«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ауыл шаруашылығы саласында атқарылатын жұмыс жетерлік

Ауыл шаруашылығы саласында атқарылатын жұмыс жетерлік
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында елімізде агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет екенін, шаруаларға субсидия беру, қаржыландыра отырып ауыл шаруашылығын көтеру керектігін айтты. Бүгінде әлемде халық санының өсіміне байланысты, сапалы азық-түлік тауарларына деген сұраныс жылдан-жылға артуда. Ауыл шаруашылығында шикізат секторымен бірге қайта өңдеу саласын жан-жақты дамыту да кезек күттірмейтін мәселеге айналды. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласына 24,6 миллиард теңге субсидия бөлініп, 14,9 миллиард теңге инвестиция тартылғанын айтқан болатын.

– Президентіміз биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық бергені белгілі. Бүгінгі күні облысымызда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 425,4 миллиард теңгені құрады. Ал, биыл 626,7 мың гектар егістік алқабына дәнді дақылдар орналастырылды. Бұл егістік алқаптардан 3,6 миллион тонна өнім жиналды. Атап айтар болсақ, жиналған өнімнің 671,4 мың тоннасы дәнді, 36,3 мың тоннасы майлы дәнді-дақылдарға тиесілі. Ал, 1,2 миллион тоннасы көкөніс, 172 мың тоннасы картоп. Қант қызылшасы бойынша егін алқаптары толық жиналып, одан 600 мың тонна өнім алынып, гектарға шаққандағы орташа өнімділік 650 центнерді құрады. Жиналған өнім Меркі және Ақсу зауыттарына өткізілуде. Қант қызылшасын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 3,4 миллиард теңге бөлініп, жыл соңына дейін республикалық бюджеттен 5 миллиард теңге көлемінде қаржыландыру күтілуде, – деді аймақ басшысы.

Облыста ауыл шаруашылығы техникаларын жаңғыртуға да тиісті көңіл бөлініп келеді. Биыл алғаш рет ауылшаруашылығы техникасының лизингі бойынша бағдарлама іске асырылып, жылдық мөлшерлемесі 5 пайызбен 244 техника сатып алынды. Оған 3,2 миллиард теңге жұмсалған. Сонымен қатар, «Тараз» әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жылдық 2,5 пайыз жеңілдікпен 68 ауыл шаруашылығы техникасы, 116 аспалы және тіркеме құрал жабдықтары, 7 қызылша жинау комбайны алынып отыр. Нәтижесінде, ауылшаруашылығы техникасын жаңғырту деңгейі облыста 8 пайызды құрады.

Облыста ауыл шаруашылығы саласының бір бағыты – мал шаруашылығына да тиісті деңгейде көңіл бөлінуде. Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, биыл аймақта қой-ешкі саны 3,8 миллион, мүйізді ірі қара 0,5, ал жылқы 0,2 миллион басқа жеткен. Ал, құс 1,8 миллион басты құраған. Ет өндірісі (тірі салмақта) – 2,9, ал сүт – 1,2 пайызға артқан. Мал шаруашылығы есебінен жалпы құны 26,2 миллион АҚШ долларын құрайтын 134 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталған. Жалпы, бұл бағытта биыл жалпы құны 10,8 миллиард теңгені құрайтын 12 ірі жоба іске асырылып, 163 жаңа жұмыс орны құрылған. Жыл соңына дейін тағы 1 жобаны іске асыру жоспарлануда. Ал, 2025 жылы ет өндірісін 3,5 пайызға, сүт өндіруді 1,6 пайызға ұлғайтуды, сонымен қатар жалпы құны 48,8 миллиард теңгені құрайтын 17 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген.

– Бүгінгі т аңда облысымызда ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асырылып жатқан төрт инве стициялық жоба бар. Атап айтсақ, Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесін кеңейту аясында өңірде 1 913 басқа арналған 4 тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Бүгінде олардың құрылыс жұмыстары аяқталуда, ол нысандар 2025 жылы іске қосылады. Бұл – сүт өндірісін жылына 15 мың тоннаға немесе 6,5 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, 5 заманауи көкөніс қоймасының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жылдық қуаттылығы 32 мың тоннаны құрайтын бұл қойма сыйымдылығын 10 пайызға арттырып, маусымаралық кезеңде онда сақталған ауыл шаруашылығы өнімдері өңірдегі бағаны тұрақтандыруға ықпал етеді деген сенімдеміз. Сондай-ақ, жалпы құны 8,5 миллиард теңгені құрайтын су үнемдеу технологиялары, тері мен жүнді өңдеу, алма шырынын, балалар пюресін, балық және үй жануарлары азығын, фри картобын өндіру бойынша жобаларды іске асыруды жоспарлап отырмыз. Тағы бір атап өтерлік жоба, бұл жобалық құны 5 миллиард теңгені құрайтын трактор мен ауыл шаруашылығы тіркемелерін құрастыру жобасы. Бұл бағытта 2 жоба іске асырылуда, бұл фермерлерді қолжетімді ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз етуге және саладағы еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді деп санаймын. Сондай-ақ, өңірде қытайлық «Fufeng Group» компаниясымен бірлесіп, жобалық құны 173 миллиард теңгені құрайтын, жылдық қуаты 500 мың тонна жүгеріні терең өңдейтін еліміз үшін бірегей зауыт құрылысы бойынша жоба іске асырылуда. Күрделі аминқышқылдарының бүкіл әлемдік өндірісінің 60 пайызы осы компанияның үлесіне тиесілі екенін атап өткім келеді. 2025 жылы агроөнеркәсіп кешені саласына 50 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарлануда, – дейді Ербол Қарашөкеев.

Өңірде «Ауыл аманаты» жобасы аясында да көп жұмыстар атқарылуда. 2023-2024 жылдары 25,5 миллиард теңгеге 38 ауылдық округте 4 мыңнан астам жоба қаржыландырылған. Сатып алынған мал 152,2 мың басты құрады. Алда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін шағын цехтарды, құрылыс, кондитерлік және тігін цехтарын ашуға бағытталған жобаларды қаржыландыру жоспарлануда. Несие 5 жылға жылдық 2,5 пайызбен жеке кәсіпкерге 9,2 миллион теңгеге дейін, ал кооперативтерге 29,5 милион теңгеге дейін беріледі. Аймақ басшысының айтуынша, 2025 жылы шағын несиемен 1 500 адамды қамтамасыз ету жоспарлануда.

Аймақта суармалы егістік жерлерді қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде суармалы алқаптарды ұлғайту бойынша ауқымды іс-шаралар қабылданған. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, 2019 жылдан бастап Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі және Шу аудандарында Халықаралық банктердің несиесі есебінен («Еуропа қайта құру және даму банкі» мен «Халықаралық қайта құру және даму банкі») 36,3 миллиард теңгені құрайтын 2 жоба іске асырылуда. Бүгінде оның 26,9 миллиард теңгесі игеріліп, ұзындығы 608 шақырымды құрайтын 183 канал қайта жаңғыртылды. Нәтижесінде, 47,5 мың гектар суармалы алқаптың сумен қамтылу деңгейі артты. Бұдан бөлек, суармалы суды тиімді пайдалану мақсатында 55,4 мың гектар егіс алқаптарына су үнемдеу технологиялары енгізілген. Су үнемдеу технологияларын қолдануды кеңейту аясында облыста 3 кәсіпорын іске қосылды. Олар каналдарға қажетті бетон жабдықтар, тамшылатып және жаңбырлатып ылғалдандыратын құрал жабдықтар шығарумен айналысады.

– Облыста тамшылатып суару жүйесін құру бойынша түрік инвесторларымен тағы 2 жоба жүзеге асырылатын болды. Атап айтсақ, «ARDENT PLASTIC» өндірістік қуаты 10 мың гектарға дейін және «Akplast» – 15 мың гектарға дейін алқапты ылғалдандыратын қондырғылар шығарылады. Алдағы жылы Ислам даму банкінің несие қаражаты есебінен жобалық құны 25,8 миллиард теңгені құрайтын 3 су қоймасын (59,7 млн. м3) салу жоспарлануда. Бұл су қоймалары өз кезегінде 35 мың гектар егістік алқабын ағын сумен қамтамасыз етуге септігі тиетін болады. Аталған жобалар аясында 77 канал қайта жаңғыртудан өткізіліп, суармалы жерлердің ауданын тағы да 50 мың гектарға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамайды, жалғаса беретін болады, – деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар