«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сан ғасырлар тоғысқан Таразда кітап оқу сәнге айналады

Сан ғасырлар тоғысқан Таразда кітап оқу сәнге айналады
Ашық дереккөз
Адамзат баласының ықылым заманнан бергі мақсат-мұратын, арман тілегі мен өмір тәжірибесін бүгінге мирас еткен ең бағалы дүние – кітап. Сарқылмас білімнің қайнарына баланған бұл қымбат құндылық дәуірлер бойы адамзатты тәрбиелеп, танымын тереңдетіп, ғаламның жұмбақ сырын тануға жол ашып келеді.

Қағаз бетінде таңбаланған деректердің көмегімен өткенімізге үңіліп, арттағы ғұмырымыздан тағылым алып, кім болғанымызды, келешекте қайда бағдар алатынымызды болжаймыз. Қасиетті Әулиеата өңірінің, тарихи Тараз жерінің екі мың жылдық тарихы барын, шайырлар мен ғалымдар дәл осы өлкеде ғұмыр кешкенін, ғасырлар бойы дін қайраткерлері өз ілімін таратқанын да жазылған кітаптар негізінде біліп, танымымызды кеңейттік. Тұтас түркі әлеміне ортақ Жүсіп Баласағұн бабамыздың «Құтты білік» дастаны орта ғасырларда осы өлкеде жазылғаны да Талас жерінің қазақ тарихындағы маңызын арттырып, ұлтымыздың төл мұрасы ретіндегі беделін айқындап тұр. Қарахан дәуірінен бүгінге мұра болған Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» шығармасы да аймақтың тарихи салмағын арттыра түседі. Тарихты парақтасақ, Қарахан мемлекетінің гүлденген тұсында ислам діні мемлекеттік дін деп жарияланды. Дәл осы кезеңде мемлекет өркениеттің гүлденуі, сәулет өнерінің, мәдени, рухани дамудың алтын дәуірін бастан өткереді. Осы бір тұста түркі әлемінде әртүрлі уақыт межесінде жоғарыда аталған қос шығарма қағазға түсті. Ал, араға екі мың жылдан аса уақыт салып түрлі кезеңде Қарахан мемлекетінің астанасы болған Әулиеата алдағы келе жатқан 2025 жылы кітап оқитын қала болып жарияланып отыр. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің бұл бастамасы ел басқару ісінде тізгін ұстап отырған азаматтардан бастап барша жастың, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейінгі халықтың танымын кеңейтіп, тарихты тануға, рухани дамуға бағытталған ерекше жоба болмақ. Түбі түркінің бастауы болған осы тарихи өлкеде мұндай маңызды жобаның түрен салуы заңды да.

Биыл Атырау қаласында өткен III Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда, жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады», – деген болатын. Бұл ретте өңірде тұтас аймақтың әдеби, тарихи мұрасын көздің қарашығындай сақтап, зерделі оқырманның санасын оятуда елеулі істер атқарып отырған Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы өңір тұрғындарына заманауи, ыңғайлы форматта баршаға қолжетімді болатын ауқымды, көпфункционалды, ақпараттық интеллект-орталығы ретінде қызмет көрсетіп келеді. Кітапхананың төл тарихының тамыры 1898 жылы Әулиеата қаласында қоғамдық кітапхана болып ашылғаннан басталған. Алғаш кітапхананың кітап қорында 460 дана кітап, 4 газет, 10 журнал болған. 1939 жылы Жамбыл облысы құрылғаннан кейін кітапхана облыстық кітапхана статусына ие болды. Ал, 1965 жылы кітапханаға Шоқан Уәлихановтың есімі берілген. Бүгінгі күні кітапхана қызметін пайдаланушылар саны 25 мыңға жетіп отыр. Ал, алдағы кітап оқу кезеңінде бұл межені 26 мыңға жеткізу жоспарланған. Өңірмен бірге жасасып келе жатқан кітапхананың кітап қоры қазіргі таңда 267 847-ге жеткен.

Жалпы, аймақта кітаби жобалардың легі жылдар бойы тоқтаған емес. Соңғы жылдары облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен бірқатар жобалар сәтті жүзеге асып, өңірдің әдебиеті мен мәдениетінің тамырына қан жүгіре бастады. Атап айтқанда, өткен жылы жергілікті бюджеттен 50 миллион теңге жергілікті ақын- жазушылардың кітаптарын шығару және облыс көлемінде тарату үшін бөлініп, жергілікті 24 ақын-жазушының 24 мың дана кітабы жарық көрді. Осы жергілікті 24 автордың жаңа кітаптарын таныстыру мақсатында облыс кітапханаларында 100-ден аса іс-шара ұйымдастырылған. Өңір қаламгерлерінің еңбектерін, прозалық шығармалары мен жыр жинақтарын облыс жұртшылығына таныстыру, жастарды кітап оқуға баулу, оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Абай» баспасынан жарық көрген осы кітаптардың электронды нұсқаларына еркін қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін белгілі бір платформада орнатылған және белгілі бір функционалдылыққа ие планшеттер мен смартфондарға арнайы әзірленген бағдарлама, яғни «Aulieata library» («Әулиеата кітапханасы») атауымен еркін кітап оқу құралы ретінде мобильді қосымша енгізу жұмыстары жүргізілуде.

– Халқымыз әр ғасырда-ақ ел даналары мен замана тұлғаларының өзінен кейінгі ұрпаққа қалдырып отырған ұлағатты және тәрбиесі мол өнегелі сөздерін кітаптан алған. Кітаптың рухани қазына аталуы да сондықтан. Кітап – адамзат баласының сан ғасырлық ақыл-ойының, оқу арқылы жетілуінің, кемелденуінің арқасында қол жеткен дамылсыз даму үрдісінің жемісі, өткен тарихы мен өмірлік тағылым-танымының алтын сандығы. Ғабит Мүсірепов: «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», – деуі осыдан. Әлбетте, кітапты таңдай білу, оны зейінді зеректікпен мұқият талдап оқи білу, ондағы сөздің, ойдың, түйінді тұжырымының құдіретін түсіну мен түйсіну, алған әсерлерді кейін өмірлік қажетіңе жарата білу маңызды. Бұл – әрбір адамның білігі мен білім деңгейін, пайымы мен парасатын, көреген кемел кісілігін ұдайы шынықтыра білудің озық та ұтқыр жолдарын айқындай алатын алғы шарттарының бірі. Біз аймақтағы білім мен ғылымның қайнар көзі ретінде алдағы жылы балалар мен жастарды кітап оқуға баулу мақсатында әртүрлі жобалар ұйымдастырамыз, – дейді кітапхана директоры Эльмира Елеусізқызы.

Жалпы алғанда тұтас ұлтқа кітап оқыту – бағзыдан ғылым мен білімге ден қойған халық үшін соншалық күрделі мәселе емес. Дейтұрғанмен, цифрландыру кезеңінде кітапқа деген махаббаттың азайып бара жатқанын да жоққа шығара алмаймыз. Ел ішіндегі ізденіске жаны құштар, энтузиаст, жанкешті азаматтардың арқасында жыл сайын кітап нарығы да жаңа қарқын алып келеді. Мысалы, биыл Жамбыл облысының 85 жылдық мерейтойы аясында «ART & SCIENCE: Білімге құштарлық» Jambyl Book Fest кітап фестивалі ұйымдастырылды. «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі «Көркемсурет» галереясында өткен іс-шараға «Алқа», «Ziyat», «Сардар», «Таймас», «Атамұра» бастаған өзге де баспалар мен есімі елге таныс авторлар, кітап дүкендерінің иелері қатысып, өнімдерін жұртшылыққа ұсынды. Аңғарғанымыздай осы форматтағы кітап фестивальдерін ұйымдастыру арқылы айтарлықтай табыс тауып, қаламгерлердің нарық заңдылықтарына икемделуін де қамтамасыз етуге болады. Мұндай әдіс дамыған елдердің тәжірибесінде көп кездеседі. Бұдан бөлек, осындай шаралар тренд қалыптастырып, кітап оқу мәдениетін бұқаралық сипатқа алып шығатыны да дәлелденген. Мысалы, қыркүйек айында Алматыда ұйымдастырылған, он жылдан бері кітапқұмарлардың сүйікті мерекесіне айналған «Кітап Fest» фестиваліне 15 мыңға жуық адам қатысқан. Осындай жобаларды Жамбыл жерінде де ұйымдастыру арқылы Әулиеатада кітапқұмарлардың қалың шоғырын қалыптастыру қиынға соқпайды. Ал, бұл мақсатқа алдағы жылдың Тараз шаһарында кітап оқу жылы болып жариялануы да тікелей әсер етеді деп сеніммен айта аламыз.

Бұқараны кітап оқуға баулу – мемлекет пен жергілікті биліктің ғана түпкі мақсаты емес. Бұл ретте елдегі баспа ісін, кітап нарығын қалыптастыруға айрықша ниет білдіріп, осы іспен бар ғұмырын байланыстырған азаматтардың жанкештілігі алға сүйреп келе жатқанын атап өткен жөн. Олардың қатарында Бақытжан Бұқарбай, Раиса Сайран Қадер, Арман Әлменбет, Шыңғыс Мұқан сынды азаматтар бар. Бұл азаматтар баспа нарығында соңғы жылдары бәсекелестік орта қалыптастырып, өздеріне тән маркетингтік тәсілдер арқылы оқырманға құнды дүниелер ұсынып келеді. Жамбыл облысына да осындай бастамашыл азаматтардың жалыны керек-ақ. Мәселен, биыл Германияның Майндағы Франкфурт қаласында «Frankfurter Buchmesse-2024» Франкфурт кітап жәрмеңкесі өтті. Шараға 95 елден мыңнан астам автор қатысқан. Еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен қазақстандық баспагерлер үшін арнайы стенд ұйымдастырылып, 250-ден астам кітап ұсынылған. Халықаралық жәрмеңкеге қоғам қайраткерлері, отандық баспагерлер, аудармашыларды қоса алғанда 30-дан астам отандық өкіл, сондай-ақ «Мектеп», «Алматыкітап», «Атамұра», «ARMAN-PV», «Steppe & World Publishing», «ASTANA-KITAP» сынды ірі баспалар қатысқанын да айта кеткен жөн. Мұндай ауқымды шараға қазақстандық баспалардың қатысып, тәжірибе алмасуы жергілікті авторлардың көңіліне шырақ жағатыны анық. Себебі, бүгінде авторларға қаламақы төлеу, авторлық құқықты сақтау сынды мәселелер әлі де жолға қойылмай келеді. Ал, жоғарыдағыдай шараларда кітап саудасы қызып, авторлардың туындыларына төленетін қаржы да көбейе түседі. Бұдан бөлек, баспагерлердің өзара тәжірибе алмасып, білгенін елдегі әріптестерімен бөлісуі де өзара ынтымақтастық пен бәсекелестіктің қалыптасуына ықпал етеді.

Қорыта айтқанда, Таразда жарияланған кітап оқу жылы – кешенді шаралар мен арнайы жоспардың, нақты кітаби жобалардың үздіксіз ұйымдастырылып, кітап оқуды сәнге айналдыратын айрықша жыл болатынына сеніміміз зор. Оған ел азаматтарының білімі мен білігі, жергілікті биліктің қолдауы, авторлардың жаңа туынды жазуға деген ынтасы мен оқырмандардың қызығушылығы сеп боларына күмән жоқ.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар