«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Менде жеке тұлғаларға табынушылық жоқ»

«Менде жеке тұлғаларға табынушылық жоқ»
Ашық дереккөз
Театр – адамзатқа ортақ бекзат өнер, тылсым тағдырларды көз алдыңа әкелу арқылы бүгінгі қоғамның шындығына назар аударатын әсерлі әлем. Қазіргі таңда да сахна шеберлерінің қимылымен тыныстап, өмірге басқаша көзбен қарағысы келетіндер қатары азайған жоқ. Біз осы орайда белгілі театр сыншысы, жерлесіміз Айзат Қадыралиевамен сұхбаттасып, талай толғақты ойға жауап іздеген едік.

– Жалпы, театрларға көрермендердің баруы сиреді деген пікір көп айтылып келді. Кейінгі жылдары жастардың театрға көбірек бара бастағанын байқаймыз. Қойылымдар олардың талғамынан шығып жатса, қанекей?! Ол үшін қандай қадам жасауымыз керек? Бұл ретте, басты тұлға – режиссер. Бүгінгі театр режиссерлерінің ахуалы қандай?

– Сапалы көркем шығарма қою үшін мықты материалдық қор қажет деп ойлайтынмын. Сарапқа салып көрсем олай емес екен. Таланттың жаратылысы жөргектен болмаса, оны оқытып үйретуге келе бермейді. Осыны түсіндім. Көп режиссерге суреткерлік түйсік жетпей жатады. Бұлай деуімнің себебі, бұл күнде оларға спектакль қою тәсілін білмейсің деп ешкім айта қоймас. Бәрін біледі дейік. Бірақ, әлі күнге дейін біле алмай, меңгере алмай келе жатқан ең күрделі мәселе, қиын міндет бар. Ол – Адам. Адамның психологиясы, оның мол қатпарлы, әрі кесек, әрі ұмытылмайтын образын жасау үшін жоғарыда айтылған техникалық тәсілдерді, формаларды білу аз. Ол үшін алдымен үлкен ойлы, шебер суреткер болу керек. Бұлай болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Осы тұста айта кететін бір мәселе, режиссер әр спектакль қойған сайын тәжірибесі молая түсу керек қой, маған осы керісінше боп көрінеді. Олар да есейген сайын еліктеу, көшіру басым болып бара жатыр ма деп ойлаймын. Жалпы, режиссураның бүгінгі жай-жапсары, толғақты тұстары аз емес. Бір сұхбаттың аясына сыйдыра салатын мәселе дей алмаймын.

– Бір сұхбатыңызда кешегі Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Оралхан Бөкей және тағы басқа әдебиет алыптары туралы айтыпсыз. Театр сыншысы ретінде көркем әдебиеттерді оқу маңызды ма?

– Театр сыншысы тарихтан да, философиядан да, ғылымнан да, саясаттан да хабары болуы керек. Осылардың ішінде әдебиетті терең білу маңызды. Өйткені, драматургия әдебиеттен бастау алады. Оның үстіне, театр режиссерлері сіз атаған ұлы тұлғалардың повесть-романдарына көбірек барады. Сондықтан, сахнаға жол тартқан ол шығармалардың түпнұсқасын оқып бару мамандардың басты міндеті. Бір сөзбен айтқанда, білімді болу биік межелерге жетелейді.

Драматургтердің пьесаларын әр театр өздері қабылдап алып жатыр. Сондықтан, оның ішінде шаласы, жарамсыз жерлері көп дейді. Осы мәселеге театр сыншыларының араласуына болмай ма? Не кедергі?

– Талғам – шақырған әр режиссердің мәдени деңгейіне тікелей байланысты десек те, сол талғамның ұшталуы үшін сыншылармен жұмыстар жүргізілуі тиіс екенін ең алдымен театр басшылары түсінсе екен деймін. Көпшілігі көрермендердің санына қарап, қойылымға баға беріп жатады. Кассалық спектакльдер керек деп тәуір жазылған шығармаларды шоуға айналдырып жатқандары бар. Яғни, шығармадағы негізі ой-идеялары қолданған формаларына үнде спей жат ады. Те ат р басшылары мен режиссерлері касса жағдайын ойлап безектеуі дұрыс емес. Мен мұны халтура дер едім. Ал, халтура – руханияттың жауы. Жалпы, сахнаға қойылған спектакльдердің негізгі «кіндік шешелері» сыншылар болу керек.

– Сын жоқ, сыншы жоқ деушілер көп еді, қазір қалай? Жалпы, сыншылардың еңбекақысы қарастырылған ба?

– Театр сын айтатын мамандарға тапшы деп айтылғанымен, «Сыншы жоқ» деген солақай түсініктерге тойтарыс беріп келе жатқан сыншылар бар. Олар – А.Мұқан, Б.Нұрпейіс, М.Жақсылықова, А.Еркебай, З.Исламбаева, Н.Ескендіров, А.Ахмет және басқа да үздіктер. Бұл кісілер қазақ театрының өсіп өркендеу жолына үлкен үлес қосып жүрген жандар. Сыншылар қарап жатқан жоқ. Шақырған театрларының шығармашылық тағдырларын зерттеп жазып жүр. Бірақ, сол сыншыларға жағдай жасап жатқан ешкім жоқ. Марапат, атақты айтпағанның өзінде, баспасөзде жарияланып жатқан мақала-сараптамаларына қаламақы төленбейді. Анда-санда фестивальдерге алқа мүшесі болып шақырылғаннан өзге, барсың ба деп іздеп жүрген ешкім жоқ.

Олай дейтінім, сонау жетпісінші жылдары Әшірбек Сығайдың жазғандарын үзбей оқып жүрген Мәдениет министрі Мүсілім Базарбаев Қазақстанда алғаш ашылып жатқан театр бөлімін басқаруға шақырады. Ол кезде консерваторияда оқытушылық қызметте жүрген Әшірбек Төребайұлы осылайша мемлекет, қоғам жұмыстарына белсене араласып кетті. Дәл солай бүгінгі министрлер мамандардың жазғанын іздеп жүріп оқи ма екен? Тіпті, жергілікті мәдениет басқарма басшыларының оқуға уақыттары бола бермейтін сияқты. Оларға негізгі жұмыстар істелсе болды. Яғни, ауқымды мәдени іс-шаралар, мерейтойлар. Ол дұрыс. Мәдениет – ұлылығымызды әлемге танытатын құдіретті күш. Бірақ, бұл мәлімет беріп қана шектелетін шаруашылық ісі емес, елдің, өнердің ішкі өркениетіне жауап беретін, мәңгілік құндылықтарды ұстап қалатын сала. Өнер жайлы жазылып жатқан өзекті мәселелер үнемі мемлекет назарында болуы тиіс деп ойлаймын. Бірақ, мамандардың талап-тілегін орындаудан гөрі, қызметін пайдаланушылар көп. Соның кесірінен ұлттық мәдениет пен тобырлық мәдениетті айыра алмай қалдық.

– Сонда мәдениет жағын басқаратын кісілерге сіздің көңіліңіз толмай ма?

– Ол жағын былай түсіндірейін. Мысалы, фестивальге келген көп спектакльдер сынға ұшырап жатады. Бір қызығы, сол кемшіліктерімен келесі фестивальге де қатысады. Бұған не дейсіз? Қойылым соңындағы талқылауды тыңдап тұрып естімеу, қарап тұрып көрмеу сияқты сөлекет әрекеттердің бар екенін байқадық. Өзіміз білеміз деулері, айтылған сын пікірлерді ескермеулері шығармашылық деңгейіне зиянын тигізіп жүргендері көп. Негізі, бар кілтипан осы елемеуден, ескермеуден басталады. Бұдан да басқа театр өнерінің дамуына кедергі болып жатқан көптеген күрделі мәселелер әлі шешілмей жүргенін жасырмауға тиіспіз. Ол проблемалар үнемі айтылып та, жазылып та жүр. Қысқасы, мұның бәрі идеологияның еншісіндегі мәселе. Бірақ мына былық-шылықты құртатын батыл бетбұрыстар, оның көзін жоятын төтенше бір шаралар қолға алынуы қажет.

– Театр қайраткерлері одағы, Қазақстан театрлар ассоциациясы туралы не айтар едіңіз?

– Одақ та, Ассоциация да – театр өнерінің орталығы екені рас. Бірақ, дәл қазіргі уақытта ұлттық театр проблемасын дұрыстап қолға алу жағы тоқтап тұрған сияқты. Бәлкім, біз біле бермейтін ішкі қиындықтар бар шығар. Дегенмен, алдағы уақытта күрделі мәселелердің ақ-қарасын айқындайтын, кемшілігін таразы- тезге салатын екі мекеме де белсенділік танытады деген үміттемін. Үміттенген жақсы. Сол үміттің жүзеге асқаны, тілектің орындалғаны бәрінен де маңызды. Алдағы жылдардың жақсылығынан күдер үзбейміз. Сын айтылып, одан қорытынды шығып жатқаны жөн. Ол әсіресе театр саласына өте керек.

– Отандық фильмдерді көру үшін кинотеатрға арнайы барасыз ба?

– Барып тұрамын. Кейде барғаным үшін өкініп қалатын кездерім болады. Өйткені, замандастар бейнесі деген желеумен танымдық дүниеге емес, түкке тұрғысыз тірліктерді күйттеп, арзан әрекеттерге халықты тәуелді етіп қойғандарына қарным ашады. Иә, жақсы фильмдер жоқ емес, бар. Бірақ, олар аздық етеді. Азды қаумалап алған көп фильм- сериалдарда кейіпкер жеңіл, жалаң беріледі. Жан-жақты зерттелмейді. Көрушінің көңілін толқытып елжірететін, сезіміне түрткі болатын сәтті бейнелер, кадрлар тым сирек. Мазмұны таяз, тұзы татымаған көріністерден бас көтере алмайсың. Ал, көрерменнің қашанда кинодан күтетін, театрдан іздейтін асылы – қалың ой, қатпарлы мінез, күрделі сезім ғой. Неге осы қасиеттер бұрынғыларда болды, бүгінгілерде тапшы? Мысалы, Әмина Өмірзақованың экрандағы Анасы мен Танасын, Нұрмұхан Жантөриннің Шоқаны мен Бейбарысын, Асанәлі Әшімовтің Чадияровы мен Бекежанын, К.Қожабековтың Айдары мен Сырлыбайын, Әнуар Боранбаев пен Әнуар Молдабековтің Тасқыны мен Шегесін, Меруерт Өтекешованың Жібегін ұмыта аласыз ба?! Дәл осылай санамызда жатталып қалардай бүгінгінің актерлерінің ойынына неге тебіренбейсің? Неге солармен бірге жылап, бірге күлмейсің? Осыған таңқаламын.

– Байқап жүрміз. Кейбір көрген дүниенің тез ұмытылатыны бар. Мұндай кемшіліктің себебі неде деп ойлайсыз?

– Басқасын айтпағанда, мемлекеттің қаржысына түсірілген тарихи фильмдердің өзін қайталап көре алмайсың. Ондағы бір- біріне ұқсас соғыс картиналары, көпшілік сахналарының аздығы, киімдерінің үйлеспейтіндері, декорацияларының жұтаңдығы, басты кейіпкерінің бір линияда жүріп алатындығы, түрлі ситуацияға қарай мінез-құлықтың түрленіп отыру жағы көмескі тартуы, тағы сол сияқты толып жатқан көп суреттеріне сене бермейсің. Жылдағы шығарылатын фильмдердің көпшілігі есте сақталмай, ұмытылып қалады. Неге олай, білмеймін. Мүмкін, ойлану аз. Азаптану жоқ. Бізде бәрі тез ғой. Меніңше, өнердегі оқумен бірге өмірдегі мектебі бай болу керек деп ойлаймын.

– Сын айту оңай емес. Театр сынын неліктен таңдадыңыз?

– Театр сынына саналы түрде келген жоқпын, тағдыр осы жолға бұрды. Қазір орта жасқа келдім ғой, бұл мамандықтың ауырлығын, жауапкершілігін жылдан жылға сезініп келемін. Шындықты ашық айту – қай заманда да оңай болмаған. Сынды кім жақсы көрсін. Ақиқатты айту – азап, шындықтың жолы – ауыр.

– Өмірде кімдерді бағалап, құрмет тұтасыз? Сіз үшін жақсы адам деген кім?

– Жеке тұлғаларға табынушылық жоқ менде. Бірақ, үлкенді сыйлау, құрметтеу сияқты қасиеттер бойымызда бар. Ал, мен үшін жақсы адам кім десеңіз, өзгелердің жүрегіне от жағып, шабыт құйып жүрсе де, өз жүрегінің өзгелердің назарынан тасада қалғанына налымайтын адамды айтар едім. Кейбір жағымпаздар кейбір пысықайларды қолдан құдай жасап жүр. Яғни, «жасанды құдайлардан» гөрі еліне жүз есе еңбек сіңірсе де, көзге ілінбей жүрген бұлар – нағыз жомарт жанды адамдар. Еткен еңбегін, я болмаса жеткен жетістігін жұртқа дабыра қылмай жүретін салмақты азаматтарды ерекше құрметтеймін. Жақсы адам деген – жұрт оны мадақтамай-ақ, ішкі және сыртқы сұлулығы нұр шашып тұратын кісі.

– Та лантымен соңыңыздан ерген ойыңыздан елеп-ескеретін актерлер бар ма?

– Әрине, талантты актерлер көп. Бірақ, сол талантты көрген-білгенімен, жиған- тергенімен өнердің биік тұғырына көтеріліп жүргендер аз. Сезім толқынына сүңгітіп, ой толғағына батырып жіберетіндей асқақ шеберлікті көре бермеймін. Кілең бір-бірінен аумайтын характерлер. Жарқын темперамент, пластикалық әсем қозғалыстар жоқ. Мұның барлығы өз бетінше оқып ізденудің кемдігінен. Жалпы, мен актерлердің өмірде салмақты болуын, ал өнерге келгенде от болып жанғанын қалар едім. Бізде бәрі керісінше, сыртта пысық, дауыстары жарқын-жарқын шығады. Тіпті, түсіп жатқан фильм-сериалдарындағы көріністерін, сахнадағы дайындықтарына дейін жанталасып әлеуметтік желіге жүктеп жатады. Барлығын ашып көрсетіп қойғаннан кейін, оның не қызығы қалады. Шіркін, сол күш-қуаттарын кейіпкерінің көп қырын ашуға сақтап, өздерін құпияда ұстаса ғой дейсің, бұрынғыдай көрсем- ау, танысам-ау дейтін бір ынтызарлық оты маздамайды. Себебі, мына заманда тысқары жатқан жұмбақ, жасырын ешнәрсе қалмады. Ал, менің әйтеуір спектакльге емес, актер ойынын көруге әдейі барғым келеді.

Туған жерге жиі келесіз бе? Асқар Тоқпанов атындағы драма театрынан сізді жиі көремін. Осы театрдың бүгінгі деңгейі, жетістігі мен әттеген-айы туралы айта кетсеңіз?

– Туып өскен жерім болған соң жиі келемін. Мен үшін Әулиеата топырағы ыстық. Бұл өңірдің қасиетін жоғары бағалаймын. Ал, А.Тоқпанов атындағы драма театрының бүгінгі деңгейі құйқылжып тұрмағанын ашық айту керек. Театр өнері өсіп-өркендеу үшін олай болу керек, бұлай болу керек деп айтыла- айтыла арқасы жауыр болған аксиоманы қайталамай-ақ қояйын. Десек те, бұл театрға іштегі ірілі-ұсақты проблемалардың шешімін тез табатын білікті басшы керек-ақ.

– Сізді не қуантады, қандай жағдай өкіндіреді?

– Қуантатыны – еркіндіктің болғаны. Соның арқасында сізбен еркін әңгіме құрып отырмын. Ал, өкіндіретін жайттар көп. Солардың бірі – тіл мәселесі. Тілді бұзып шүлдірлеп сөйлеу былай тұрсын, қасақана орысша сөйлейтіндер азаяр емес. Біреуге кіріптарлықтан айығып, тәуелсіз мемлекет атансақ та, қазақ тілінің бағы жанбай жатқаны жанға батады. Екіншіден – ұлт тарихынан хабары жоқ, бірақ соған қарамастан ұлттық шығармаларға барып, қазақтың әдеп- ғұрыптарын аяқ асты қылып жатқандары және ең сорақысы бұларға тосқауыл қоятын адамдардың аздығы қатты алаңдатады. Сосын қазір қазақтың танымал тұлғаларының көбісі өзара айтысып- тартысып, жатқандары да мұңға бөлейді. Әрине, бұрында да өсек қуған, ілік іздегіш, арыз жазғыш, пәлеқор адамдар болмады емес болды, бірақ бүгінгілердің жағымсыз қылықтары ашық, боямасыз көз алдыңда өтіп жатқаны қиын.

– Биыл Жамбыл облысының құрылғанына 85 жыл. Жерлестеріңізге айтар қандай тілегіңіз бар?

– Күні кеше аталып өткен Тәуелсіздікке қол жеткізуімізге жамбылдық жұршылықтың да қосқан үлесі көп. Әулиеатада кілең еңбекшіл, намысты, батыл тұрғындар тұрады. Олардың жылдан жылға ілгері жылжып келе жатқаны қуантады. 85 жыл жасап келе жатқан өңірдің алдағы уақытта да өркендеп, дами береріне сенемін. Сол өркендеудің көшіне театр саласы да ілессе екен, жамбылдықтардың абыройы әрқашан биік болса екен деген тілегім бар.

Бастысы, жұртымыз тыныш, еліміз аман болсын! Ұлттық бет-бейнесін сақтайтын намысты қазақтар көп болсын!

– Әңгімеңізге рақмет.

 

Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар