«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ел бақытын тербеткен күн

Ел бақытын тербеткен күн
Ашық дереккөз
Тараз қаласындағы «Белсенді ұзақ өмір» орталығында Тәуелсіздік күніне орай «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік!» атты мерекелік іс-шара өтті. Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы армандаған осынау айтулы күн аясындағы іс-шараны өзге ұлт өкілдерінен құралған қызмет алушылар хоры Әнұранмен ашты.

Желтоқсанда қыршын кеткен жастардың рухына тағзым етіп, ұлттық рухты жігерлендіру мақсатында орталық мамандарының қатысуымен даярланған «Әнмен тербелген азаттық» атты композициясы кешке ерекше реңк берді. Бұл сахналық көріністі дайындау арқылы орталықтың белсенді қызмет алушысы Ұлжалғас Қарамұрзаева жиналғандарға сонау қаралы күннің атмосферасын сезіндірді. Мерекелік кеште құттықтау сөз алған «Белсенді ұзақ өмір» орталығының басшысы Олжас Бақытұлы мен орталықтың белсенді қызмет алушысы Алпысбай Смаилов қонақтарды тарихы терең мерекемен құттықтап, тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, егемендігіміздің баянды болуын тіледі. Іс-шара барысында көпке танымал, «Желтоқсан желі», «Қара бауыр қасқалдақ» әндері орындалды.

Сондай-ақ, орталықтың белсенді қызмет алушысы Марат Байдалиев ақын Әлібек Шегебайдың «Қабірден хат» атты Қайраттың монологына құрылған өлеңін нақышына келтіре оқыса, орталықтың ардагерлері Баршагүл Баялиева «Тәуелсіздік тұғырым», Айтуған Алқуатов «Халқыма келді азаттық» атты тәуелсіздікке арнаған жыр жолдарын көпшілікке тарту етті. Белсенді ардагерлерден құралған «Ғибрат» вокалды аспаптық ансамблінің сүйемелдеуімен орталықтың белсенді ардагерлері Сыдықназар Қаржаубайдың «Жайық қызы», Леонид Необьявляющийдің «С чего начинается родина» атты жанды дауыста шырқаған әндері кеш көркін аша түсті. Айтулы шара соңында жиналғандар Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін қосыла шырқады.

 

Салтанат ӘЛІМҚҰЛОВА,

«Белсенді ұзақ өмір» орталығының қазақ тілі нұсқаушысы.

Ұқсас жаңалықтар