«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Таластың толқын бұрым бойжеткені, Жолдай жүр, жиі-жиі сәлеміңді»

«Таластың толқын бұрым бойжеткені, Жолдай жүр, жиі-жиі сәлеміңді»
Ашық дереккөз
Өмірден ертерек өтіп кеткен таластық ақын Сағатбек Сәтекбаев талапты да талантты жан еді. Талапты дейтінім, ол жастайынан өлеңге құмар болып, көп ақындардың, оның ішінде Абай өлеңдерін жатқа айтып, ара-арасында өзі де ұйқасты өлең жолдарын құрастырып, дос- жолдастарына оқып береді екен. Талантты дегенге келсек, ол сол қысқа ғұмырында кішкене «Жатсынба мені, жас ғұмыр» атты өлеңдер жинағын шығарған болатын. Сондағы өлеңдерді оқығанда данышпан Абай айтқандай, «теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» деген нұсқа ойға оралып, өлең оқитын қауымға сол талап анық байқалады деп ойлаймын. «Қартаймай-ақ біздегі ұлғайды арман, Қорқынышың бүгінде шынға айналған. Кешір, баба, келешек келеді өсіп, Тәлімінен тоналып жұрдай болған. Жылт еткенге жұлқынып қызғанамыз, Сес көрсетіп әлсізге сызданамыз, Ақылманын анық-ақ айтыпсың-ау, Сен қорыққан сол ұрпақ біз боламыз», – деп жырлапты ақын «Абайға шағыну» атты өлеңінде. Міне, өздеріңіз көріп отырғандай, өлеңнің мазмұны өз алдына, өлеңдегі ырғақ, айтатын ойын сомдау, тілге жеңіл ұйқас деп осыны айтуға болады. Жинақ шағын болғанымен, онда тәп-тәуір біраз өлеңдер қамтылған. С.Сәтекбаевтың осы «Жатсынба мені, жас ғұмыр» атты өлеңдер жинағына алғысөзді оның өзімен замандас ақын Серік Томанов жазған екен. «Тобықтай түйіп айтсақ, талантты ақын Сағатбек Сәтекбаевтың қаламының дүбірін қалың оқырманның жүрек дүрсілімен үндестіре алатын қаламдас шығарына кәміл сенімдіміз», – деп қорытқан екен С.Томанов. С.Сәтекбаев 1961 жылы Талас ауданы, бұрынғы Қызыларық деп аталған ауылда туған. Сол ауылдағы Жамбыл атындағы орта мектепті бітірген. Содан біраз жыл совхоз шаруашылығында жұмысшы болып еңбек еткен. 2004 жылы желтоқсан айында қайтыс болған. «Жатсынба мені, жас ғұмыр» жинағы шағын болғанымен, оған әртүрлі тақырыптағы мазмұны терең, тәп-тәуір өлеңдер енген екен. Ақын «Елге кетем» атты өлеңінде: Елге кетем сәбилік шағым өткен, Бала күннің аңсатты әні көптен. Ағайын бар аңқылдап алдан шығар, Құрбылар бар жарқын жүз, жаны көктем. Қызғалдағы қаулаған қырға барам, Жанарымды жап-жарық нұрға малам. Сұлулықтың ішіне сүңгіп кетіп, Тың тақырып іздеймін жырламаған, – деп ағынан жарылады. Ақынның бұдан басқа «Балалық шаққа оралу», «Қазақ деген», «Сағыныш», «Сыр», «Жеттің бе, мамыр» секілді жап-жақсы өлеңдері бар. Қорыта келгенде айтарымыз, талантты ақын С.Сәтекбаев әрдайым еске алып, жырларын баспа бетінде жариялап тұруға лайық деп есептейміз.

Диас ШАРДАРБЕК, 
Талас ауданының Құрметті азаматы.

 

Аяулы менің мекенім

Бесігім болып тербеттің,
Өзіңде өсіп ер жеттім.
Сен барда бүтін көңілім,
Сен барда мәңгі сергекпін,
Ардақты Атамекенім!

Өзіңе қарап білем мен,
Құнымның қымбат екенін.
Сапарға шықсам сағынып,
Алаңдай ұшып жетемін,
Анамдай ыстық мекенім.

Гүлдерін сыйлап қырыңның,
Сұлудың сырын ұғындым,
Қолыма қалам ұстасам,
Бастауы болдың жырымның,
Аяулы менің мекенім.

Елге кетем

Мен ертең кетем, аға, бұл қаладан,
Бұл қаладан қамықтым мұң қамаған.
Елге кетем жар салып жақсы ісіме,
Қиыс кетсе қадамым қылған алаң.

Елге кетем сәбилік шағым өткен,
Бала күннің аңсатты әні көптен.
Ағайын бар аңқылдап алдан шығар,
Құрбылар бар жарқын жүз, жаны көктем.

Қызғалдағы қаулаған қырға барам,
Жанарымды жап-жарық нұрға малам.
Сұлулықтың ішіне сүңгіп кетіп,
Тың тақырып іздеймін жырламаған.

Шешім солай. Бір жолда елге кетем,
Сыйыса алмайды екем жерге бөтен.
Сыңсыған сексеуілге сырымды ашып,
Сахараны сал-жырмен тербеп өтем.

Елге кетем еңбегін бұлдамаған,
Айығармын сонан соң мұң-наладан,
Жерініп бара жатыр жаным онсыз,
Жасандылық жайлаған бұл қаладан.

Тастандылар немесе қорқыныш

Елімізде тастандылар саны күннен-күнге көбейіп келеді

Басылымнан.

Тастандылар,
Не деген сұмдық еді?
Жүрегімді жүз мәрте тілгіледі,
Бұл індеттің тыйылар түрі бар ма,
Кім айтады анығын, кім біледі?

Бала тастау барады салтқа айналып,
Кім болады өскендер жастай налып.
Қасірет қой, құт-құйттай шараналар,
Көз алдыңда жатса егер жатқа айналып.

Мынау нұрлы өмірден көшті ме мән?
«Айналайын» демей ме ешкім оған?
Ұласып кетпегей де ұлы дертке,
Арыла алмай жүргенде көп күнәдан.

Салмағы ауыр сауал бұл санамдағы,
Мұңғыла ой осыған алаңдады.
Алаң болмай қайтерсің, құнсызданып,
Бара жатыр киелі адам қаны.

Қазақ деген

Арпалысып сан ғасыр жанған өртпен,
Ұйыған ұлт болуды арман еткен.
Қазақ деген қара орман аман қалған,
Қаншама қасап қырғыннан қанға бөккен.

Жүрегінде тербеліп лағыл арман,
Сағынса да жанымен сағына алған.
Қазақ деген Әміре – Франция,
Аспанында мөлдіреп әні қалған.

Қашқын ғұмыр қажытып сананы езген,
Кеудеден шер-мұң кетпей қара көзден.
Қазақ емей кім еді Құрманғазы,
Күңіренген күй болып дала кезген.

Үміт күтіп үзілмес тұнық таңнан,
Ғаділдікке ат басын бұрып барған.
Қазақ деген – Абай қалың елдің,
Ойлы жыр боп ойына сіңіп қалған.

Тектілігі танылған тұлғасынан,
Айбарынан ай бұғып, шың жасыған.
Хас батырым – Қарасай қазақ деген,
Тұрақ тапқан даңқтың туу басынан.

Шындық шығып биікке аңыз қалып,
Қазақ бүгін жаһанға танылды анық.
Көшіп жүріп көшелі өмір кешіп,
Керегесін кең жайған нағыз халық.

Ауылға хат

Ағыл-тегіл ақ жауын төкпеді ме?
Көктемі кеп «Көшен тал» көктеді ме?
Елеңдеймін ел жақтан хабар күтіп,
Біраз бопты ауылдан кеткеніме.

Сағым көшкен төсінен дархан далам,
Жетік білмей жайыңды жалтаң қағам.
Жуас қалпы жатыр ма жусанды қыр,
Көкем бәйге күреңін арқандаған.

Қара дөңнің құлайтын қақпасынан,
Өшкен жоқ па қара жол шөп тасыған?
Бала біткен балағын түріп алып,
Асық ойнап жүр ме әлі, топтасып-ап?

Талай тойға барған ек бұрын бірге,
Бірін білсем білмеймін бірін мүлде.
Жүрегінде тербетіп сезім әнін,
Көрші қызға көз қадап інім жүр ме?

Батысымда «Сары құмақ» дараланып,
Тұрған болар «Жақай тал» қара бағып.
Сыр бөлісер сыңары су сұлуды,
Сағынып қалған шығар, «Оман арық»

Қайран ауыл, аңсаттың мазаны алып,
Өзіңе арнап әйбат жыр жазам анық.
Әзірге тек, бір барып қайтсам екен,
Азабынан аңсаудың тазаланып.

***

Шыдап бағам салсаң да сынаққа сан,
Сағыныштың боламын жырақтасаң.
Құзырыңа құладым, қалқам, сенің
Құрдымыңа болғаны құлатпасаң.

Сыр ашпасам болмады сыр ашпасам,
Ұнатсаң да өзің біл, ұнатпасаң.
Өтінерім жаралы жүрегіме,
Мұң артпасаң, болғаны жылатпасаң.

Талас қызына

Сағыныш тұнығымды шайқады анық,
Барар ма ек бала күнге қайта оралып.
Бүр жарған кеудемізде пәк сезімді,
Ол кезде екеуміз де байқамадық.

Сызылған сызат түспес әдебіңді,
Аңсаумен аңғал жүрек сан егілді.
Таластың толқын бұрым бойжеткені,
Жолдай жүр, жиі-жиі сәлеміңді.

Жалғасып жатсын еркем, таңдарға әнін,
Басқадан бақыт тауып жанды арманың.
Мен сенің тілекшің боп қалам мәңгі,
Жүрсең де, қай қиырда сау бол, жаным.

Кісілікті көргің келсе елге жүр

Кісілікті көргің келсе елге жүр,
Тазалыққа сенгің келсе, елге жүр.
Қайтқың келмей қалар сосын қалаңа,
Тура солай болары анық көр де тұр.

Қайда жүрсең шығармайтын сені естен,
Қатар-құрбың қарсы алады тең өскен.
Ақсақалы амандасар әуел кеп,
Жол сенікі, төр менікі, деместен.

Сәруәр гүлі секілденген сәуірдің,
Бәрі нұрлы, бәрі жомарт қауымның.
Қонақ кәде жасай алсаң жарадың,
Алты ауызы айтылғанда ауылдың.

Жаңа түскен жас келіншек сәндене,
Сәлем жасар, дір етіп бір жан денең.
Көз алдыңа он сегіз жас елестеп,
Қиялыңда қылаң берер әлдене.

Қадір-құрмет тыйылмайды мұнымен,
Еститінің есті әңгіме түнімен.
Қара шаймен қайтарар деп ойлама,
Дәм татасың семіз шыққан сүріден.

Ешкім саған көрсетпейді ірілік,
Сыпсың-сыпсың сөз етпейді бірігіп.
Төреге ұқсап отырасың төрде сен,
Ақ пейілдің алауына жылынып.

Даттамайды қадіріңді түсіріп,
Мақтамайды әуелете ұшырып.
Осындай-ды мен білетін бір ауыл,
Ауыл деген мен білетін кісілік.

Кісілікті көргің келсе елге жүр!

Ұқсас жаңалықтар