Әдеби сыйлықтың марапаттау рәсімі Алматыда өтті. Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, биыл байқауға жеті аталым бойынша 176 шығарма келіп түскен. Жасырын дауыс беру нәтижесі бойынша, тәуелсіз қазылар алқасының шешімімен «Махамбеттің өлім жазасы» романының авторы Бекет Қарашин «Үздік проза» номинациясының жеңімпазы атанды.
«Үздік драматургия» номинациясында ең көп дауыс Думан Рамазанның «Әзірет Сұлтан» пьесасына берілді. «Үздік әдеби аударма» номинациясы бойынша Рауза Мұсабаева «Таң жұлдызы» жұмысымен жеңімпаз атанды. «Үздік балалар әдебиеті» номинациясында Төкен Әлжантегінің «Қызықтың бәрі ауылда» шығармасы үздік деп танылды. Ал, «Үздік әдеби сын» номинациясында Жүсіпбек Қорғасбектің «Сайтанның ойыны» еңбегі марапатқа ие болды. «Үздік комикс» авторы болып Жақсылық Сабитов «Жошы хан» жұмысымен танылды. Ал, жерлесіміз Маралтай Райымбекұлы «Үздік поэзия» аталымының 5 000 000 теңге жүлдесін «Айкөркем» балладасы үшін еншіледі.
Барша лауреаттарды ұлттық байқаудағы жаңа белестерімен құттықтаған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қаламгерлерге әдебиетке деген жанашырлықтары мен ізденістері үшін алғыс білдірді.
– Жыл сайын Жазушылар одағы Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп алматылық 400 қаламгерге, Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп астаналық 80 қаламгерге қала әкімдерінің гранттары табысталуда. Министрлік кітап саласында да жүйелі жұмысты жалғастырып келеді. Мәселен, биыл қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді сатып алу бағдарламасы бойынша 52 авторға қаламақы төленді. Жаңа кітаптар алдағы жылы көпшілік оқырманға жол тартады. Ал, қайта басып шығару бағдарламасы бойынша 2023 жылы 134 кітап жарық көрсе, биыл жыл соңына дейін 189 жаңа кітап ел кітапханаларына таратылмақ, – деді Аида Балаева.
Айта кету керек, биыл елімізде әдебиет пен қаламгерлерді қолдау бойынша көптеген ілкімді істер атқарылуда. Мәселен, жас қаламгерлерге арналған Президенттік арнаулы әдеби сыйлық, Мәдениетаралық және этносаралық бірлікті нығайтуға арналған әдебиет саласындағы сыйлық, «Дарын» секілді бірқатар сыйлықтар мен байқаулар ұйымдастырылып келеді. Одан бөлек, биыл Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанынан жас жазушыларға арналған «Алқа» әдеби клубы құрылды. Жас жазушылар Ілияс Жансүгіровтің 130 жылдығы және Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған әдеби тур өткізді.
Өз кезегінде біздер әдебиетте кесек дүниелерді өндірте жазып жүрген Маралтай Райымбекұлын аталған ұлттық сыйлықтың жүлделі тұғырынан көрінуімен шын жүректен құттықтаймыз. «Túrkistan» халықаралық саяси апталығының бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы ақын туралы өз парақшасында: «Маралтайдың қазір дер шағы. Тұяғымен жер тарпып, арқырап, азынап тұр. Кесек дүниелерге бет бұрды. «Аруанасы» Алашты дүр сілкіндіріп еді. Жошы хан туралы жазылған «Оң қолы» да санамызды сілкіп алды» деп жазды. Біздер де жамбылдық шайырдың шығармашылығындағы бүгінгі бұлқынысына тәнті болып, қаламының арыны тоқтамасын деп тілек білдіреміз.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді