Қазақстан – Гвинея-Бисау: ынтымақтастықтың жаңа кезеңі
- author «Ақ жол»
- 23 желтоқсан, 2024
- 117
Кейінгі жылдары Қазақстан Африка елдерімен байланысты кеңейтуге ден қойды. Бұған дәлел ретінде Того, Конго басшыларының біздің елге жасаған сапарларын айтуға болады. «Сол секілді Гвинея-Бисау Президентінің Қазақстанға қадамы арадағы қарым-қатынасқа қан жүгіртеді», дейді сарапшылар. Гвинея- Бисау – 1973 жылы Португалия отарынан шыққан Батыс Африкадағы шағын мемлекет. Экономикасы негізінен кешью жаңғағының экспорты мен ба лық шаруашылығына тәуелді. Сондай-ақ, Қазақстан секілді ауыл шаруашылығына арқа сүйеуі екі елдің даму бағытында ұқсастықтар барын байқатады. Сарапшылардың пікірінше, бүгінде Қазақстан шикізаттық емес тауар түрін экспорттайтын нарықты кеңейтуге басымдық беруде. Бұл ретте Африканы айтпай кетуге болмайды. Себебі, оның құрамына енетін 55 мемлекет бір одаққа біріктірілген. Демек, Гвинея-Бисаумен бекіген байланыс басқаларына да жол ашады. Әлемдегі ірі теңіз порттары осы елде, тонна- тонна тауар тиеген кемелер тәулік бойы жер шарының түкпір-түкпіріне жөнелтіліп жатады. Жуырда Батыс Африкадағы Бисау порты мен Транскаспий дәлізі ұштасуы мүмкін. Осылайша, Қазақстан тауарлары ашық мұхитқа шыға алады. Екі елдің билігі де бұл мәселені зерделеуге мүдделі болып отыр.
Айта кетсек, Қазақстан мен Гвинея-Бисау арасында дипломатиялық қатынастар 2013 жылы 26 сәуірде орнаған. Бүгінде екі тарапты байланыстыратын Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Ислам Ынтымақтастық Ұйымы бар. Президенттікке дейін Премьер-министр қызметін атқарған Омару Сисоку Эмбало Гвинея-Бисау Республикасын бес жылдан бері басқарып келеді. Сонымен, африкалық мәртебелі мейманның бұл сапары несімен маңызды, оның барысында қандай уағдаластықтарға қол жеткізілді?
СЕРІКТЕСТІКТІ ДАМЫТУҒА МҮМКІНДІК МОЛ
Бүгінде Қазақстанның әлемдік аренадағы беделі едәуір өсті. Осы сыртқы саясаттағы көкжиегімізді кеңейту тұрғысынан маңызды саналатын ресми сапар барысында әуелі Қасым-Жомарт Тоқаев пен Умару Сисоку Эмбало шағын құрамда келіссөз жүргізді. Гвинея-Бисау мемлекетінің экономикасы ауыл шаруашылығына сүйенетіні белгілі. Жер қойнауы да қазба байлыққа кенде емес. Демек, тараптар талқылайтын тақырып көп. Кездесуде Президент Гвинея-Бисауды Африка құрлығындағы маңызды серіктес деп атады. Қатынасқа қарқын қосуға мүдделі екенін жеткізіп, екі ел Үкіметтері жаңа мүмкіндіктерді қарастыруға күш салатынын айтты. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі, цифрландыру және көлік-логистика бағыттары бойынша өзара қарым-қатынасын дамытуда әлеуеті зор екеніне назар аударды.
Бұдан кейін екі елдің басшылары ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Ақорданың Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Мемлекет басшысы екіжақты ықпалдастықтың дамуына тың серпін беру тұрғысынан бұл сапардың маңызы зор екеніне назар аударған.
«Сіз Қазақстанға Гвинея- Бисаудың Президенті ретінде алғаш рет келіп тұрсыз. Мұны тарихи сапар деуге болады. Жоғары деңгейдегі осы кездесу екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашады деп сенемін», – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстан мен Гвинея-Бисау арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 10 жыл толғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, бүгінгі тарихи кездесу өзара тиімді серіктестікті одан әрі тереңдетуге негіз болады. «Осы кезең ішінде біз өзара қолдау мен берік достыққа негізделген ынтымақтастық орнаттық. Серіктестігімізді одан әрі дамытуға мол мүмкіндік бар. Әсіресе, экономика және сауда-саттық салаларының әлеуеті жоғары. Мен бүгінгі сапарыңызды екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған маңызды қадам деп қарастырамын», – деді Мемлекет басшысы.
«Менің бүгінгі сапарым Бисау мен Астана арасындағы до стық байланыст ар мен ынтымақтастықты нығайтуға қос тараптың да ниетті екенін айғақтайды», – деген Эмбало екі ел көпжақты құрылымдар, соның ішінде БҰҰ аясында табысты ықпалдастық орнатқанына тоқталды. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ мен өзге де халықаралық ұйымдарды реформалауға қатысты ұстанымын қолдайтынын жеткізді. Тараптар ауыл шаруашылығы, көлік- логистика, тау-кен металлургиясы, қаржы, цифрландыру және телекоммуникациялық технологиялар сияқты перспективті салаларда ықпалдастық орнату мәселелерін қарастырды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша екі елдің ресми делегация мүшелері 3 құжатқа қол қойды. Енді дипломатиялық және қызметтік төлқұжат иелері виза талаптарынан босатылады. Ең маңызды уағдаластық цифрлық технологиялар бағытында жасалды. Гвинея-Бисау Қазақстан спутнигін импорттауға қызығушылық танытқан елдердің қатарынан табылуы мүмкін.
ҚОС ЕЛДІ НЕ БАЙЛАНЫСТЫРАДЫ?
Президенттер кездесуден кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасап, келіссөздер нәтижелі болғанын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Умару Сисоку Эмбалоның Қазақстанға ресми сапары алыс жатқан елдерді байланыстырып, халықтарымыздың тілегі мен ниеті бір екенін көрсетеді.
«Екіжақты кездесудің нәтижесінде тиімді уағдаластықтарға қол жеткіздік. Бұл сапар саяси, сауда-экономикалық, мәдени- гуманитарлық және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді. Мысалы, көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалануға екі ел де мүдделі. Осы ретте Батыс Африкадағы Бисау порты мен Транскаспий көлік дәлізін ұштастыру жолдарын зерделеуге келістік», – деді Қазақстан Президенті.
Гвинея-Бисау экономикасы ауыл шаруашылығына негізделген. Күріш, мақта, жержаңғақ өнімдерін өндіреді. Балық аулау ісі де дамыған. Бірақ, Африкадағы серіктестеріміздің жер ресурсы шектеулі, Қазақстан сияқты кең байтақ далаға иелік етпейді. Тиісінше, біздің тарап қажетті дәнді дақылды экспорттай алады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағыт келіссөздегі басты тақырыптың бірі болғанын айтты. Тараптар Қазақстанның Гвинея-Бисауға дәнді дақылды экспорттауға қатысты мүмкіндігі мол екеніне назар аударған.
«Бұл ретте еліміздің бастамасымен құрылған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының әлеуетін толық пайдалануға болады. Сонымен қатар, тау- кен және табиғи ресурстарды игеру ісіндегі ынтымақтастық мәселесін талқыладық. Атап айтқанда, темір, фосфат, боксит және басқа да сирек кездесетін минерал кеніштерін барлау және игеру үшін бірлесе жұмыс істеуге зор мүмкіндік бар», – деді Мемлекет басшысы.
Екі елдің әлеуеті мұнымен шектелмейді. Президент еліміздің цифрландыру, киберқауіпсіздік және финтех бағытындағы жетістіктеріне тоқталып, цифрлық қызмет саласындағы ықпалдастықты арттыруды ұсынғанын жеткізді. Сонымен қатар, Гвинея- Бисау делегациясын келесі жылы өтетін Астана халықаралық форумына шақырды.
«Бұл Қазақстанның экономикалық және инвестициялық әлеуетімен толық танысуға мүмкіндік береді. Азаматтарымыз бір-бірін жақын танып, білуі үшін мәдени-гуманитарлық байланыстың маңызы зор», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Одан бөлек, Гвинея-Бисау жастарына Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алу ұсынылды. Өз кезегінде Умару Сисоку Эмбало Қазақстан мен Гвинея-Бисау арасындағы ынтымақтастықты нығайту перспективасына назар аударды. «Елдерімізде табиғи ресурстарды барлау, білім беру салалары мен көмірсутегін экспорттау бойынша ықпалдастықты жандандыруға қажетті механизм бар. Сонымен қатар, сіздермен түрлі халықаралық алаңдарда қарым-қатынас жасап, көпқырлы байланысымызды ілгерілетуге мүдделіміз», – деген Гвинея-Бисау Президенті Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнатудың мәні зор екеніне айрықша тоқталды. «Мен бұған дейін еліңізге Премьер-министр ретінде келген едім. Бұрнағы жылдары Гвинея-Бисаудың студенттері Қазақстанда оқыған болатын. Олардың басым бөлігі техникалық мамандық бойынша білім алды. Біз осы бағыттағы ынтымақтастықты жалғастырғымыз келеді. Себебі, Қазақстаннан үйренеріміз көп», – деді Эмбало.
Алдағы уақытта Қазақстан мен Гвинея- Бисау көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдаланбақ. Осы ретте Транскаспий дәлізі мен Бисау порты арасында байланыс орнауы мүмкін. Сондай-ақ, Қазақстан Гвинея- Бисауға дәнді дақылдарды экспорттауға әзір. Ол үшін азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының әлеуетін пайдаланбақ. Әлемдегі геосаяси ахуал мен азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі ушығып тұрған қазіргі кезде мұның мән-маңызы айрықша болып отыр.
ИСЛАМДЫҚ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ БАҒЫТЫНДА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ОРНАУЫ МҮМКІН
Ресми сапардың екінші күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гвинея-Бисау Президенті Умару Сисоку Эмбало «Астана» халықаралық қаржы орталығына барды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Аталған орталықтың басқарушысы Ренат Бектұров қаржы орталығының құрылымы және қызметінің негізгі бағыттары туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, екі ел орталық алаңында инвестиция, жасыл және исламдық қаржыландыру, сондай-ақ қаржы саласының мамандарын оқыту секілді басым бағыттар бойынша ынтымақтастық орната алады. Мәліметке сәйкес, бүгінде АХҚО арқылы тартылған инвестиция көлемі 14 миллиард долларды құраған. Оның 6,7 миллиард доллары – Astana International Exchange биржасындағы портфельдік инвестициялар. Орталықта әлемдегі 85 елдің 3400-ден астам компаниясы тіркелген. Олардың қатарында Африка құрлығынан 6 компания бар.
Қазақстан мен Гвинея-Бисау президенттеріне прецеденттік құқық нормалары мен қағидаттарына негізделген Орталық Азиядағы алғашқы сот жүйесі – АХҚО сотының, сондай-ақ Халықаралық төрелік орталығы мен Жасыл қаржы орталығының қызметі туралы баяндалды. Мемлекеттер басшылары АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетінің (AFSA) жұмысымен және қаржы орталығының реттеу режимінің ерекшеліктерімен танысты.
Қорыта айтқанда, Умару Сисоку Эмбало Африка елдері арасынан биылдыққа келген жалғыз мәртебелі мейман емес. Сарапшылар мұндай алыс құрлықпен байланыс орнату Қазақстанның халықаралық беделіне оң әсер ететінін айтады.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
Әлеуметтік әмиян: 703 мыңнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылды
- 24 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді