Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтың айтуынша, еліміздің «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңына сәйкес, «облыстық маңызы бар қаладағы халық саны 400 мың адамнан асқан кезде қаладағы аудан құрылады» деп анық жазылған. Соған байланысты қала дамуының жаңа Бас жоспары аясында шаһарда екі аудан құру қарастырылған. Бас жоспарға сәйкес, Жамбыл және Байзақ аудандарынан аумағы 13019,1 гектарды құрайтын 14 елді мекенді қалаға қосу көзделген. Олардың қатарында Байзақ ауданы Қостөбе ауылдық округіне қарасты Талас ауылы (халық саны – 4057 адам) мен Талас теміржол бекеті (халық саны – 1280 адам) және Қызыл жұлдыз ауылы да бар. Жуырда шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков Талас ауылының тұрғындарымен жүздесіп, оларға осы мәселе төңірегінде айтып, олардың да пікірлерін тыңдаған болатын.
– Бүгінгі таңда Тараз қаласының шекарасын (сызығын) өзгерту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 29 қарашадағы №1014 қаулысы қабылданды. Ендігі кезекте шаһарда 2 аудан құру туралы облыс әкімдігі мен мәслихатының бірлескен шешімі қабылданады. Бұл шешім көне шаһардың көкжиегін кеңейтіп, көркеюіне оң септігін тигізері сөзсіз. Соған орай Тараз қаласы әкімдігінің бөлімдері тарапынан қосылатын әр елді мекендегі проблемалар зерделеніп, оларды шешу бойынша жол картасы әзірленуде. Сондықтан, мұндағы әрбір мәселе жіті назарға алынып, заң аясында кезең-кезеңімен өз шешімін табады, – деді қала әкімі.
Жалпы, таластықтар қалаға қосылуға қарсы емес. Олар қала әкімімен кездескен сәтте ауылдың бірқатар мәселесін көтерді. Атап айтсақ, тұрғындар көшелерге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу, қоғамдық көлік мәселесін шешу, таза ауыз сумен қамтамасыз ету, ауылдық клуб ғимаратын жаңғырту, көшелерді жарықтандыру, шағын футбол алаңшаларын салу секілді маңызды мәселелерді айтты. Ал, Бақытжан Әмірбекұлы әрбір мәселе бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар беріп, тұрғындардың жайлы өмірі үшін кезең- кезеңімен барлық жағдай жасалатынын жеткізді.
– Бұған дейін Жамбыл ауданынан қалаға енетін елді мекен тұрғындарымен кездесулер өткізіліп, ол мәселелер шешімін тапса, Байзақ ауданынан қосылатын үш елді мекен тұрғындарымен арнайы кездесулер ұйымдастырылды. Мұндағы ауыл тұрғындарымен жеке-жеке кездесіп, тапсырманың маңызын жете түсіндірдік. Байзақ ауданының Қызыл жұлдыз ауылының тұрғындарымен болған кездесуде бүгінде облыс орталығының құрамына енетін елді мекендерде түйіні тарқамай тұрған түйткілді мәселелер баршылық. Оларды шешу мақсатында алдын ала жан-жақты зерделеу жұмыстары жүргізіліп, бірлескен жоба-жоспар әзірленіп жатқанын айттым. Енді сол бойынша тиісті жұмыстар қолға алынады. Әрине, ауылдар қалаға қосылғаннан кейін олардың инфрақұрылымы да соған сай болуға тиіс. Сондықтан, ең әуелі елді мекендердегі жолдардың жағдайын жақсарту, қоғамдық көлік санын көбейту, әлеуметтік нысандарды жаңғырту, спорт алаңшаларын салуға басымдық беріледі. Біз үшін әрбір тұрғынның жайлы тұрмысы маңызды, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Айта кетейік, Қызыл Жұлдыз ауылында да шешімін күткен мәселелер бар. Ауыл тұрғындары мұндағы 3 көше бұрылыстарын орташа жөндеу, 16 көшеге жарық шамдарын орнату, ауылдық клубтың ғимаратын жаңғырту және тағы да басқа мәселелердің барын айтуда.
– Біз ауданнан шығып қалаға қосылуға қарсы емеспіз. Бұдан бірнеше жыл бұрын көтерілген мәселе, енді шешімін тапқалы отыр. Жалпы, бұрын қаланың бізбен шектесіп жатқан шеткі елді мекендерінің жағдайы бізге қарағанда төмен болатын. Жолдары ой-шұқыр, көше жарықтары жоқ, әлеуметтік нысандары көріксіз, тозып кеткен еді. Енді қарап отырсақ, соңғы бірнеше жылда олардың жағдайы бізге қарағанда оңала түскен. Жол да тегіс, көше жарықтары да жарқырап тұр. Көптеген ойын алаңдары салынып, дүкендер ашылып, халыққа керекті барлық жағдай жасалған. Тағы бір байқағанымыз, бүгінгі күні қаланың шеткі ауылдарына да қатты көңіл бөлініп отыр. Сол игі істерден біз де шет қалмасақ, – дейді ауыл тұрғыны Мұхтар Мұратов.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Екі ауыл орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды
- 19 желтоқсан, 2024
Сарыөзек ауылында медициналық тірек ашылды
- 19 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді