Атап айтқанда,Тұрымқұл ауылында таза ауыз сумен қамту жүйесі іске қосылып, өз жұмысын бастады. Электр және кәріз су жүйелерімен толықтай жабдықталған нысан алдағы уақытта екі жұмысшыны тұрақты жұмыспен қамтымақ. Аталған нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков қатысып, тұрғындарды қуанышымен құттықтады.
– Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ауданымызда бірқатар әлеуметтік нысандар ел игілігіне берілуде. Соның бірі – бүгін Тұрымқұл елді мекенінде ауыз су жүйесі іске қосылды. Бұл игі бастама Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамтуға байланысты берілген тапсырмасы аясында жүзеге асты. Жалпы, биыл ауданда 7 елдімекенге ауыз су желісін тарту қажеттілігі бар болатын. Бүгінде аталған елді мекендерге жобалық-сметалық құжаттамалары жасалып, қаржы бөлінді. Жыл соңына дейін 5 елді мекенге ауыз су кезең- кезеңімен берілетін болады. Ал, қалған 2 жоба келесі жылға өтпелі болып отыр, – деді аудан әкімі Нұрбол Әбдімәжитұлы.
Осылайша 200-ден астам тұрғыны бар елді мекен жұртшылығы көптен күткен қуаныштарына қол жеткізді. Арнайы лента қию рәсімінен соң аудан әкімі тұрғындардың үйін аралап, жемісті жүзеге асқан жобаның жайына қанық болды. Өз кезегінде ілкімді жобаның игілігін көрген ауыл тұрғындары да ізгі лебізін білдірді.
– Мереке қарсаңында таза ауыз суға қол жеткізіп, мерейіміз тасып отыр. Бұған дейін құдықтан су тартып, әбігерге түсетінбіз. Президентіміздің халықты сапалы ауыз сумен қамту керек дегені өте орынды. Сол тапсырманың орындалып жатқанының куәсі болып отырмыз. Таза ауыз су – ұлт саулығының кепілі. Барша ауылдастарымды ортақ қуанышпен құттықтаймын, – деді ауыл қариясы Тұрсан Бастаубаев.
Айта кетейік, биылғы жылы бұл бағытта 21,5 миллиард теңгеге өңірде 68 жоба іске асырылуда. Бүгінгі күні ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші қалаларда 97,5 пайызға, ауылдық елді мекендерде 96,7 пайызға жетіп отыр. Жыл соңына дейін 37 ауылдық елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етіліп, қамтылу деңгейін 98,1 пайызға жеткізу көзделуде.
Бұдан бөлек, осы күні Ойық ауылында 400 орындық жаңа дене шынықтыру спорт кешені ашылды. Орталықтандырылған жарық жүйесі мен автономды қазандық түріндегі жылу жүйесіне қосылған спорт кешенінде үлкен зал, күрес және тренажер залдары мен жұмыс кабинеттері бар. Мұнда жасөспірімдер футбол, қазақ күресі, дзюдо мен шахмат секілді спорт түрлерімен айналыса алады.
– Аталған кешен «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында іске асырылуда. «Шынықсаң, шымыр боласың» деп спортқа ерекше мән берген халқымыз ұлт саулығын қашанда бірінші орынға қояды. Ауыл-аймақтарда бұқаралық спортты дамытып, осы сипатты спорт нысандарын ашудың маңызы зор. Өйткені, ертеңгі ел мерейін асқақтатар чемпиондар осындай елді мекендерден көптеп шығатынына сенімдімін, – деді аудандық мәслихат төрағасы Кәдірбек Садубаев.
Жалпы, биыл ауданның инфрақұрылым саласында ілгерілеу байқалады. Мәселен, осы күні Қаратау қаласында 50 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілсе, елді мекендерді табиғи газбен қамту бойынша шешімін күткен 6 елді мекеннің 5-уіне жобалық- сметалық құжаттамалар әзірленіп, қаржы мәселесі оңтайлы шешімін тапқан.
Нұрболат АМАНБЕК
Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Бес жерлесіміз Тайландта жұдырықтасады
- 5 желтоқсан, 2024
Ол өмірде де, спортта да абыройлы болды
- 2 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді