Қоғамда әрбір адамның мешітпен байланысы бар. Мейлі ата-әжесіне Құран оқытса да, мейлі жайсыз түс көрсе де, жолы болмай кетсе де мешітке бас сұғады. Бұл күн сайын бес уақыт құлшылығы жоқ кісілердің де Жаратушыға деген сенімі. Мешіт имамдары өздерін іздеп барған кез келген кісіні жылы қабылдап, оларға жақсы сөйлеп, өтініштерін орындап жатады. Тіпті, мешітке келген қадамдарына қанша сауап жазылатынын айтып, сәждеге бас қоя алмай жүргендерге ой салып, қатайған жүректерді жібітуге ұмтылады. Яғни, мешіт қызметкері қатардағы тұрғындарды қабылдаған кезде даналық танытады. Олардың қарапайым адамдардан айырмашылығы да міне осы тұста болса керек. Келген әр кісінің мешіт жұмысына, имамдарға деген көзқарастары оң болып қайтса, онда жұмыстың жеміс бергені.
Күнделікті өмірде адамдар қарбаласпен жүргенімен, қиналған шағында мешітті іздейді. Өмірде тұрғындардың рухани мәселесі өте көп. Біреу отбасымен түсінісе алмайды, біреу ағайындарымен араз. Түрлі сырқатқа ұшыраған кісілерді де төрт құбыласы түгел жандар деп айту қиын. Сондықтан имандылық ордасы саналған мешіттерде сауатты кісілердің имам болғаны өте маңызды.
Ұзақ жыл ислам дініне қызмет етіп келе жатқан Жуалы ауданындағы «Жуалы» мешітінің бас имамы Сейітқазы Медетбек:
«Ислам діні барша мұсылманға ортақ болғанымен, таңдау жасау адамдардың өз еркінде. Дінде зорлық жоқ. Шариғаттың көпке үлгі болар тұстары мол. Жаратушыны толық таныған кісілердің әлемдердің әміршісінен алатын сыйы мен нығметі, көрер жақсылығы өте мол. Адамдар өмірде қиналған кезінде бірден Алланы есіне алып, мешітті іздейтіні де бекер емес шығар. Осы тұста бір оқиға ойыма оралады. Тараз қаласындағы мешіттердің бірінде бас имам болып жүрген кезім еді. Жалпы, көпшілік пен жастар үшін сауат ашу курсын ашқан едік. Бір жолы жасы жетпістен асқан ақсақал келіп, екі жиенін маған сауат ашу курсынан дәріс беріңіз деп тапсырды. Екеуі де ұл бала. Сөйтсем, жақын күндерде қызы екі ұлымен ажырасып, төркін жағына қайтқан екен. Әлгі екі жиен сол қызының балалары. Бұл жерден нені ұғымыз? Ақсақал екі жиенін болашақта имам болып кетсін деген оймен әкеліп тұрған жоқ. Ұл балалар болған соң алаңдап, жақсы тәрбие алса екен, имандылыққа қарай қадам басса екен деп әкеліп тұр. Бәрі ниетке байланысты ғой, ақсақалдың жиендері сабаққа зерек болды. Осы жағдай есімнен кетпейді. Арада ұзақ жылдар өтті. Қазір ол ақсақал өмірде жоқ. Бірақ, әлгі екі жиені қоғамнан өз жолдарын тауыпты. Үлкені төрт тілде еркін сөйлейтін, Алматыда магистратура бітірген үздік маманға айналса, кішісі де электр жөндеуші мамандығын меңгеріпті. Ең бастысы, бұзақылыққа салынып, теріс жолға түсіп кеткен жоқ. Ақсақалдың жеңісі де осы. Әр кісі өз ұрпағына осылай алаңдаса, осылай назар аударса, көңіл бөлсе, қоғам басқаша дамитын еді. Ал, көп жерде қиын жағдайға ұшырап қалған қызбен әкесі сөйлескісі де келмейді. Ашуланып, аулақ жүруін өтінеді. Өзі қиналып жүрген қыздар одан да қиын жағдайларға тап бола береді. Әр адамның ұл-қызына, ұрпақтарына көңіл бөлуі, алаңдауы – басты міндеті. Шариғат та ата-анаға өз перзентіне дұрыс тәрбие беруді және киіндіріп, ішіндіруді міндеттейді», – деді.
Біз де көпшілік кейде ауыл имамдарын жұма намаз өткізетін және әр үйге кіріп Құран бағыштайтын кісі ретінде ғана қабылдайды. Бір қараған кісіге ауыл молдалары солай көрінетіні де рас. Бірақ ауыл тұрғындарына діни тұрғыдан тәрбие беретіндер де, елді мекендерге жақсылықтың дәнін тарататындар да – имамдар. Оны естен шығармаған жөн. Жақында өзім туып-өскен ауылдағы жұма намазға қатысып қалдым. Сонда байқағаным, жамағаттың жартысы бұрын мешітпен байланысқан, жұма намаздан қалмаған кісілердің ұлдары мен немерелері. Бұл нені көрсетеді? «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, отбасы мен әулетте болған тәрбие қанша жылдар өткеннен кейін болса да жемісін береді. Осыны баршамызға түсінетін мезгіл жетті. Бүгінгі жастар арасындағы қатыгездік пен бұзақылықтың себептері де осы жас ұрпақ тәрбиесіне өз деңгейінде мән бермеуімізде жатқан сияқты. Ал ең асыл жол – ізгілік жолы.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Адал еңбекті ту еткен арда азамат
- 28 қараша, 2024
Әскери-патриоттық тәрбие қашанда қажет
- 28 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді