Тайландтың Чиангмей қаласында өтіп жатқан бокстан Азия чемпионаты қазақстандықтар үшін сәтті басталды. Жарыстың алғашқы күндерінде 57 килограмда Оразбек Асылқұлов, 60 килограмм салмақта Бейбарыс Жексен, 67 килограмда Дулат Бекбауов алғашқы жекпе-жектерін жеңіспен бастап, ширек финалға өтті. Жарыстың бірінші күні Дулат Бекбауов тайбейлік боксшыны оңай жеңіп, ширек финал жолдамасын иеленген еді. Оразбек Асылқұлов алғашқы жекпе-жегінде малайзиялық Зулхейлейн Мохамадпен жұдырықтасқан болатын. Қарсыласынан бір бас жоғары өнер көрсеткен отандасымыз екінші раундта Мохамадты нокдаунға да жіберді. Бейбарыс Жексен Азияның екі дүркін чемпионы, өзбек боксшысы Дилшод Абдумуродовты жеңді. Үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілер Бейбарысты мықты деп таныды. Енді ол ширек финалда тәжік боксшысы Акмал Убайдовпен жұдырықтасады.
Жалпы, осы Азия чемпионатында еліміздің құрамасында ерлер арасында 48 килограмда Санжар Тәшкенбай, 51 килограмм салмақта Сәкен Бибосынов, 54 килограмда Махмұд Сабырханұлы, 67 килограмм салмақта Диас Молжігітов те бар.
Тағы бір айта кетерлігі, бұл Азия чемпионатына жамбылдық 5 былғары қолғап шебері қатысып жатыр. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай. Атап айтқанда, ерлер арасында Бейбарыс Жексен, Дулат Бекбауов, Диас Молжігіт, қыздар арасында 48 килограмда Әйгерім Сәттібаева, 54 килограмда Сымбат Әлиасқарова – жамбылдықтар. Осы орайда ерлер құрамасынан Ғани Әшкеев, Нұрлан Ақүрпеков, Нұржан Қоңдыбаев, қыздар арасында Ермек Ертаев, Мейірбек Шеңгелбаев секілді жаттықтырушылардың ерен еңбектерін айта кеткен жөн. Біз Тайландта жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпековпен хабарласқанымызда:
«Мұнда іріктеліп келген Қазақстан бокс құрамасының сапасы жақсы. Әр кездесуге құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов та ерекше мән беріп отыр. Оның ішінде жамбылдықтар да намысты қолдан бере қоймайды деген сеніміміз бар. Арық айтып, семіз шыққан жақсы. Бұйырса, үлкен нәтижелерді көздеп отырмыз. Бес бірдей боксшыны осы жарысқа қолдап жіберген облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов, бокс федерациясының президенті Қуаныш Есмырзаев, «Бокс» клубының президенті Бақтияр Тілегенов секілді азаматтарға алғысымыз мол. Бұйырса, еліміздің құрамасының барлық боксшылары жеңіс жолында аянбай тер төгетін болады», – деді.
Сайдың тасындай іріктелген бокс құрамасына біз де жеңіс тілейміз.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Аймақ абыройын асқақтатқан жампоздар
- 7 қаңтар, 2025
Жуалыда жаңа спорт кешені ашылды
- 30 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Таразда ҚАЖ департаменті жыл қорытындысын жасады
- 16 қаңтар, 2025
Жамбыл облысында 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылды
- 13 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді