда азаматтық қоғамды дамыту бастамаларында белсенділік танытып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айшықты үлес қосып жүрген біршама азаматтар марапатталды. Атап айтқанда, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының басшысы Назима Жұбандықова, облыстық «Желтоқсан ұшқыны» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Кеншінбаев, облыстық «Коммерциялық емес ұйымдар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Айнұр Заурбекова «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталса, «Шапағат» корпоративтік қорының жүргізушісі Әкімжан Шалтаевқа облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен аталған қордың төрағасы Севара Нұрматоваға Мәдениет және ақпарат министрінің үкіметтік емес ұйымдарға арналған «Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдау» номинациясы бойынша сыйлықақысы табысталды.

Кездесуде үкіметтік емес ұйымдар тарапынан туындаған мәселелер де назардан тыс қалмай, түйткілді сауалдарға жауаптар берілді. Өз кезегінде бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатындығын атап өткен аймақ басшысы келесі жылы облыста XII Азаматтық форум өтетіндігін жеткізді.

Айта кету қажет, бүгінгі күні облыста түрлі бағыттағы 1439 үкіметтік емес ұйымның 1116-сы іс жүзінде жұмыс істейді. Оның ішінде 200-ге жуық белсенді үкіметтік емес ұйымдар бар.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар