«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өңірдің өркендеуіне өзек болған өндіріс ошағы

Өңірдің өркендеуіне өзек болған өндіріс ошағы
Ашық дереккөз
Биыл Жамбыл облысы үшін ерекше жыл. Киелі құт дарыған өлкенің облыс болып құрылғанына 85 жыл толып отыр. Әр аймақ өзіндік қалыптасу, даму кезеңдері мен қарыштау сәттерін басынан өткізеді. Жамбыл облысы да бұл жолдан өтті. Облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Сара Мадиеваның айтуынша, облыстың құрылуы өңірде химия өндірісін дамыту мақсатында болғандығы анық. Оған Қаратау баурайынан әлемдегі ең ірі фосфор кені табылуы себеп болса керек.

– 1939 жылдың соңына таман шаңырақ көтерген облыстың алдында қыруар міндет күтіп тұрды. Сол тұста орыс ғалымы, геолог И.Машкара Қаратауда әлемдегі ең ірі фосфор кенінің бар екендігін анықтаса, П.Безруков Қаратау жоталарының 45 жерінен қоры 1,5 миллиард тонна болатын фосфор кенін барлап, толық сараптамасын шығарғаннан кейін мол байлықты игеру туралы шешім қабылданыпты. Сөйтіп, химия өндірісінің дамуы Жамбыл өңірінің экономикасының дамуына сеп болды. Химия кен орындары негізінен Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумағында орналасқан. 1944 жылы сәуірде Қаратау тау-кен комбинаты құрылысының алғашқы кезегі салынып, 1946 жылдың Қаратау кен-химия комбинатының алғашқы кезегі іске қосылды. Осы сәттен бастап облыс ірі химия өндірісінің орталығына айналды, – дейді Сара Мадиева.

Сөйтіп, бұл іске одақ басшылары химия өнеркәсібінің өңдеуші және ауыр өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын дамытудағы рөліне де айрықша мән бере отырып кіріскен еді. Геологиялық барлау жұмыстарының қорытындысы Жамбыл облысы аумағындағы фосфор кені жөнінен одақтас елдер арасында екінші орынға ие болатындығын көрсетті. Әсіресе Шолақтау, Ақсай, Жаңатас, Көкжон, Көксу, Тесіктас аталатын кен орындарындағы фосфор кенінің құнарлығы өте жоғары бағаланған. Мәліметтер Көкжон кен орнында 171 миллион тонна фосфор кені барланғанын растайды. Сол секілді, мамандар Ақсай кен орнынан жылына 2 миллион тонна, Жаңатастан 900 мың тонна, Шолақтаудан 800 мың тонна кен өндіруге болады деп баға берген.

Қазақстанның Еңбек Ері, Парламент Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіровтің айтуынша, облысымыздағы химия өндірісі 1947 жылдың 6 ақпанында Қаратау кен-химия комбинатының бірінші кезегі пайдалануға берілген сәттен бастау алған. Ұзақ жылдар материалдық-техникалық базасын жетілдіру ісінде ірілі-ұсақты кедергілерге тап болып, комбинат құрылысы үш кезеңге созылған Ақсай кеніші 1962 жылы игеріле бастаса, 1963 жылы Қаратау кен байыту фабрикасы іске қосылыпты. Ал, 1968 жылы 28 желтоқсанда Ленин комсомолы атындағы Қоссуперфосфат зауыты пайдалануға берілсе, зауыттағы алғашқы өнім 1969 жылдың мамыр айында шыққан. Арада 10 жыл өткен соң мұнда «Жаңа Жамбыл фосфор» зауыты құрылады. Өз кезегінде бұл кәсіпорын әлем тарихында тұңғыш рет агломераттан сары фосфор өндірді.

– Жамбыл облысының химия өнеркәсібінің отаны ретінде танылуы өңір экономикасына зор әсер етіп қана қоймай, қала мәдениетінің дамуына, әлеуметтік нысандардың, тұрғын үйлердің көптеп бой көтеруіне де ықпал етті. Осының аясында Тараз қаласы ғана емес, осыдан 50 жыл бұрын іргетасы қаланған Жаңатас қаласы, Қаратау қаласы дәл осы өндіріс ошақтарында жұмысқа тартылған жұмысшыларға арналып салынған еді. Одан кейінгі бұл өндіріс ошағы тәуелсіздіктің елең-алаңында қиын кезеңдерді бастан өткеріп, жабылып қалу қаупінен өтті. 1999 жылы «Қазфосфат» ЖШС құрылып, зауыт тамырына қайта қан жүгірді. Қазір Жамбыл өлкесі әлемге жоғары сапалы фосфор өндірумен танымал. Бүгінгі күні «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – фосфаттар шығарудан бастап, оның тасымалын өзі ұйымдастырып, өнімдерін Шығыс және Батыс Еуропаға, ТМД елдеріне, Қытай, АҚШ пен Үндістан нарығына шығарып келеді. Бір сөзбен айтқанда, серіктестік ТМД елдері арасында және Қазақстанда фосфорлы өнімдер өндіретін жетекші кәсіпорын болып табылады. Осылайша ол Қазақстанның химия саласын дамытуға, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті сапалы өнім шығаруға, шикізат өңдеуші және жоғары технологиялық тауарлар өткеруші ретінде қалыптасуда, – дейді Мұқаш Ескендіров.

Облысымыздың тұмса табиғаты түрлі пайдалы қазбаларға бай. Мұнда фосфор көзі болып табылатын фосфоритті жыныстың үлкен қабаттары қатталып жатыр. Қаратау жоталарының бойындағы құнарлы тастың бірегей кен орындары кеңес заманында химия өнеркәсібінің қарқынды дамуына себеп болды. «Жаңа Жамбыл фосфор» зауыты «Қазфосфат» ЖШС-ның құрамына кіретін ең ірі филиалы, сары фосфор мен құрамында фосфоры бар өнімдер: термиялық ортофосфор қышқылын, натрий үшполифосфатын, натрий гексаметафосфатын, феррофосфор, түйіршіктелген қож шығаратын химиялық зауыт. Зауыт Тараз қаласының шекарасынан солтүстік-батысқа қарай 15 километр қашықтықта «Кіші Қаратау» жотасының Үлкен Бурыл сілемінің терістік етегіне орналасқан. Зауыттың жалпы аумағы – 644,75 гектар. Зауыт өндірісі үздіксіз жұмыс істейді.

«Жаңа Жамбыл фосфор» зауытын 1971-1975 жылдары салып біту белгіленген болатын. Ал, соғу алаңы 1970 жылы анықталған еді. Зауыт жобасын (ЛенНИИГипрохим) Ленинград ғылыми-зерттеу және жобалау институты жасаған. Сондай-ақ, болашақ зауыттың жобалауына сол тұстағы «Проектстальконструкция», «Ленстройпромпроект», «Гипрогазоочистка», «ВНИИгаздобыча», «ВНИИЭТО», Қазақстандық «ПромтрансНИИпроект», «Водоканалпроект» сияқты жобалау институттары да қатыстырылған. Сөйтіп 1978 жылы 27 желтоқсанда Мемлекеттік қабылдау комиссиясы зауыттың бірінші кезектегі кешенін іске қосу актісіне қол қойды.

ЖЖФЗ да тоқырау заманында көптеген қиындықтарды басынан өткерді, соған қарамастан аяғына қайта нық тұра білді. Бұл зауыт – бұрынғы КСРО және бүкіл Еуропа аумағында сары фосфор өндіретін жалғыз кәсіпорын. Осы күнге дейін зауыт өңіріміздің мыңдаған тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде зауыт ардагерлерінің бастаған ісін олардың ұлдары мен немерелері жалғастыруда.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар