«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тараз шаһарында күн сайын 20-25 мың адам тойда жүреді

Тараз шаһарында күн сайын 20-25 мың адам тойда жүреді
Ашық дереккөз
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев бұл мәселені жайдан-жай айтып отырған жоқ.

Ел ішінде түрлі-түрлі той жасаудың жаппай етек алып, күнбе-күнгі әдет дейсіз бе, бұзылмайтын дағдыға айналып, үдеп бара жатқаны той жасаушылар мен тойға шақырушылардың өздерінің де ығырын шығарып жібергені рас. Бұл құбылыс пен деректі ешкім жоққа шығара алмайды. Мұның сыртында тағы да жиын-ас бар…

Тойшыл ағайындардың өздері де есепсіз, шаштатөк, ысыраптың шегі жоқ, аптаның дүйсенбісінен бастап күн сайын ірі мейрамхана мен тойханаларда думандатқан мәнсіз, қызықсыз уақыт жоғалтуды қалай ғана азайтамыз деп және мазасызданып жүргені анық.

Ішіп-жеу мен би билеу деген мәдени демалыстан мүлдем ада күйге түсті. «Қазір вальс билеу дегенді ұмыттық» дегендей. Шаңын шығарып, жынданып, жұлқи шапқылап билеу белең алғалы қашан…

Тост көтеру болар, құттықтау сөз айтылар, бірақ оны зейін қойып тыңдап жатқандар бар ма, жоқ па? Жоқ десе де болады.

Құрметі жоқ қоғам бола ма?

Жалғыз Тараз қаласында ғана емес шығар, әсіресе, оңтүстік өңірде той-той, күнде жүз той, абыройы бар адамдар аптасына бес күнге тойға шақыру алса, не дейсіз сонда? Сонда тойдың қызығы мейрамхана иелері үшін (оның біразы өзгенің атына тіркеп қойған бұрынғы және қазіргі әкімдердің жекеменшігі екенін жұрт жақсы біледі) бе, және «ауыз жыбырлатып» фонограммамен ән айтып, миллиондаған ақша алатын әнші-әлдекімдер мен сарнауық, тұрпайы, әдепсіздеуі көбірек асабалар үшін бе? Әлде жұрт байлықтан не істерін білмей, ақша-дүниесін орынды- орынсыз шашып жатыр ма?

Той көкпарында алаөкпе боп жүргендей ме?

«Иә, не істейміз енді?» деген сұрақ күн құрғатпай «миды шаршатқан» той жасаудың төңірегінде жалғасуда әлі. Бұл мәселе қоғамда да көптен кеңінен талқылануда.

Той жасаудың табиғи мәні мен заман талабын қалай ұштастыруға болады?

Ең қиыны, тойдың түр-түрі көп. Оңайы да осы. Әр тойдың мазмұндық жағын мәртебелі етсек.

Қоғам тілегінен ой айтқан, ашық бастама көтерген әкімге де рақмет!

 

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері,

Жамбыл облысының Құрметті азаматы.

Ұқсас жаңалықтар