Өкінішке қарай, 34 жылдың ішінде осы мәселе шешілген жоқ. Мысалы, Жамбыл облысында әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарларының ішінде 9 түрінен – 100 пайызға, 8 түрінен – 50 пайызға облыс өзі қамтамасыз ете алады, ал 2 түрі басқа аймақтардан әкелінеді (күріш – Қызылорда облысынан, қарақұмық – Солтүстік Қазақстан облысынан). Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, бұл жерде екі мәселені нақты шешу қажет.
Біріншіден, ауыл шаруашылығына бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау. Екіншіден, аграрлық ғылымды дамытып, ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды енгізу.
Бұларды орындаудың нәтижелілігі, көбінесе, институттың өңірде алатын орнына байланысты анықталады. Қазіргі кезде өңірлік билік құрылымдары мен өңірлік ЖОО басшыларының арасындағы қарым-қатынастың заң тұрғысынан өзара еш міндеттемелер жүктемейтіні және экономикалық жағынан бір- біріне бағынбайтыны белгілі. Бұл өз кезегінде өңірлік ЖОО-ның ғылыми, білім және мәдени әлеуетін толық пайдалануды тежейтін факторға айналады.
Басқаша айтсақ, жоғары оқу орындарының міндеттемелері мен белгілері өңірдің ерекшеліктеріне қарай саралануы қажет және ол ЖОО- ның өңірдегі білім мен ғылымды дамытудағы көшбасшылық және үйлестірушілік рөлін қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс.
Министрлікпен облыс әкімдері қол қойған меморандумдарда, сондай-ақ барлық облыстарда қабылданған аумақтарды дамыту бағдарламаларында өңірлік ЖОО- ның рөлін нақты айқындау керек деп ойлаймыз.
Өңірлік ЖОО-ның қызметіне баға берген жағдайда өңірге байланысты нақты индикаторларды ескерген дұрыс. Мысалы, аумақтық тақырыпқа дайындалып шығарылған ғылыми еңбектер. Облыста тұрып жатқан халықтың өмір сапасын жақсартуға арналған және өндіріске енгізілген ғылыми жобалардың болуы. Институтта әртүрлі өңірлік қауымдастықтармен байланыс орнататын «алаңшалардың» жұмысы. Өңірде саяси, экономикалық, азаматтық элита құрамында қызмет атқарып жатқан институт түлектері осындай және тағы да басқа индикаторларды пайдалану қажет.
Біздің ойымызша, елімізде жоғары және жоғары оқу орындарынан кейінгі білім беру бағдарламаларының мемлекеттік жіктеуішін (яғни Классификаторын) өзгертетін кезең келді. Ауыл шаруашылығы саласының мамандарға деген нақты сұранысы арнаулы кәсіпорындарда арнайы бағытта мамандандырылған кадрлардың қажеттілігін көрсетуде. Бұл білім беру бағдарламаларының біліктілік талаптары «Басшылардың, мамандардың және басқада қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығында», сондай-ақ мамандықтардың кәсіби стандарттарында толық жазылған. Бұл бакалавриат білім беру бағдарламаларының жіктеуішін қызмет саласының түрлері бойынша толықтыру қажеттілігін және сол бағыттарда магистрлер мен PhD докторларын дайындау мамандық салаларын ірілендіруді қажет етеді.
Тағы айта кететін бір мәселе – мамандарды даярлаудағы мемлекеттік тапсырыс пен еңбек нарығындағы кадрларға сұраныстың арасындағы қарама-қайшылық. Осыған байланысты құзырлы мемлекеттік органдардың алдында мемлекеттік білім беру гранттарын әр өңірге, нақты қажеттілігіне қарай орналастыру механизмін ұсынған болатынбыз. Мемлекеттік тапсырысты анықтау және орналастырудың жаңа әдістемесі бекітілген жағдайда, өңірге қажетті мамандарды мақсатты, адресті дайындауға болады. Сонымен қатар, жастардың Астана және Алматы қалаларына ішкі миграциясы азаяды.
Өздеріңізге белгілі, бір жоғары оқу орнында барлық білім бағдарламалары бойынша мамандарды бірдей жоғары сапалы деңгейде дайындау мүмкін емес. Сондықтан өңірлік университет жоғары білім беру жүйесінде өзіне лайықты орынды тауып, бір бағытта жұмысын басқалардан жақсы жасау керек, орысша айтқанда өз «нишасын» табуға тиіс. Біздің институт үшін ондай бағыт – ауыл шаруашылығына мамандарды даярлау және аграрлық ғылымды дамыту.
Институттағы бакалавриаттың 38 білім бағдарламасының ішінде жетекші орын алып отырған агрономия, ветеринария, ветеринарлық санитария, ветеринарлық медицина, орман шаруашылығы, өсімдіктерді қорғау және карантин жұмыстарын жүргізу. Бүгінде «балық шаруашылығы» білім бағдарламасы бойынша лицензия алу үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ауыл шаруашылығына сапалы мамандарды даярлау үшін қажетті инновациялық инфрақұрылым, материалдық- техникалық, оқу-зертханалық база жабдықталған.
Бұл орталықтардың базасында оқу процесі, кәсіби практика және ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Біздің негізгі мақсат – ғылым арқылы білім үрдісін ұйымдастыру.
Оның ішінде Жамбыл облысы Байзақ ауданында 3 ғылыми-зерттеу орталығы орналасқан. Біріншісі – 8 гектар жерді алып жатқан агробиологиялық ғылыми-зерттеу орталығы. Орталық студенттер мен магистранттардың кәсіби практикасын өтуіне, профессор- оқушы құрамының ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге, жылыжай кешенін дамытуға және отандық өсімдік селекциясын зерттеуге арналған.
Одан бөлек агробиологиялық ғылыми-зерттеу орталығы ауыл шаруашылығында жүрген шаруаларға әдістемелік және консультативтік көмек көрсетеді, яғни олардың қаржылық сауаттылығы мен кәсіпкерлік мәдениетін дамыту мақсатымен курстар мен тренингтер өткізеді.
Мен бірнеше жыл Жамбыл облыстық кәсіпкерлікті дамыту басқармасының жанынан құрылған комиссияны басқардым. Комиссия «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге грант беру туралы мәселені қараған болатын. 3 миллион теңге көлеміндегі грант өз кәсібін бастап жатқан азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау (старттық капитал) ретінде берілетін. Өкінішке қарай, конкурсқа қатысқан көп азаматтар кәсіпкерге қажетті негізгі сұрақтарға (бизнес-жоспар, жобаның жаңашылдығы, қосымша жұмыс орындарын ашу) жауап беруге қиналды. Яғни, олардың кәсіпкерлік мәдениеті төмен екендігі анықталды. Сондықтан оларды кәсіпкерлікке дайындау қажет.
Тағы да бір мәселе – шаруаларға берілетін субсидия. Президенттің айтуы бойынша, соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығын дамытуға 2 триллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Алайда, субсидия көлемі қанша өссе де, бұл салада ауыз толтырып айтатын өзгеріс болған жоқ. Өкінішке қарай, шаруалар субсидияны мемлекет беретін төлем деп қабылдайды. Субсидия дегеніміз шаруаларды өнімді жұмыс істеуге ынталандыратын тәсіл. Сондықтан да субсидияны шаруаларға максатты беру, тиімді пайдалануына талдау жасап, бақылауда ұстау, субсидиялау туралы ақпарат ашық болып, толық қамтитын платформа әзірлеп, шаруаларға тегін қызмет көрсету – өзекті мәселе.
«Ветеринария және мал шаруашылығы» ғылыми-зерттеу орталығының жер телімі 50 гектар. Мақсаты – өңірлік агрокешенді дамыту және ауыл шаруашылығы селекциясын зерттеу. Мұнда институттың ет және сүт бағытындағы асыл тұқымды ірі қараға арналған фермасы орналасқан.
«Аквакультура» ғылыми-зерттеу орталығы өңірде балық шаруашылығын дамыту, балық өсіру, су айдындарының құрамын зерттеумен айналысады.
Қазіргі таңда Жамбыл облысында балық шаруашылығы саласында 148 су айдыны бар. Институт ғалымдары осы көлдердің 50-іне ғылыми- биологиялық негіздеме жасады.
Соңғы 3 жылда гранттық және бағдарламалық-мақсаттық қаржыландыру есебінен және коммерцияландыру бағыты бойынша республикалық бюджеттен аграрлық тақырыптарға 1,72 миллиард теңге көлемінде ғылыми жобалар орындалуда.
Оның ішінде 2 жоба гранттық қаржыландыру, 4 жоба бағдарламалық-мақсаттық қаржыландыру және 1 жоба коммерцияландыру грантының есебінен.
Өкінішке қарай, институт ғалымдарының ғылыми-зерттеу жұмыстарының көбісі қағаз жүзінде, нақты өндіріске енгізілмей келеді.
Осы ғылыми жобаларды коммерцияландыруға кедергі болып тұрған, біріншіден, заңнаманың әлсіздігі, екіншіден, қаржыландырудың тапшылығы. Сондықтан да ғылыми жасалымдарды нарыққа шығару механизмін реттейтін, венчурлық қаржыландыруды енгізетін заңнамаларды жетілдіру қажет. Сонда ғана өңірлерде бизнестің ғылымға деген сұранысы пайда болады, ғылымды қажетсінетін экономика дамиды. Осы мәселелер жаңадан қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заңының аясында шешіледі деп ойлаймыз.
Махметғали САРЫБЕКОВ,
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді