Парсы шығанағының Араб түбегінің солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Қатар – экономикасы жоғары, халқының әл-ауқаты жақсы, ең бай мемлекеттердің бірі. Дүниежүзілік банктің болжамынша, бұл елдің экономикасы 2023 және 2024 жылдары Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің әріптестік кеңесі елдері арасында ең жылдам өскен экономика болды. Сондай-ақ, Қатар – Таяу Шығыстағы маңызды, бірегей әрі ықпалды ел саналады.
Қазақстан мен Қатар мемлекеттері көшбасшыларының соңғы бес жылда жиі кездесуі тегін емес. Мемлекеттер өзара жақсы қарым-қатынас орнатқан және ешқандай халықаралық мәселелерде пікір қайшылық болған емес. Соңғы жылдары елдер арасындағы маңызды салалар, оның ішінде инвестиция т арту жақсы қарқынмен дамып келеді. Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы жоғары, ал Қатардың инвестиция құюға әлеуеті зор. Екі елдің тауар айналымы да әжептәуір ұлғайып, былтыр 10 миллион доллардан асқан. Мұны сарапшылар уақытында «тарихи максимум» деп атаған болатын. Сол себепті, Президенттің бұл елге барған сапарларының қай-қайсысы да екіжақты қатынасты жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз.
ҚАЗАҚ-ҚАТАР ҚАТЫНАСТАРЫ НЫҒАЮДА
Жұмыс сапары аясында Қатар Әмірімен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниге Доха форумына шақырғаны үшін алғыс айтып, аталған жиын әлемдегі өзекті проблемалар бойынша ашық пікір алмасуға мүмкіндік беретін бірегей диалог алаңы екенін айтты. «Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірінің стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілген екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады», делінген ресми ақпаратта.
Әңгімелесу барысында банк, телекоммуникация, энергетика, ауыл шаруашылығы және медицина салаларындағы инвестициялық жобаларға қатысты келісімдерді уақытылы әрі сапалы жүзеге асыру мәселесіне ерекше мән берілді. Қазақстан Президенті Қатар бизнесімен бірлескен жобалар екі елдің дамуына септігін тигізетініне сенімді екенін атап өтті. Қатар Әмірі Астана мен Доха арасындағы ынтымақтастық ұзақ мерзімді стратегиялық сипат алғанын жеткізді. Сондай-ақ, екіжақты сапар барысында қабылданған шешімдерді іске асыру бойынша үкіметтер жүйелі жұмыс атқарып жатқанына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни жоғары деңгейдегі белсенді саяси диалог қазақ- қатар қатынастарын нығайтуға алдағы уақытта да ықпал ететініне назар аударды.
Президент Power International Holding компаниясының иелері Муатаз Әл-Хаят пен Рамез Әл-Хаятты қабылдады. Әңгімелесу барысында елімізде энергетика, телекоммуникация салаларындағы ірі инвестициялық жобаларды іске асыру барысы қарастырылды.
Power International Holding (PIH) компаниясы Қашағанда газ өңдеу зауыттарын, Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбырының екінші желісін, сондай-ақ жаңа компрессор станциясы мен Ақтөбе – Қостанай магистральді газ құбырын салуға қатысады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жобалар еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосатынына назар аударды.
PIH директорлар кеңесінің төрағасы Муатаз Әл-Хаят қазақ тарапымен телекоммуникация, энергетика салаларындағы инвестициялық жобалар бойынша түбегейлі келісімге келгенін айтып, аталған бағыттағы жұмысты жүзеге асыру жоспарын таныстырды. Сонымен қатар, компания қазір Қызылорда облысында бу-газ қондырғысын салу және облысаралық электр желілерін тарту жобалары бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Бұдан бөлек, Қатар конгломератының басшылары жасанды интеллект бағытында бірлескен бастамаларды қолға алуға дайын екенін мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Қазақстан Үкіметі тарапынан қатарлық инвесторға қолайлы жағдай жасалатынын растап, барлық жұмысты жоғары стандарттарға сай нәтижелі орындаудың маңызын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Доха қаласында Nebras Power компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Нассер Әл-Хаджриді де қабылдады. Кездесуде жаңартылатын энергия көздері саласындағы инвестициялық ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Nebras Power компаниясы мен «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамының арасында Семей ГЭС-нің құрылысына қатысты келісімге қол қойылғанын құптады. Станцияның қуаттылығы 300 мегаватт болады. Президент бұл жобаның Астана мен Доханың ұзақмерзімді стратегиялық серіктестігін нығайтудағы рөлін жоғары бағалады. Аталған бастаманы табысты жүзеге асыру үшін Қазақстан Үкіметінің жан-жақты қолдау көрсететінін растады. Мемлекет басшысының айтуынша, еліміз 2030 жылға қарай энергия балансындағы жаңартылатын қуат көздерінің үлесін 15 пайызға дейін арттыруға ниетті. Өз сөзінде Мұхаммед Нассер Әл-Хаджри Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірлескен жобаны іске асырудың негізгі кезеңдері жөнінде мәлімет беріп, «жасыл» энергетика саласындағы Қазақстанның әлеуеті зор екенін айтты.
ДОХА ФОРУМЫНДА НЕ АЙТЫЛДЫ?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Доха форумының ашылу салтанатына мәртебелі мейман ретінде қатысты. Ақорданың Telegram- дағы арнасында жарияланған мәліметке сәйкес, 2003 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан халықаралық жиын биыл «Диалог, дипломатия және алуантүрлілік» (Diplomacy, Dialogue and Diversity) тақырыбына арналды. Қатар астанасындағы айтулы іс-шарада геосаясат, экономикалық даму, жаңа технологиялар, жасанды интеллект, энергетика және азық- түлік қауіпсіздігі секілді өзекті мәселелер талқыланып, сондай-ақ қазіргі заманның негізгі проблемаларын шешуге бағытталған ұсыныс- пікірлер айтылды.
Мемлекет басшысы Newsmaker Interview форматындағы арнайы сессияға қатысып, модератор, СNN журналисі Джулия Чаттерлейдің сұрақтарына жауап берді. Ақорданың Telegram- дағы ресми арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Қазақстан Президенті, ең алдымен, БҰҰ-ның тиімді қызметінің маңызы мен орта державалардың уақыт өткен сайын артып келе жатқан рөлі туралы айтқан. «БҰҰ әмбебап ұйым ретінде адамзат үшін өте қажет. Себебі оның баламасы жоқ. Өкінішке қарай, ірі державалар әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты толық сақтай алмай отыр. Ал бүгінгі ахуал көптеген елді, соның ішінде Қазақстанды да алаңдатады. Сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымы реформалауды қажет етеді. Ірі державалар арасында ымыраластық болуы керек деп санаймыз. Олардың келісімге келе алмауы салдарынан Қауіпсіздік Кеңесі тығырыққа тірелді. Қазақстан сияқты орта державалар аймақтық деңгейде, сондай-ақ жаһандық кеңістікте бейбітшілік пен қауіпсіздікті ілгерілетуде өте маңызды рөл атқара алады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы әлемдік саудадағы қайшылықтарға қатысты көзқарасын жеткізді. «Менің ойымша, сауда қақтығыстары, соның ішінде тариф қолдану шаралары – оңтайлы шешім емес. Бұл – тым күмәнді саясат. Қазақстан ДСҰ-ға мүше ел ретінде осы маңызды сауда- экономикалық ұйымның барлық нормалары мен ережелерін қатаң сақтайды. Біз кедергілер мен қақтығыстарды қолдамаймыз. Қазақстан әзірге ондай қиындықтарға тап бола қойған жоқ. Өйткені, өңірдегі көршілерімізбен және басқа да мемлекеттермен сындарлы әрі өзара тиімді қарым-қатынас ұстанамыз. Сондықтан біздің аймақта осыған ұқсас келеңсіздіктер туындамайды деп ойлаймын. Бұл ретте барлық ірі державаларды мұндай қысым көрсету тетіктерін қолданбауға шақырамыз», – деді Президент.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сыртқы саясатына, Украина мен Таяу Шығыстағы жағдайды реттеуге қатысты қойылған сауалдарға жауап берді. Сондай-ақ, ел дамуындағы жастардың рөліне тоқталды.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл Қатар еліне биылғы екінші сапары саналады. Президент жылдың басында, дәлірек айтсақ, 13-14 ақпанда Қатарға мемлекеттік сапармен барған болатын. Сапар барысында Қатар мемлекетінің Әмірімен және Премьер- министрімен келіссөздер жүргізіп, қазақ-қатар инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысқан және осы елдің бизнес капитандарымен бірқатар кездесу өткізген болатын.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Той тағылым мен талғамды тоғыстыру керек
- 10 желтоқсан, 2024
Атқарылған жұмыс аз емес, алдағы жоспар ауқымды
- 9 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді