«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тәуелсіз елдің әдебиеті қалай өзгерді?

Тәуелсіз елдің әдебиеті қалай өзгерді?
Ашық дереккөз
Қазақ даласының көгінде азаттықтың еркін құсы қалықтай бастаған сәттен бері түрлі салада тың серпілістер болды. Үш жүз жыл бұғауда болған ұлттың көкірегінде сайраған асыл арман төл әдебиетімізден көрініс тапты. Азаттық ұлт қаламгерлерінің шығармашылығына жаңа екпін беріп, бұған дейін көтерілмеген тақырыптар әдебиеттің деңгейін көтере түсті.

Бұл кезеңде қазақ әдебиетінде тосын тақырыптар пайда болып, ұлттық идеялар мен рухани құндылықтар жаңаша сипат алды. Тәуелсіздік қаламгерлердің шығармашылық еркіндігін қамтамасыз етіп, олардың қоғамдағы рөлін күшейтті. Кеңестік дәуірде әдебиет көбінесе идеологиялық шеңберде шектелді, ал тәуелсіздік алғаннан кейін қаламгерлерге ұлттық мүдде мен тарихи шындықты ашық жазуға мүмкіндік туды. Бұрын цензурадан өтпеген, шектеуге ұшыраған Алаш қозғалысы, ашаршылық, репрессия, ұлт батырларының тағдыры әдебиетке қайта енді. Қаламгерлер қазақтың ұлттық құндылықтарын, дәстүрі мен мәдениетін қайта дәріптеуге шындап кірісті. Олар тарихи тұлғалар мен оқиғаларды зерттеп, қазақ халқының рухани тамырын жаңаша түсінуге ықпал етті. Мысалы, Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» романы, Мұхтар Мағауиннің «Шыңғыс хан» деректі тарихи хикаясы ұлттық тарихымызды көркем әдебиетке алып келді. Тәуелсіздік қаламгерлерге әлеуметтік және философиялық мәселелерді ашық көтеруге мүмкіндік берді. Әлеуметтік әділетсіздік, экология, адамның ішкі рухани әлемі сынды тақырыптар көркем шығармалардың өзегіне айналды. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парызы» мен Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» сияқты шығармалар тәуелсіздік дәуірінің философиялық ой-толғамдарын жеткізді. Тәуелсіздік жылдарында қаламгерлердің қоғамдық және саяси өмірдегі рөлі артты. Олар елдің әлеуметтік мәселелерін көтеріп, халықтың рухани жетекшілеріне айналды. Ал, шығармалары қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді. Тәуелсіздік қазақ әдебиетіне жаңа толқын әкелді. Жас қаламгерлер батыл тақырыптар көтеріп, заманауи әдебиетке өз үндерін қосты. Бұл буын тәуелсіз елдің жастары ретінде өзіндік көзқарастарын білдіріп, жаңа әдеби формалар мен тәсілдерді қолданды.

Мұхтар Мағауиннің «Шыңғыс хан» деректі тарихи хикаясы – тәуелсіздік жылдарында қазақ әдебиетінде жарық көрген бірегей тарихи шығармалардың бірі. Бұл туынды қазақтың тарихи тұлғаларына және әлемдік тарихи үдерістерге жаңа көзқараспен қарауға шақырады. Роман күрделі тарихи және философиялық мәселелерді көтере отырып, қазақ оқырманын өткеннің астарына үңілуге, сол арқылы бүгінгі болмысымызды түсінуге шақырады. Романда Шыңғыс хан қарапайым «жаулап алушы» немесе қатыгез билеуші ретінде емес, бүкіл әлем тарихына әсер еткен ұлы реформатор, көшбасшы ретінде суреттеледі. Мұхтар Мағауин тарихи деректерді пайдалана отырып, Шыңғыс ханның мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруі, заң шығаруы және әділеттілік орнатудағы рөлін көрсетеді. Роман тек Шыңғыс хан дәуірімен шектелмейді. Мұнда тарихтың қазіргі заманмен байланысы, тарихи сабақтастық мәселелері көтеріледі. Автор тәуелсіздік дәуіріндегі қазақ халқының өзіндік ұлттық болмысын тану үшін өткен тарихты қайта бағалау керектігін меңзейді. Шыңғыс хан бейнесі арқылы автор адамзат табиғатының күрделілігін, билік, әділеттілік, рухани құндылықтар сияқты мәңгілік тақырыптарды қозғайды. Жеке тұлғаның күш-қуаты мен тағдырдың ықпалы арасындағы қайшылықтар талданады. «Шыңғыс хан» қазақ әдебиетінде тарихи шығармалардың жаңа деңгейін көрсетті. Бұл шығарма ұлттық тарихымызды тануға ғана емес, оны заманауи тұрғыдан қайта бағалауға жол ашты. Шыңғыс хан бейнесі арқылы Мұхтар Мағауин оқырманға тарихи әділеттілік пен рухани құндылықтардың маңыздылығын түсіндіріп, тәуелсіздік рухын нығайтуға үлес қосты.

Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» шығармасы – қазақ әдебиетінің психологиялық және философиялық тереңдігімен ерекшеленетін көрнекті туындыларының бірі. Шығармада адам болмысының қарама-қайшылығы, қоғамдағы моральдық құндылықтар және рухани дағдарыс мәселелері терең талданады. Туынды тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінің рухани кеңістігін байыта түскен ерекше еңбек. Шығарма күнделік түрінде жазылған. Басты кейіпкер – өмірден түңілген, адамдардан безініп, жалғыздыққа бой ұрған адам. Ол қоғамның әділетсіздігі мен адамзат табиғатының екіжүзділігіне реніш білдіреді. Шығарма барысында кейіпкер өзінің ішкі «Менімен» – қарама-қайшы тұлғамен диалог жүргізеді. Бұл диалог арқылы адам жанының күресі, ар мен ұждан мәселелері суреттеледі. Шығармада адамның жан дүниесіндегі жақсылық пен жамандықтың қақтығысы негізгі тақырып ретінде алынады. Басты кейіпкердің ішкі «Менімен» диалогы арқылы автор бұл күрестің жеке адамның ғана емес, бүкіл адамзаттың болмысына тән екенін көрсетеді. Басты кейіпкердің жалғыздығы – заманауи адамның рухани дағдарысын бейнелейді. Ол өзін қоғамнан шеттетілген сезініп, қоғамның моральдық қағидаларын жоққа шығарады. Шығармада пессимизм басым болғанымен, автор үміт отын сөндірмейді. Жақсылық пен әділеттілік идеялары шығарманың астарында үнемі орын алады. «Парасат майданы» – адамның ішкі жан дүниесін зерттеу арқылы қоғамның рухани мәселелерін көтерген ерекше туынды. Бұл шығарма тек әдеби туынды ғана емес, сонымен қатар адамзат болмысы мен моральдық құндылықтар туралы терең философиялық трактат іспетті. Шығарма оқырманға өзін, өз болмысын, қоғамдағы орнын қайта бағалауға түрткі болады.

Жамбыл жерінде де тәуелсіздіктен кейін қаламының арынын тоқтатпай, жазуына ұдайы адалдық танытып келген қаламгерлер аз емес. «Қордайдың қоңыр құлжасы» атанып кеткен Несіпбек Дәутайұлын осы қатарда, алдыңғы шепте болған жазушы деуімізге салмақты себептер аз емес. Жазушының қаламынан туған «Кісі иесі», «Аты жоқ әңгіме», «Айғыркісі» сынды туындылар әдебиетіміздегі ерекше талғаммен жазылған шығармалар қатарын толықтырды. Әсіресе «Айғыркісі» шығармасы – қазақ әдебиетінде сирек кездесетін жанрлық ерекшеліктері мен терең философиялық мазмұны арқылы оқырманды ойлантатын ерекше туынды. Бұл шығармада адам болмысы, жануарлар әлемі, олардың өзара байланысы, сондай-ақ адам мен табиғат арасындағы үйлесім мәселелері көркем суреттелген. Жазушы адам мен табиғаттың тығыз байланысын, олардың бір-бірін толықтырып тұратынын көрсетеді. Кейіпкер мен жылқылар арасындағы қарым-қатынас – бұл табиғатқа деген құрметтің көрінісі. Айғыр – тектіліктің, еркіндіктің символы. Басты кейіпкердің мінезі мен өмір салты осы қасиеттермен үндесіп, оны «айғыркісі» деп атауға негіз береді. Шығармада жылқы мінезі арқылы адамның ішкі жан дүниесі бейнеленеді. Адам мен жануардың психологиясындағы ұқсастықтар терең талданады. Сайып келгенде «Айғыркісі» – адам мен табиғаттың өзара тығыз байланысы туралы философиялық ой-толғау. Бұл шығарма оқырманды табиғаттың бір бөлігі ретінде өзін түсінуге, жануарлар мен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырады. Адам мен жылқының рухани байланысы арқылы жазушы өмірдің мәнін, еркіндік пен жауапкершілікті терең зерттейді.

Елдің тәуелсіз әдебиетіндегі ең жарқын әрі бірегей есімдердің бірі — Ерлан Жүніс. Ол ұлт әдебиетін жаңа көзқарастармен байытқан қаламгер. Ақынның шығармашылығы тәуелсіздік дәуіріндегі қазақ поэзиясының эстетикалық және мазмұндық кеңістігін кеңейтті. Оның әсіресе мектеп оқулықтарына енген «Менің атым – Тәуелсіздік» шығармасы – тәуелсіздіктің мәні мен құндылығын тереңнен суреттейтін, поэтикалық қуаты жоғары шығарма. Бұл туындыда ақын Тәуелсіздікті дербес тұлға ретінде бейнелеп, оның жан-дүниесі мен тарихын көркемдік тұрғыдан ашады. Шығармада ұлттық рух, азаттық жолындағы күрес және бүгінгі күннің маңызы кеңінен көрініс тапқан. «Менің атым – Тәуелсіздік» – тек тарихи баяндау емес, тәуелсіздік ұғымын терең сезінуге арналған лирикалық-философиялық толғаныс. Ақын тәуелсіздікті қазақ халқының ғасырлар бойғы аңсаған арманы ретінде суреттейді. Бұл символ ұрпақтар сабақтастығын, қазақтың болашағын жарқын ету жолындағы күресті бейнелейді. Шығарманың лирикалық кейіпкері – Тәуелсіздік.

...Алып қорғанның құлағанын көрдім,

Небары алты жасымда,

Алып тұлғалар жылағанын көрдім,

Бастарын сүйеп ғасырға.

Алып таулардың шайқалғанын көрдім,

Алты жасымда соны ұқтым:

Алып сөздерді айта алғанын көрдім,

Ат төбеліндей халықтың, — дейді ақын.

Аңғарғанымыздай ол өз болмысы арқылы, алты жасында империяның құлауын көрген баланың көзқарасындағы халықтың азаттыққа жету жолындағы ауыр тағдырын, күресі мен жеңісін жеткізеді. Бұл тәсіл арқылы ақын тәуелсіздіктің қаншалықты қымбат және қасиетті екенін ерекше көрсетеді. Ақын тәуелсіздікті тек өткеннің жетістігі емес, бүгінгі күн мен болашақтың аманаты ретінде бейнелейді.

Қорыта келе аңғарғанымыз, жаңа қазақ әдебиеті қазіргі таңда үлкен өзгерістер мен жаңғыру кезеңінен өтіп жатыр. Бұл бағыттағы басты үрдістер мен тақырыптар бірнеше маңызды құбылыстарды қамтиды. Жаңа қазақ әдебиетінде қазіргі қоғамның өзекті мәселелері – қалалық өмір, жастардың ішкі бұлқынысы, гендерлік теңдік, экология, технологияның дамуы сияқты тақырыптар кеңінен көрініс табуда. Қазақ әдебиеті бүгінгі күні жаңа жанрлар мен стильдерге, эксперименттерге ашық. Әдебиетшілер түрлі форма мен тілдік тәсілдерді, жаңа техникаларды қолдануда, бұл әдебиетті әлемдік әдебиетпен байланыстырғандай әсер қалдырады. Жаңа қазақ әдебиетінде классикалық шығармашылық мұра мен заманауи үрдістердің үндестігі байқалады. Әлемдік әдебиеттің ықпалы мен жаһандану жағдайында қазақ әдебиеті әртүрлі мәдениеттер мен бағыттардың өзара байланысын бейнелеп, оқырманды жаңа дүниетаным мен көзқарастарға шақыруда. Қорыта келгенде, жаңа қазақ әдебиеті жаңашылдық пен дәстүрді үйлестіріп, ұлттық кодты сақтай отырып, жаңа әлемдегі өз орнын табуға тырысуда.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар