«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Су саясаты сараланған саммит

Су саясаты сараланған саммит
Ашық дереккөз
3 желтоқсанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясына жұмыс сапарымен барды. Ақорданың Telegram-дағы ресми арнасының хабарлауынша, Мемлекет басшысы Араб түбегінде орналасқан мемлекетке One Water саммитіне қатысу үшін келген. Халықаралық форум Қазақстан мен Францияның төрағалығымен, Сауд Арабиясы және Дүниежүзілік банк тобының қолдауымен өтті. Саммиттің мақсаты – БҰҰ-ның 2026 жылы өтетін су жөніндегі келесі конференциясына дайындық кезеңі аясында шешімдер инкубаторы ретінде әрекет ету. Сонымен қатар, Президент Эр-Рияд қаласында бірқатар кездесу өткізді.

Судың да сұрауы бар...

Эр-Рияд қаласында өткен One Water саммитінде су тапшылығы мен құрғақшылық тақырыбы талқыланды. Жиында тағы қандай мәселелер көтерілді, өңірдегі тіршілік көзінің қазіргі жағдайы қандай десек, негізі саммитте төрт мәселеге басымдық берілді. Мәселен, кейінгі жылдары ысырапшылдық пен немқұрайлықтың кесірі күллі адамзатқа тие бастағаны белгілі. Ең сорақысы, сарапшылар мұны үлкен апаттың басы ғана деп отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сенсек, 2030 жылы су тапшылығы 40 пайызға жетеді. Ал, Қазақстанда бұл көрсеткіш 15 пайыздан асуы мүмкін. Мәселе ушықпай тұрып, тіршілік нәрін тең бөліп, тиімді пайдалануды шешу керек. Саммит тұғырында Қазақстанның тұрғаны осыдан.

Француз даму агенттігі сумен жабдықтау және санитария бөлімінің басшысы Лионель Гужонның айтуынша, бұл саммиттің мақсаты – су ресурстарын басқаруды жоғары саяси деңгейге шығару.

Бұл секторға саясат көп араласпайды, ұзақ уақыт бойы БҰҰ деңгейінде пікірталас болған жоқ. Сол үшін мемлекет басшылары деңгейінде келіссөздер керек.

Тіршілік көзін тұтынушылар көбейсе, тапшылық ушығатыны айтпаса да түсінікті. Бірақ, біздің өңірде су үшін келіспеушілік қазірден бар. БҰҰ Қазақстанның су тапшылығын сезініп отырғанын және 2040 жылға қарай тапшылық ағымдағы тұтынудың 50 пайызына жетуі мүмкін екенін мәлімдеді. Оның үстіне шаруалар пайдаланатын судың 40 пайызы трансшекаралық өзенге тиесілі. Саммитте бұл мәселе де көтерілді, нақты шешімдер де ұсынылды.

«Орталық Азия қазір үлкен трансформациялық процестерді бастан кешуде. Демографиялық өсім барлық ресурсқа үлкен жүктеме болады. Әсіресе, суға сұраныс көбейеді. Тіршілік нәрін тиімді пайдалану мәселесі әлем үшін өзекті. Біздің Орталық Азия үшін Парсы шығанағы елдерімен су саясатын жүргізу маңызды және бұл бағытта атқарылып жатқан шаруа көп екенін көріп отырмыз. Дүниежүзілік банктың сараптамасына сәйкес, Орталық Азия елдері суды тиімсіз қолданудың кесірінен жылына 4,5 миллиард доллардан қағылады. Қазақстанның да жоғалтатыны аз емес екен. Қазіргі уақытта елімізде 100-ден астам су бекеттері жөнделіп, қалпына келтірілді, 700 километрден астам каналдар тазартылды. Оған қоса, 1 мыңнан астам су құрылыстары аттестаттаудан өтіп, 11 өңірде 98 гидротехникалық құрылыс жөнделген. Бірақ мұның өзі жеткіліксіз. Сол үшін саммиттен күтетініміз көп. Соның бірі – Франция бастамасымен қолға алынған ауқымды челледжге қосылу», – дейді сарапшы Мирас Жиенбаев.

Расында да, тіршілік нәрінің қауіпсіздігі – күллі әлемге ортақ сынақ. Мәселен, ресми ақпаратқа сүйенсек, әлемде 2030 жылға дейін 300 мың шақырым өзен мен 350 миллион гектар жердегі сулы батпақты жерлерді қалпына келтіру көзделіп отыр. Қазақстан да су дипломатиясына ерекше мән береді және осы мақсаттарға жетуге өз үлесін қосуға дайын. Еліміз үшін басты бағыттың бірі – Арал теңізі мен Балқаш көлін қалпына келтіру жұмыстары. Айта кетсек, саммит аясында Балқаш көлін сақтау үшін Франциямен бірлесіп 2 келісімге қол қойылды. Жалпы, Сауд Арабиясында өткен саммит саладағы серіктестікке серпін бермек. Бұл жиын 2026 жылы өтетін Су жөніндегі конференцияға дайындық. Жиында трансшекаралық сулар және тұщы су экожүйелері бойынша ынтымақтастық, саладағы техникалық шешімдер талқыланды. Сондай-ақ, су және санитария секторларында қаржыландыру мен судың өндірістегі рөлі қаралды.

Қазақстан судың қадірін анық сезінеді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев One Water саммитінің ашылу салтанатында сөз сөйлеп, бірнеше мәселе көтерді. Мемлекет басшысы мұздықтарды қорғау мен зерттеуге арналған жаһандық орталықтарды біріктіретін серіктестік құруды ұсынып, су қауіпсіздігі орнықты дамудың, экономикалық өрлеудің және қоршаған ортаны қорғаудың негізі болып саналатынын атап өтті.

«Әлемде 2 миллиардтан астам адам сапалы ауыз суға жарымай отыр, ал 4 миллиардтан астам халық су тапшылығына ұшырады. Адамзаттың орнықты келешегін қамтамасыз ету үшін әлем елдері қазіргі сын-қатерлерге қарсы ортақ үн қатуы қажет. Орайлы сәтті пайдалана отырып, су тапшылығымен бетпе-бет келген елдер мен өңірлердің барлығына көмек көрсету жоспарын жариялағаны үшін Жоғары Мәртебелі Корольге шынайы ризашылығымды білдіремін. Жер аумағы көлемді және теңізге шығатын жолы жоқ ел ретінде Қазақстан судың қадірін анық сезінеді. Су – таусылмайтын ресурс емес. Мұны өз басымыздан өткерген жағдайдан білеміз. Судың да сұрауы бар. Оны үнемдеп пайдалану керек. Сонда ғана адамзат өркендеу жолына түседі», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған шараларды бірлесіп қабылдауға шақырды.

«Барша адамзат, әсіресе шалғайда тіршілік етіп жатқан тұрғындар мен халықтардың осал тобы санитарлық талаптарға сай келетін таза ауыз суға қол жеткізуге тиіс. Бұл – олардың құқы. Климат пен су инфрақұрылымына арналған мақсатты инвестициялар су көзімен қамтамасыз етіп, орнықты өсімге септігін тигізеді. Осы арқылы тұтас өңірлер өркендейді. Қазақстанның таза ауыз суға жаппай қол жеткізуді көздейтін Freshwater Challenge жаһандық бастамасына қосылуы еліміздің осы мақсатқа жетуге бейіл екенін растайды», – деді Президент.

Мемлекет басшысының пікірінше, су көздерін өнеркәсіптік, химиялық, ауылшаруашылық және тұрмыстық ластанудан қорғау ісінде технологиялық инновациялар мен реттеу тетіктерін қолдану қажет. Судан таршылық көрмеудің маңызды аспектілерінің бірі – су қоймаларының әлеуетін арттыру, мұздықтарды сақтау, суарудың инновациялық жүйесін енгізу. Қасым-Жомарт Тоқаев мұздықтарды қорғау мен зерттеуге арналған жаһандық орталықтарды біріктіретін серіктестік құруды ұсынды.

«Мұздықтар су алмасу циклінде айрықша рөл атқарады. Олар дүние жүзіндегі 2 миллиардқа жуық адамды сумен қамтамасыз ететін өзен-көлдерді қоректендіреді. Сондықтан, мұздықтардың еруіне жол бермей, тіршілік нәріне мұқтаж өңірлердегі су ресурстарын басқару стратегиясын қолдау үшін бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бірыңғай су саясатын әзірлеген жөн», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев суға байланысты туындайтын табиғат апаттарының алдын алу су қауіпсіздігінің маңызды бөлігі саналатынына назар аударды. Жыл сайын су тасқыны мен қуаңшылықтан әлемде 1,5 миллиардтан астам адам зардап шегеді. Әсіресе, бұл шағын аралдар мен жағалауда тұратын халықтың әлсіз топтарына қатты әсер етеді. Президент азаматтарды қорғау және қауіп-қатерді азайту мақсатында ерте сақтандыру жүйесін жетілдіру өте өзекті деп санайды.

Мемлекет басшысы су тапшылығы азық-түлік және энергетика қауіпсіздігіне, өнеркәсіп өсіміне қауіп төндіретінін айтты. Президенттің пікірінше, ауыл шаруашылығындағы су үнемдеуге және энергияның жаңартылатын көздерін дамытуға салған стратегиялық инвестициялар экономика тұрақтылығын арттырып қана қоймай, қоршаған ортаға қысымды төмендетеді.

«Суда шекара болмайды. Ол қоғамдастықтар мен экожүйелерді байланыстырады. Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағасы ретінде аймақтық ынтымақтастық пен бірлескен іс-қимылдың ілгерілеуіне қолдау көрсетеді. Біздің ойымызша, климаттың өзгеруімен күрестің алдыңғы шебінде жүрген мемлекеттердің диалогты жандандырып, халықаралық ықпалдастықты дамытуы және суға қатысты жобаларды жүзеге асыру үшін ресурстарын жұмылдыруы өте өзекті. Осы мақсатқа сәйкес, Қазақстан бүгін жаһандық су дағдарысын шешуге мүдделі тараптарды біріктіретін және су ресурстарын басқару ісінде жаңашылдықты жақтайтын One Water Vision коалициясына ерекше ықыласпен қосылды. Еліміз 2026 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Өңірлік климат конференциясын өткізеді», – деді Президент.

Мемлекет басшысы 2030 жылға дейінгі орнықты даму саласындағы жаһандық басымдықтардың бірі су ресурстары екенін еске салды.

«Су қауіпсіздігі – жай ғана техникалық немесе экологиялық мәселе емес, бұл моральдық императив. Су қауіпсіздігі проблемасын шешу One Water қағидаты аясындағы көпжақты диалогты дамытуды талап етеді. Қазақстан су ресурстарын жаһандық ауқымда басқару ісін нығайтуды көздейтін осы ұжымдық әрекетке өз үлесін қосуға дайын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Саммитте Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, Премьер-министрі Мұхаммед бен Салман Әл Сауд, Франция Президенті Эмманюэль Макрон, Дүниежүзілік банк тобының президенті Аджай Банга, Су ресурстары экономикасы жөніндегі жаһандық комиссияның тең төрағасы (GCEW) Йохан Рокстрем, сондай-ақ басқа да елдердің басшылары, халықаралық ұйымдардың, қауымдастықтар мен компаниялардың жетекшілері сөз сөйледі.

Саммит аясындағы келелі кездесулер

Дүниежүзілік банк көлік жолдарының орнықтылығы мен байланысын жетілдіру бағдарламасы шеңберінде қазақстандық жобаға 650 миллион АҚШ долларын бөледі. Қаржы институты өзге де ірі жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Бұл туралы Сауд Арабиясында өткен One Water саммиті аясында Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен Дүниежүзілік банк тобының президенті Аджай Банга мәлімдеді.

Басқосуда еліміздің Дүниежүзілік банкпен стратегиялық серіктестігінің мәнін ерекше атап өткен Мемлекет басшысы Орта дәлізді дамытуға, атап айтқанда, Жезқазған – Қарағанды автомагистралінің құрылысына салынатын инвестицияның маңызына назар аударып, банктің шешімін құптады. Ал, Аджай Банга Дүниежүзілік банктің Қазақстанмен арадағы ықпалдастық деңгейіне жоғары баға беріп, өзара тиімді байланысты бекітуге дайын екенін растады. Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен жұмыстың ұзақмерзімді перспективасын айқындау үшін Аджай Банганы Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Айта кетейік, бүгінде елімізде қаржы институтымен бірлесе су ресурстары, көлік және білім беру салаларында жалпы құны 3,5 миллиард доллар болатын бес ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.

Сауд Арабиясының Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Саудпен кездескен Мемлекет басшысы Қазақстан мен Францияның төрағалығымен өтіп жатқан саммит әлемдегі экологиялық күн тәртібін ілгерілетуге елеулі үлес қосатынына сенім білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қазақстан мен Сауд Арабиясының арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, осы кезеңде екі ел арасында сенімді саяси диалог жолға қойылып, берік құқықтық база қалыптасты. Сондай-ақ, бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асты. Кездесу барысында энергетика, мұнай-газ өнеркәсібі, көлік-логистика салаларындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.

Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд Қазақстанды Сауд Арабиясының Орталық Азиядағы маңызды серіктесі деп атады. Премьер-министрдің пікірінше, екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарын қарқынды түрде дамытуға мол мүмкіндік бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев Рияд қаласында өтіп жатқан One Water саммиті аясында Франция Президенті Эмманюэль Макронмен кездесті. Мемлекет басшысы қазақ-француз қарым-қатынастарын берік стратегиялық серіктестік деңгейіне жеткізу үшін Парижде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың маңызды екенін атап өтті.

«Келіссөздердің қорытындысына және тиісті құжаттарға қол қойылғанына көңілім толды. Францияға мемлекеттік сапарым ұзақмерзімді экономикалық өсімге және елдеріміз арасындағы байланысты нығайтуға жасалған маңызды қадам болды. Бірнеше аптадан кейін-ақ түрлі бағыттағы негізгі келісімдердің жүзеге асып, нақты нәтиже бере бастағаны қуантады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Эмманюэль Макрон Қазақстан мен Франция арасындағы ықпалдастықтың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, климаттың өзгеруіне қарсы күрес және «жасыл» экономиканы дамыту секторларында күш біріктірудің мәні зор екенін жеткізді. Тараптар энергия тиімділігі, таза технологиялар, су ресурстарын басқару, инновациялар, деректер алмасу және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты жандандыру перспективаларын талқылады.

Айта кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев бірер күн бұрын Ақордада Президент кеңесшісі – Халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкіл Зүлфия Сүлейменованы қабылдаған болатын. Өткен және алдағы халықаралық шараларды талқылаған қабылдауда Мемлекет басшысына 3 желтоқсан күні Эр-Рияд қаласында өтетін One Water Summit халықаралық іс-шарасына әзірлік барысы баяндалып, Президент Зүлфия Сүлейменоваға Қазақстанның экология, су ресурстары әрі биоалуантүрлілікті сақтау бағытындағы бастамаларын сапалы іске асыруды тапсырды.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар