«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Табиғи газбен қамту көрсеткіші артуда

Табиғи газбен қамту көрсеткіші артуда
Ашық дереккөз
Ел Тәуелсіздігінің 33 жылдығын атап өткелі отырмыз. Осы дербес мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуында «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамының да қосқан үлесі зор. Атап айтсақ, бүгінгі күні облыс тұрғындарының 91,1 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілген, ал оны жыл аяғына дейін 92,4 пайызға жеткізу жоспарланған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында елімізде мұнай-газ-химия саласын одан әрі дамыту – маңызды міндет екенін атап өтті.

«Орта Азия – Орталық» магистральді газ құбырының елімізге тиесілі 800 шақырымнан астам бөлігін жаңғырту жұмысы өте қысқа мерзімде аяқталды. Газ тасымалдау бағдарларын әртараптандыру және оның қуатын арттыру қажет. Тұрғындарды және экономиканы газбен қамтамасыз ету – Үкіметтің басты міндетінің бірі. Былтыр бірқатар газ кеніші игеріле бастады. Сондай-ақ, жылына жалпы көлемі бір миллиард текше метр газ өндіретін жаңа кен орындарын игеру жоспарланып отыр. Әзірге бұл жобалар толық іске қосылған жоқ. Сондықтан газды ішкі нарыққа тиімді бөлу қажет. Жылу электр орталықтарын және қарапайым тұтынушыларды көмір орнына газ жағуға көшіру жұмысын байыппен жүзеге асырған жөн», – деді Президент.

Президент тапсырмасы елімізде акционерлік қоғам тарапынан талапқа сай орындалуда. «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамының Жамбыл өндірістік филиалының директоры Қанат Ордабаевтың айтуынша, «QazaqGaz Aimaq» АҚ 11,5 миллионнан астам тұрғынды үздіксіз газбен қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасындағы тауарлық газдың ірі жеткізушісі болып табылады. Сондай-ақ, елімізде 69 мың километрді құрайтын газ тарату желілері бар.

Бүгінгі күні «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамына қарасты өңірдегі өндірістік филиал облыс тұрғындарына табиғи газдың кедергісіз жеткізілуін қамтамасыз етіп отыр. Филиалға қарасты 7163 километр газ құбырының 4178 километрін жерасты, 2972 километрін жерүсті газ құбыры құрайды. Ал, газ қала мен елді мекендерге 220 тарату пункттері арқылы бөлінсе, 1456 шкафтық газ реттеу пункттері оны 23061 жеке шкафтық пункттерге бөліп, жіберіп отырады. Жалпы, облысымызда табиғи отынды тұтынатын 235 729 абонент бар. Оның 73848-і пәтер болса, 161 881-і жеке тұрғын үй. Мекеме қызметіне жүгінетін өндірістік мекемелердің саны 442-ні құраса, коммуналдық-тұрмыстық мекемелердің саны – 6728.

Жалпы 7 163 километр газ құбырларының 4632 километрі «QazaqGaz Aimaq» АҚ меншігінде, 1920 километрі сенімгерлік басқаруда, 121 километр газ құбырлары мемлекет қаражаты есебінен және 490 километр газ құбырлары жергілікті халық қаражаты есебінен салынды. 2024-2025 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық жұмыстары 100 пайыз атқарылды. Атап айтқанда, 209 газ тарату пункттеріне, 1439 шкафтық газ реттеу пункттеріне, 84 жерасты газ құбырларын электрохимиялық қорғаудың катодтық станцияларына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Аспаптық әдіспен 2313 километр жерасты полиэтилен газ құбырлары, сондай-ақ тығыздығы (герметикалығына) 105 километрді құрайтын жерасты газ құбырлары зерттелді. Бүгінгі таңда облыстағы 10 ауданның 9-ы газдандырылған, Мойынқұм ауданы газдандырылмаған күйінде қалып отыр.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалылық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру» деп, алдағы бағытымызды айқындап берген болатын. Яғни, жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтарының бірі – халықтың жайлылығын қамтамасыз ету. Соның бірі осы, яғни халықты кедергісіз көгілдір отынмен қамту. Жалпы елімізде газ өндіру тәуелсіздік жылдарында 8-ден 52 миллиард текшеметрге дейін артты. Президентіміз өзінің халыққа арнаған Жолдауларында бұл іс әрі қарай да өсе түсетіндігін алға тартып отыр. Қазіргі таңда облыс тұрғындарының 91,1 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Мәселен, өткен жылы облысымызда 7 елді мекен газдандырылса, биыл жоспарланған 14 елді мекеннің алтауы газдандырылды. Сондай-ақ, тауарлық газды тұтынушылар саны жылдан жылға артып келеді. Осы жылдың 8 айы мен өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жеке абоненттер саны 228 121- ден 235 729-ға немесе 3,3 пайызға, өнеркәсіптік және коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындар саны 6 820-дан 7170-ке немесе 5,1 пайызға артты, – дейді Қанат Ордабаев.

Биыл жергілікті атқарушы органдардан сенімгерлік басқару шарттары (бұдан әрі - СБШ) бойынша газ құбырларын қабылдау бойынша үлкен жұмыс жүргізілген. Атап айтсақ, 2024 жылы жасалған сенімгерлік басқару шарттары негізінде ұзындығы 810 километр болатын 23 нысанның газ тарату құбырларын пайдалануға беру жоспары бекітілген. Нәтижесінде осы газ құбырларын пайдалану бойынша шығыстар осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап газ тасымалдау тарифіне қосылды. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің ТМРА Жамбыл облысы бойынша департаментінің 2024 жылдың 20 тамызындағы № 71-НҚ бұйрығымен 2024 – 2025 жылдарға арналған газ тарату жүйелері бойынша тауарлық газды тасымалдау қызметтеріне тарифтің шекті деңгейі 7 871,40 теңге/1000 текше метр мөлшерінде бекітілді.

Бүгінгі таңда филиал қызметкерлерінің штаттық саны 417 адамды құрайды. «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамынан «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамына тарату газ құбырлары мен құрылыстарына техникалық қызмет көрсету және пайдалану жөніндегі қызметті қайта беру, трансформациялау шеңберінде 2024 жылғы 16 сәуірден бастап 322 қызметкер еңбекақы төлеу шарттарымен ауыстырылды.

Осы жылдың 8 айында тауарлық газды тасымалдау бойынша көлем 486 миллион текше метрді құрады, орындалу жоспарымен салыстырғанда 105 пайыз, ал өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 24 миллион текшеметр немесе 5 пайызды құрайды, халыққа тасымалдау бойынша көлемдер асыра орындалды. Сату бойынша көлем 1 253 миллион текше метрді құраса, жоспарға сәйкес орындау 99 пайыз болып қалыптасты. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 6 пайызды құрап отыр.

– Бүгінгі күні экологиялық мәселелер өте маңызды екені белгілі. Мысалы, газға көшу тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын алты есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады. Осының өзінен Тараз қаласы мен аудандарымыздың экологиясына қандай үлес қосатынын аңғару қиын емес. Шындығына келсек, соңғы жылдары климаттың күрт өзгергенін байқауға болады. Оның себебі, табиғатқа антропогендік жағдайлар әсер етіп жатыр. Табиғи газ – бұл көмір сутектерден тұратын ең экологиялық таза отын. Ал, Қазақстанды газдандыру жұмыстары, соның ішінде жаһандық экологиялық проблемаларды шешуге де оң септігін тигізбек. Сондықтан, Президенттің бастамалары біз үшін тікелей көрсеткіш қана емес, сонымен бірге ондаған жылдарға арналған жаһандық жоспар болып табылады. Жалпы, биыл біздің қызметті тұтынатын абоненттерді көбейтіп, облысымызда табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 91,1 пайыздан 92,4 пайызға жеткізілмек. Жалпы, газдандыру жұмыстарын облысымызда мердігерлікке берілген мекемелер кезең-кезеңімен жүзеге асырып, Президент тапсырғандай 2025 жылға дейін толық аяқтау жоспарлануда. Бұл бағыттағы құрылыс жұмыстары облыс басшылығының тұрақты бақылауына алынған. Ал, табиғи газ жеткізілген абоненттерді одан ары көгілдір отынмен қамту біздің міндетіміз. Алдағы жылдары 38 елді мекенге табиғи газ кіргізілгелі отыр. Осының есебінен біз жаңадан газ тұтынатын абонент саны он бес мыңға артады деген сенімдеміз, – дейді филиалдың директоры Қанат Ордабаев.

Филиалдың алдағы жылға қойып отырған даму жоспарлары да ауқымды. Атап айтсақ, қызметтердің сапасын, сенімділігін, тиімділігін ескере отырып, газды тасымалдау және өткізу бойынша қызметтер көрсету. Бекітілген инвестициялық бағдарламаларды іске асыруды жалғастыру. Тұрмыстық газды қауіпсіз қолдану қажеттілігі туралы тұтынушылармен жұмысты жалғастыру.

Сондай-ақ, «QazaqGaz Aimaq» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының бекітілген инвестициялық бағдарламасында 2024 жылға жалпы сомасы 37,254 миллион теңгеге жұмыстар көзделген, оның ішінде 34,350 миллион теңгеге 34 бірлік шкафты реттеу пункттерін (ШРП) ауыстыру, газ реттеу пункттеріндегі (ГРП) 7 реттегішті 2,904 миллион теңгеге ауыстыру. Жоғарыда аталған жұмыстардың негізгі мақсаты – тұтынушыларға газдың апатсыз және үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз ету және 30 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келе жатқан тозған жабдықтармен байланысты апаттық жағдайлардың санын азайту болып табылады.

Жабдықтың нарықтық құнының өзгеруіне байланысты инвестициялық бағдарламаны толық көлемде орындау мақсатында Филиал ШРП-ны ауыстыру жөніндегі жұмыстардың сметалық құнын қайта қарады және ШРП-ны орнатуға байланысты қосымша материалдар мен жұмыстарды азайтты. Үнемделген қаражат ГРП-дегі реттегіштерді ауыстыру жұмыстарына қосылған. Алда бұл бағыттағы жұмыстар жоспарға сәйкес атқарыла бермек.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар