«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қоғам жалғыздығын қаузаған туынды

Қоғам жалғыздығын қаузаған туынды
Ашық дереккөз
Әлеуметтік психологияда мемлекеттің құрылымы өзгерген сәтте қоғамдық құндылықтардың қайта қаралатыны жиі айтылады. Әсіресе, адамзат баласы мұндай кереғарлықпен өткен ғасырда көп ұшырасты. Социалистік идеялардың белең алып, капитализм мен коммунизмнің арасындағы идеологиялық текетірестің орнауы, кейіннен посткеңестік елдердің тәуелсіздік тұсындағы рухани жұтаңдығы, идеологиялық бағыт-бағдарының айырылып қалуы секілді факторлардың барлығында қоғамдық құндылықтардың қайта қаралу себептері жатыр. Мұндай әлеуметтік процестің залалы сонда – бұл ұлттар мен халықтар арасындағы ортақ идеялар мен мақсаттарды бөлшектеп, кейде бір мемлекеттің, тіпті тұтас континенттегі жұртшылықтың тәуелсіздігі мәселесіне сұрау салып қояды.

Өткен ғасырда осындай кедергілермен Латын Америкасы, Африка құрлығындағы елдер көп ұшырасты. Әсіресе, осы аймақтарда деколонизациялық үдерістер басталған сәтте-ақ, ел болып қалу мәселесінде қиындықтар туындады. Әуелі әлеуметтік психологияда Франц Зенон теориясымен бастау алған осы қоғамдық үдеріс араға уақыт салып әдебиетте постотаршылдық танымды қалыптастырды. Соңғы мәрте осы санаттағы шығармалары үшін Абдулразак Гурна Нобель сыйлығын иеленген болатын. Ал, бұған дейін постколонистік сипаттағы үздік шығармалар қатарында Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығы» да аталған марапат биігінен көрінген.

Азғантай тұрғыны бар кішкене ғана Маконда қалашығы арқылы елдің, одан аса бүкіл континенттің тағдырын суреттеген шығармада жүз жылдық хронология қамтылады. Сол арқылы автор ел ішіндегі азаматтық соғыс, Солтүстік Америка компаниясының ел саясатына араласуы сынды саяси оқиғаларды фантастикалық реализм тұрғысынан шебер суреттейді. Романда сайлау науқаны басталғанға дейінгі мамыражай күй кешкен Маконда халқының кейінгі өмірі азаматтық соғысқа ұласады. Осыдан бастап шығарма қым-қуыт тіршіліктің тылсымына бойұсынып, құпиялана түседі де, барлық оқиға Буэндиа әулетінің өкілдері арқылы өрбіп отырады. Романда адам табиғаты мен болмысы мультиколоритті тұрғыда дамып, ішкі монологтарға құрылады. Мәселен, шығармада сығандар тобырының басшысы Мелькиадес Інжілдегі «Шындық патшасы» саналған Мельхиседектің прототипі деп топшылауымызға болады. Осы арқылы Маркес Маконданы қараңғылықтан құтқаратын жалғыз күштің ілім-білім екендігін аңғартқысы келгендей. Сонымен бірге романда Буэндиа әулетінің екі ұлы – Аурелиана мен Аркадио деп аталады да, жеті ұрпаққа осы екі есім қайталана береді. Оның бірі – ілім білімге жақын болса, екіншісі қару-жараққа бейім келеді. Батыр болмыстысы ел ішіндегі соғыстарға араласып, ел билеп, әскери адам болып, содан қыршын кетіп жатса, оқымыстысы сыған басшысы тапсырып кеткен санскрит түріндегі жазудың құпиясын ашумен басы қатып өмірін өткізеді. Ақыры жынды болып, ағаш түбіне арқандалған күйінде фәнимен қоштасады. Осылайша, бұл тізбек әулеттің жеті буынына дейін жалғасады.

Шығармадағы әйел образдары да әрқилы. Мәселен, Буэндианың әйелі Урсула ұрпақтар арасындағы тазалық сақталуын қатаң қадағалайды. Осы арқылы өзі бала кезінде көрген торайқұйымшақты нәресте туылмаса екен деп алаңдайды. Ал, Ремедиос, Амаранталардың қилы тағдыры ел ішіндегі азғындықтың шыңырау шегіне жеткендігін аңғартады. Сол секілді жезөкше әйел Пилар Тернераның өмірі арқылы автор Маконданың отаршылдық тұсындағы рухани құлазу кезеңін көрсетеді. Десе де, осы әйелдің де өз миссиясы бар. Ол Буэндиа әулетінің өмір сүруін қамтамасыз етіп, әр кезеңде үзілгелі тұрған тізбекті жалғап отырады. Әйткенмен, қан тазалығының сақталмауы, бір-бірінің жақындығын білмейтін туыстар арасындағы байланыстың соңы жетінші ұрпақта «құйрықты нәрестенің» дүниеге келуіне себепкер болады.

Романда тарихи оқиғаларды тұспалдайтын элементтер жиі кездеседі. Мәселен, Макондада жаңбырдың жылдарға созылуы, сары түсті жапырақтардың қаптап кетіп, табыт жасаушылардың көбеюі сынды фантастикалық сәттер халықтың көз жасы мен сары уайымын дәл суреттейді. Әсіресе, отаршылдардың келуімен бірге қоғамдық құндылықтар да түбегейлі өзгереді. Бұған дейін байы мен кедейі жоқ, бәрі бірдей қайырымды қала кейпіндегі қалашық тұрғындары басшы мен жұмысшыға, бай мен кедейге бөлініп, әр үй түрліше сәнделіп өзара тартыса бастайды. Шығармада Кариб бассейніндегі елдерді жайлаған «Банан революциясы» да қамтылады. Ал, романдағы құмырсқа мен тарақандар надандықтың белгісі ретінде көрсетіледі. Оған шығармадағы «Тарақандардың ғылымға мәлім 1600 әулеті әлімсақтан бері қыр соңынан қалмайтын қатал қудалауға ұшырап келеді. Егер тарақандар осы уақытқа дейін аман келе жатқан болса, бұл оның адам қолы жетпейтін қалтарыстарға тығыла білу қабілетінен. Тарақанды тал түсте жарыққа шығарсаң, одан қауқарсыз тіршілік иесі жоқ. Жирен түсті жәндікті құртудың жолы күн нұрына қарықтыру. Орта ғасырларда да, келешекте де солай бола бермек» деген үзінді дәлел бола алады. Осы арқылы автор надандық пен қараңғылықтан құтылудың жолы ізгілік пен ілімде екендігін, ал оған жету үшін қоғамдық жалғыздықтан арылып, әлемдік өркениетке араласу керектігін аңғартады.

Осылайша, жазушыға атақ пен даңқты тарту еткен туынды өзі туып өскен Колумбия тарихынан сыр шертіп, Латын Америкасы елдерінің өркениетінен хабар береді. Бүгінде мұндағы Маконда елді мекені де шын мәнінде бар екендігі анықталған. Жалпы, Маркестің 18 ай бойы жазған туындысының дүниеге келу тағдыры да жанкештілікке толы. Жазу үстеліне отыру үшін үйіндегі бар дүниесін, тіпті әйелінің шаш кептіретін фенін де сатып шығарған туындысы кейіннен авторға мәңгілік құрмет пен даңқ алып келді.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар