«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Құтырма дертінен қалай сақтануға болады?

Құтырма дертінен қалай сақтануға болады?
Ашық дереккөз
Қазір жан-жануарлар арасында құтыру ауруының өршіп тұрған кезі. Еліміздің кейбір өңірлерінде құтыру дертіне шалдыққан қасқырлар елді мекендерге тапа-тал түсте кіріп, мал біткенге ауыз салып жатқанын әлеуметтік желіден естіп қаламыз. Сол сияқты бұл ауруға шалдыққан иттер мен мысықтардан адамға және үй жануарларына келер қауіп күшті.

Құтыру – орталық жүйке жүйесі зақымдануының күшеюімен сипатталатын, адамдар мен жануарлар үшін өлімге әкелетін жіті жұқпалы ауру.

Құтыру вирусы табиғатта жабайы хайуанаттар мен үй жануарлары арасында айналымда болады. Үй жануарлары ауырған жабайы аңдармен жанасу кезінде жұқтырады. Ауру жануарлардың сілекейі арқылы жарақаттанған теріге түскен жағдайда жұғады, одан әрі орталық жүйке жүйесін зақымдайды да, бас пен жұлын миында жинақталып көбейеді, сілекей бездерімен сыртқы ортаға бөлінеді.

Биыл облыс аумағында адамдар арасында құтыру ауруы тіркелген жоқ. Ал, жануарлар арасында биыл 4 құтыру ошағы Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында 2 бас иттен, Талас ауданы, Үшарал ауылында бір бас мысықтан, Мойынқұм ауданы, Ақсүйек ауылында бір бас мысықтан тіркелді. Өз кезегінде құтыру аурушаңдығы жануарлар арасында да қолайсыз жағдай тудыруда.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметі бойынша осы жылдың 11 айында жануарлардан жарақат алып, медициналық көмекке 3310 адам жүгінген. Оның 1453-ін 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер құраған.

Үй жағдайында ұстайтын ит, мысықтарды ветеринар мамандарға көрсетіп, құтыруға қарсы екпелерін алдырып, ветеринарлық паспортының болуына назар аудару қажет. Сонымен қатар, үй жағдайында иттерді байлауда ұстауды сұраймыз.

Құтыру ауруын қалай жұқтырады?

Адам мен жануарлар құтырумен ауырған жануардың тістеуі, сілекейлеуі арқылы жарақатталған тері мен шырышты қабықшалармен енуі арқылы ауруды жұқтырады. Құтыру сілекей арқылы беріледі. Әсіресе, бастан және қол саусақтарынан жарақат алған жағдайлар өте қауіпті.

Құтыру ауруының емі жоқ. Алайда, алдын алуға болады. Құтырған немесе оған күдікті деген жануарлардан жарақат алған адамдарды сақтап қалудың бірден-бір жолы – антирабиялық вакцина және антирабикалық иммуноглобуллин егу. Құтырудың алдын алу мақсатында жануардан жарақатталып, тістелінген, тырналған және сілекейленген жағдайда адамдардың барлығы құтыруға қарсы екпе курсын алу үшін тұрғылықты жері бойынша медициналық мекемелерге медициналық көмекке қаралуы керек. Жануарлардан зардап шеккен адамдар бірінші кезекте жарақат алған жерді сабынды сумен мұқият жуып, жарақаттың айналасын 70 пайыздық спиртпен немесе 5 пайыздық йод ерітіндісімен залалсыздандырып, дәрігерлік көмекке қаралғанға дейін алғашқы көмек дер кезінде көрсетілуі керек.

Егер белгілі иттен немесе мысықтан жарақат алса, жануарды мал дәрігеріне көрсету керек. Мал дәрігері жануарды 10 күндік бақылауда ұстап, сау болса, анықтама береді. Жарақаттанған адамға осы аралықта 3 рет егу тағайындалады (0,3,7 күндері). Ал, егерде жарақаттаған жануар қашып кетіп, табылмаса, белгісіз болса немесе өліп қалған жағдайда 5 рет егу тағайындалады (0,3,7,14,28 күндері).

Құтыруға қарсы екпе тегін егіледі. Сондықтан, мінезінде өзгерістер байқалған жануарларды қамап, балаларды күдікті жануарлардан аулақ ұстап, дер кезінде мал дәрігерін шақыру керек. Ит, мысық асырау үшін мал дәрігеріне көрсетіп, кеңес алып, тіркеп, құтыру ауруына қарсы вакцина ектіру керек.

 

Ануарбек ҚАЛТАЕВ,

облыс әкімдігінің ветеринария басқармасының ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы.

Ұқсас жаңалықтар