Қызылту – ән авторының туған ауылының аты. Бала күнінен санасына сіңген, көңіліне орныққан ыстық атау. Шамамен 40 жылға жуық уақыт «Өрнек» кеңшарына қарасты «Қызылту» бөлімшесінде (Қызылту ауылы деп те аталып келді) өсіп-өнгені, есейгені жасырын емес. Бөлімшедегі жалғыз мектептің атауы да «Қызылту» болатын. Содан осыдан 33 жыл бұрын кеңес одағы тарап, жаңа жүйе келеді. 1990 жылдардың орта тұсында «Қызылту» атауы жазушы Әбжаппар Жылқышиевтің құрметіне «Әбжаппар ауылы» болып өзгереді. Мектептің де атауы ауысып, «Қызылту» сөзі жойылып, келместің кемесіне мініп кете барады. Бұл жағдай ұжымшарда есепші болып жүрген Жорабек Әбдікерімовтің жанына батып, көңіл-күйіне әсер етеді. Бала күннен құлағына жатталған «Қызылту» атауын есінен шығара алмай, көп уақыт қиналып жүреді. Ән деген қасиет бірден шыға салмайды ғой. Көңілін тербеп жүріп, 2000 жылдары осы «Қызылтуым» әні өмірге келеді. Ол туралы Жорабек Әбдікерімов:
– Ұзақ жылдар бойы қалыптасқан ауыл атауының бір күннің ішінде өзгеруі көңіліме әсер еткені рас. Бұл жазушы Әбжаппар Жылқышиевтің есімімен аталуға қарсы болдым деген сөз емес. Тек ескі атауды қимадым. Әкем солай атаған, анамыз солай сөйлеген. Өзімнің ұл-қыздарымның да жаттап өскен атауы – Қызылту. Құжат түрінде атауы ауысқанымен, бірнеше жыл бойы ауыл тұрғындары мен қонақтары «Қызылту» атауын айтып жүрді. Арада 6-7 жыл өткенде ауылдың бұрынғы атауы мүлдем айтылмауға айналып бара жатты. Мектептің атауы сондай күй кешті. Содан көңіл-күйді қозғап, жүректі тербеп осы ән өмірге келді, – дейді .
Ән жолдарындағы:
Қызылту қымбат маған өскен жерім,
Кір жуып, кіндігімді кескен жерім.
Ағатын тұйық төрден өзен суым,
Шомылып күн ұзаққа кешкен жерім.
Мен үшін тым ерекше жаратылған,
Кетпейді көкейіңнен дара тұлғаң.
Көгіңде ертелі-кеш қозы жайып,
Теруші ек құмсағызды Қарақұмнан.
Аяулы ақ бесік боп тербетіп ең,
Қызылту бауырыңда ер жетіп ем.
Меккедей өз ауылым өзіме ыстық,
Табылмас сендей мекен жер бетінен, – деген шумақтар көңіліңді тербетіп, тұла бойыңды шымырлататыны анық. Ауылда жүріп ән жазуды серік еткен Жорабек Әбдікерімовтің осынау әні талайдың туған жерге деген құрметін арттырып жүр.
Жақында «Қызылтуым» әніне ағайынды жас әншілер Нұрғиса, Бейрек Төребектің орындауында бейнебаян түсіріліп, әлеуметтік желіде жақсы қолдауға ие болып жатыр. Сол бейнебаянда Жорабек ағаның да жас өнерпазға бата беруі, Қаршыға Төребекұлы есімді өнерпаздың күй тартуы да сәтті шыққан. Бұл әнді автордың үлкен ұлы Өтеген Әбдікерімов те домбырамен аудан аумағында орындап жүр.
Мінекей, бір ғана туған ауылға деген сағыныш, оның бұрынғы атауына деген құрмет әуесқой композитор Жорабек Әбдікерімұлының көңілін тербеп, осындай әдемі туынды өмірге келген. Ол кісінің «Мен жиырмадамын», «Алатау», «Туған жер» әндері де аудан аумағына кең тарап, тыңдармандар тарапынан жоғары бағасын алған. Қазіргі таңда зейнетте жүрген қарияның бар тілегі ұрпақтарының амандығы, одан кейін шығармашылығы. Осы екі байлығын бәрінен артық санайтын Жорабек Әбдікерімұлы әлі жақсы әндер жаза беретіні анық.
Есет ДОСАЛЫ
Т.Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Тұрақты кітап оқу – тұлғалық дамудың тұтқасы
- Бүгін, 03:07
Сан ғасырлар тоғысқан Таразда кітап оқу сәнге айналады
- 24 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді